Владимир Жириновский

Қазақстандық орыстар Жириновский мен Зюгановқа қазақша жауап берді (видео)

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

Қазақстанда тұратын орыстар ресейлік депутат, либералды-демократиялық партияның көшбасшысы Владимир Жириновский мен Ресей Коммунистік партиясының мүшесі Геннадий Зюгановқа жауап берді.

Блогер Алексей Лодочников пен Кристина есімді құрбысы Қазақстанда орыс ұлтының өкілдеріне қазақ тілін үйренуге ешкім мәжбүрлеп отырған жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Экспресс К.

Еліміздегі орыс ұлтының өкілдері қазақ тілінде жасаған мәлімдемесін видеоға түсіріп, оны блогер әлеуметтік желідегі парақшасына салды.

"Достар соңғы кезде Ресейдің депутаттары, қоғам белсенділері Қазақстандағы орыстарды қазақ тілін жаттауға мәжбүрлеп, олар жаман өмір сүріп жатыр деп көптеген пікір білдіріп жатыр. Бірақ, шын мәнінде олай емес екенін білеміз. Біз осы елде өмір сүріп жатырмыз... Қасымда тұрған Кристина досым — орыс ұлтының өкілі. Қалай өмір сүріп жатырмыз? Ресейге көшеміз бе? Қазақ тілін жаттауға сені мәжбүрледі ме?", — дейді Алексей Лодочников.

Оның бұл сұрағына орыс қызы қазақ тілін үйренуге ешкім мәжбүрлемегенін, өз қалауымен үйренгенін айтады.

Видео соңында блогер ресейлік қос депутат Владимир Жириновский мен Геннадий Зюгановты Қазақстанға қонақ боп келуге шақырады және өздері қарсы алатынын айтады.

Бейнежазбаны көрген желі қолданушылары отандастарымыздың бұл мәлімдемелеріне ризашылығын білдіріп, Қазақстан бірлігі жарасқан мемлекет екенін атап өтті.

Пікір қалдырушылардың кейбірі ресейлік депутаттар оларды түсінуі үшін орыс тілінде де видеоүндеу жасауын сұрады. Көп ұзамай Алексей Лодочников орыс тілінде мәлімдеме жасады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров