Шалқар көлі

Шалқар көліне келетін суды қиыршық тас өндіретін зауыттар бөгеп отыр

Кәмшат ҚОПАЕВА

Шалқар көлі

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының жұртшылығы Шалқар көліне биыл су келмей қалама деп қауіптенеді. Себебі Біршоғыр тауынан келетін суды қиыршық тас өндіретін зауыттар бөгеп отыр.

Жергілікті тұрғындар мәселені Экспресс К тілшісіне айтып берді.

Шалқар көліне негізгі су Біршоғыр тауынан Қауылжыр өзені арқылы келеді. Яғни, көктемде таудағы қар еріп және оған бұлақ көздерінен аққан су қосылып, ол өзенге ұласып, 10-15 күн бойы Шалқар көліне құйылады. Ұзындығы шамамен — 120 шақырым. Алайда осы аққан су көлге жеткенше түрлі кедергілерге тап болады. Кейінгі жылдары су мүлде аз келеді.

Шалқар көлінің жанашыры, көлді тазарту жөніндегі комиссияның мүшесі Ерлан Әбдікәрімнің айтуынша, тау етегіндегі қиыршық тас өндіретін зауыттар ұнтақталған тасты жуып, оны жөнелту үшін бөгеттер салып тастаған. Әрі тауды динамитпен жарған сайын бұлақ көздері бітеліп жатыр. Бұған қоса шаруа қожалықтары бау-бақша мен мал үшін суды орта жолдан бөгеп алған.

Ерлан Әбдікәрімнің айтуынша, бөгеттердің жалпы саны — 46. Сондай-ақ өзеннің дәл жанында тағы екі карьер бар. Бұл жерде қайыр өндіріледі. Аумағы — 2 мың шаршы метр. Бірі бұрынғы Соленный стансасының маңында болса, екіншісі 67 разъездің тұсында екен. Осының барлығы таудан келетін суға кедергі болып отыр. Егер бөгеттер бұзылмаса онсызда тартылудың аз-ақ алдында тұрған көл мүлде жойылып кетпек. Ал шалқарлықтар үшін көл — тіршіліктің көзі. Ерлан Әбдікәрім бөгеттерді бұзып, зауыттарды жауып немесе азайту керектігін айтты.

Былтыр осыны көтере бастағанда, аудан әкімдігі мәселені шешетінін айтып, тоқтатты. Осыдан кейін әкімдік өзі тексерді. Бөгеттердің бар екенін мойындады, тамыз айына дейін бұзатындарын айтты. Бірақ әлі күнге дейін бұзған жоқ,

— дейді Ерлан Әбдікәрім

Ауданның белсенді азаматты Айдын Дәрменқұлов та бұл мәселенің өзекті екенін айтты.

Бөгеттерді бұздыру керек немесе оның астына суды ұстамайтындай құбырлар салу керек. Бұдан бөлек осы таудың етегіндегі Бершүгір ауылының да мәселесі шаш етектен. Тұрғындармен сөйлесіп отырмын, ауыл көк шаң, жол нашар екен,

— деді Айдын.

Табиғат жанашырларының айтуынша, бөгеттердегі су өтетін құбырлар бір-екі метр биіктікте тұр, әрі кішкентай, жіңішке. Ағын су одан өте алмай, жайлып кетеді немесе сол жерде тұрып қалады. Белсенділер осы мәселелерді жақында ауданға келген Парламент мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалинге де айтқан. Егер проблема биыл шешілмесе, көктемде халық тағы сусыз қалуы мүмкін.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов мәселемен таныс екенін айтты. Былтыр бөгеттерді тиісті басқармалардың және прокуратура өкілдерімен бірге қарап шыққан.

Бөгеттерді су ұстау үшін емес, екі таудың ортасына тасымал, қатынас үшін салған. Бірақ бөгеттің астына салынған құбырлар талапқа сай емес. Судың толық ағуына мүмкіндік бермейді. Мәселені тиісті орындарға жеткіздік. Бөгеттің бірі бұзылды,

— деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, тауда 46 емес, 10-ға жуық бөгет бар. Таудан келетін судың ағысын баяулатып отырған тек осы бөгеттер ғана, ал шаруа қожалықтары бау-бақшаға бұл өзеннің суын алмайды екен.

Ал екі карьерден қайыр жазда ғана алынады. Әкімнің айтуынша, судың ағысына карьерлер айтарлықтай әсер етпейді. Соған қарамастан бұл шаруаны да құзырлы органдарға ескертіпті.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшысы Әнуарбек Бермағамбетовтың айтуынша, былтыр Ойыл, Қауылжыр өзендерін зерттеу жұмыстары қолға алынған. Қауылжыр өзенінің маңында 12 бөгет анықталған. Оның ішінде көпірлер де бар. Алайда осы уақытқа дейін бөгеттердің заңды немесе заңсыз салынғаны әлі анықталмаған. Себебі мердігер мекеме тамыз айында белгілі болып, жұмыстың қорытындысы желтоқсанның соңында шығыпты.

Негізгі шаруаны енді қолға алмақ болған кезде "қаңтар оқиғасы" басталып кетті. Осы мәселе бойынша өкілетті органдар өкілдерінің қатысуымен ертең жиын болады. Наурыз айында бөгеттерді аралап, заңдылығын тексереміз. Содан кейін тиісті шараны қолға аламыз. Бөгет, көпір заңсыз салынса бірден бұзылады, — деді Әнуарбек Бермағамбетов.

Басқарма басшысы қар ерігенше аталған мәселелер құзырлы орындармен бірге тексеріліп, бір жақты болатынын айтып, сендірді.

Жалпы, Біршоғыр тауының етегіндегі қиыршық тас өндіретін зауыттар суды бөгеп қана отырған жоқ, сол жердің экологиясын да бүлдіріп отыр. Тауды жарып тас алған сайын сол маңдағы ауылдарды көк шаң басады. 2019 жылы облыстық экология департаменті тұрғындардың арызы бойынша тексеру жүргізіп, екі зауытты жапқан. Былтыр 11 зауыт тексерілген. Мәселен, бір ғана "Мұғалжар Нефтестрой" ЖШС –сы 2021 жылдың 6 айында ластаушы заттарды ауаға нормадан тыс шығарған. Серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қоршаған ортаға келтірген шығын көлемі — 7 миллион теңге.

Бұған дейін Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстары көңіл көншітпейтінін, тұрғындардың Президентке ашық хат жазғанын және көлді малдың тезегі бүлдіріп жатқанын жазған едік. Сондай-ақ Бершүгір ауылының шаңға тұншығып отырғанын жазған болатынбыз.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров