Үй

"Құжатымызды құшақтап ұйықтаймыз". Индерліктер апатты үйлерінде үреймен отыр

Фархат ӘБІЛОВ

©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ

Атырау облысы Индер ауданында құлағалы тұрған екі қатарлы жеті апатты үйде 40-тан астам отбасы тұрып жатыр.

Олар мұнайлы облыста тұрса да, жарты қабырғасы құлап, едені жоқ үйде тұрғандарына налиды, деп хабарлайды Экспресс К.

Кезінде Қазақстанға ас тұзымен, кейін мың түрлі дертке дауа тұзды шахталарымен танымал болған Индерде 30 мыңнан астам тұрғын тұрады. Кенттің орталығында орналасқан екі қатарлы сегіз пәтерлі үйлер 65 жыл бұрын салынып, бүгін де тозығы жеткен. Қабырғасы құлайын деп тұр, еден сынып, астына су жиналған, төбеден аққан жаңбыр суы пәтерді лашыққа айналдырған. Дәл осындай тозығы жеткен жеті үй бар.

©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ
©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ

"Фундемент жыл сайын отырып жатыр. Сондықтан терезе шытынап, тас үгітіліп жатыр. Жыл сайын жөндеп жатамыз, бірақ ұзаққа шыдамайды. Бір жаңбыр жауса үйіміз суға кетеді. Қар жауса, киіммен ұйықтаймыз. Әкімдікке бірнеше рет айттық. Олар бізге үй қарастырылмағанын айтып, шығарып салды", — дейді тұрғын Гүлзада Нұршәрипова.

Әбден тозығы жеткен үйде жас отбасы Жадыра Сабирова тұрады. Оның айтуынша, жолдасы вахтаға кеткенде, қолына құжаттарын алып ұйықтайды. Алда-жалда үй опырылып кетсе, денелерін тапқан кезде, кім екенін бірден анықтау үшін.

©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ
©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ

Иә, құжаттарыммен ұйықтаймын. Киімдерімді де жинап қойдым. Кез-келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Бірнеше рет әкімдікке айттық. Бірақ олар ештеңе істей алмаймыз деп отыр,

— дейді Жадыра Сабирова.

2019 жылы бұл үйлерді арнайы комиссия апатты деп таныған. Бірақ одан бері ештеңе өзгермеген. Тұрғындардың лашыққа айналған үйлерін облыс әкімі де көрген. Бірақ "Өздерің үй салып алыңдар" деп шығарып салған.

©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ
©ЭК/Айтуған ҚАЗБЕКҰЛЫ

Өзіміз үй сала алатын болсақ, онда әкімдікке не үшін бардық? 2025 жылға дейін үй берілмесе, одан кейін берілетіндігіне кім кепіл? Мұнайлы облыста осындай үйде адамдар тұратындығына кім сенеді? Мұнайдан түскен ақшаға бірнеше үй салуға болмайды ма?

— дейді тұрғындар.

Индер ауданы әкімдігіндегілердің айтуынша, тұрғындарды жаңа үйге көшіруге қаржы жоқ.

Біз бірнеше рет облыс бюджетінен қаржы сұраттық. Бірақ берілмеді. Сол себепті апатты үйде тұрып жатқан тұрғындарға қашан үй берілетінін айта алмаймын,

— дейді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Иманғазиев.

Әзірше мұнайлы облыстың тұрғындарына ұйықтар алдында дұғаларын оқып, құжаттарын құшақтап жатуына тура келеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров