Білім

Сабаққа кешіккен оқушыларды директор мектепке кіргізбей қойды (видео)

Ержан ШАЙЖАН

Видеодан кадр

Алматыдағы №15 мектеп-гимназияның директоры сабаққа кешіккендерді мектепке кіргізбей қойды. Оқушылар 1 сағат бойы далада тұрған.

Директордың бұл әрекетін құптап жатқандар көп, деп хабарлайды Экспресс К.

Бір топ оқушының мектеп сыртында тұрған видеосы Instagram-дағы krispi_almaty парақшасында жарияланды. Онда №15 гимназияда білім алып жатқандар сабаққа кешігіп келгені айтылады. Осы әрекеттері үшін оларды мектеп директоры ішке кіргізбей қойыпты. Осылайша олар далада 1 сағат бойы тұрған. Мектеп басшысының бұл әрекетін қолдап отырғандар және керісінше сынап жатқандар да бар.

"Кезінде бізді де осылай жазалайтын. Дала жылы. Қыс болса, бір сәрі еді. Директордыкі орынды", "Сабаққа кешікпесін. Қазір ата-аналар әбден балаларын өбектеп алған. Ұстаздың абыройы қалмады", "Тәрбие болмаса, білім де болмайды. Қазіргі балалар ұстазды сыйлауды қойды", "Директордыкі дұрыс емес. Жұмысынан кетіру керек", "Балаларға сабақ болсын деп істеген шығар", — деп түрлі пікір қалдырды желі қолданушылары.

Ғаламторда тарап кеткен бейнежазбаға қатысты №15 мектеп-гимназияның директоры Бұлбұл Расбекқызы жауап берді. Оның айтуынша, мұндай қадамға ол оқушыларды тәртіпке баулу бағытында барған.

"Түнімен бала телефонда отырады, ата-аналар қадағаламайды. Келгісі келгенде келіп, келгісі келмесе кететін бұл кіріп-шығып жүре беретін жер емес. Бұл — білім мекемесі. 56 бала кешікті ме, олардың біреуінің ата-анасы маған келіп, ренішін айтқан жоқ. Өйткені талапты жақсы біледі. Менде 89 сынып бар. Соған менде жеке-жеке чат бар. 2000-нан астам ата-анаға мен 24 сағат ашықпын. Балаға "тәк" деген болу керек, бетімен жібермеу керек. Әл-Фараби бабамыз "Тәрбиесіз берген білім — адамзаттың қас жауы" — деген. Ата-анасын тыңдамайды қазіргі балалар. Үлкенді сыйлауға, тәртіпке үйретпесек, ертең қоғам қандай болады? Соны ойлауымыз керек. Бізде тәртіп, талап қатал. Соның арқасында біздің мектеп Алматыдағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі", — деді Бұлбұл Расбекқызы.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров