Кино

Тұңғышбай Жаманқұлов: "Кино түсіруге ақша жоқ деп қолды байлап отыр"

Лаура БИҒАЛИ

Тұңғышбай Жаманқұлов/©ЭК/Андрей ХАЛИН

Бүгін "Ұлттық кинематографиялық өнер жəне ғылым академиясы" қоғамдық бірлестігінің жиналысы өтті. Бірлестік мүшелері мәдениет министрлігіне 2015 жылы қабылданған заңға өзгеріс енгізуін талап етіп отыр.

Актерлер мен кинорежиссерлердің талаптарын Экспресс К тілшісі де тыңдап қайтты.

Тұңғышбай Жаманқұлов/©ЭК/Андрей ХАЛИНТұңғышбай Жаманқұлов/©ЭК/Андрей ХАЛИН
Тұңғышбай Жаманқұлов/©ЭК/Андрей ХАЛИН

Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың айтуынша, биыл киноны қолдау қорына мемлекет бюджетінен 14 миллиард теңге бөлінген. Алайда қазіргі таңда соның тек 4 миллиард теңгесі ғана қалған. Енді кинорежиссерлер қазақша фильм түсірейін десе, мәдениет министрлігіне қарасты қор басшылары "ақша жоқ, не істесең — соны істе" деп құрқол қайтаратын көрінеді.

©ЭК/Андрей ХАЛИН©ЭК/Андрей ХАЛИН
©ЭК/Андрей ХАЛИН

"Үкіметтің берген ақшасын қор басшылары жеткізе алмай әлек болып отыр. Жылдың басында 14 миллард теңге бөлінген. Қазір соның 4 миллиарды қалды деп естідім. Осыған "көнбесең де көн" деген әңгіме жоғары жақтан келіп жатыр. Оның бәрін түсінеміз. Бюджетте ақша аз шығар. Бірақ бай мемлекетпіз деп шіренудің не қажеті бар? Өнердің ақшасын санап, өнердің ақшасын шөміштен қысып, өнерге ақша бергенде қиналып бөлетін мынау қаржы министрлігіне айтатын уәжім бар. Олар өнерді базардағы алып сатарлық сияқты ойлайды. "Ақша бердік, ал сен соны қайтар", дейді. Бұл дұрыс емес. Өнердің ақшасы қайтпайды. Оның ақшасы бүгін, ертең қайтпайды. Ол ғасырда қайтады. Мәдениет министріне өкпеміз қара қазандай. Біз осы елдің азаматы ретінде министрден қордың бюджетін қайта қарауын талап етіп жатырмыз", — дейді Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.

Танымал актер Болат Әбділманов киноның сценарийін сүзгіден өткізетін арнайы көркемдік кеңес құрылғанын қалайды. Актер соңғы уақытта түсіріліп жатқан телехикая мен фильмдерде бейпіл сөздердің жиі кездесетініне қатты ашулы.

"Қазіргі кинорежиссерлер АҚШ, Еуропаға еліктейді. Дұрыс, еліктеу керек. Еліктеу арқылы адам өзін табады. Қазақ киносы қазақ ұлтының болмысын, тәрбиесін, рухын көрсету керек. Кино — ұлттың дара келбетін көрсететін индикатор. Біз кеңестік кезеңнен жақсы нәрселерді алуымыз керек. Ол кезде режиссерлер арнайы мектептен өтетін. Ал қазір режиссерлер дипломды алады да, кино түсіре бастайды. Өзінің өмірлік тәжірбиесі жоқ. Қазір қаралым жинау үшін өнерді саудаға сала бастады. Неге? Өйткені жылдам ақша табуы тиіс. Қазір кейбір киноларда бір қазақтың сөзі жоқ. Өңшең бейпіл сөздер қолданады. Әрине, оны тобыр көреді. Жеңіл фильмдердің қаралымы көп болады. Ақша табу үшін неше түрлі ұлтымызға қарсы келетін дүниелерді көрсетіп жүр. Жауапкершілікті сезінейік. Қазақ режиссерлеріне ояну керек. Ақсақалдарымызды сорлы, бишара қылып көрсетпеуіміз керек. Түсірілген кинолар көркемдік кеңестен өтуі тиіс", — дейді Болат Әбділманов.

©ЭК/Андрей ХАЛИН©ЭК/Андрей ХАЛИН
©ЭК/Андрей ХАЛИН

Жиналысқа қатысқан өнер иелері заңда қарастырылмаған бірқатар талапты хат ретінде жазып, мәдениет министріне жіберуді көздеп отыр. Ол кинематографистердің құқығын қорғау, олардың біліктілігін арттыру және кинопрокатқа қолдау көрсету.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров