Зейнетақы

Асығыңыз! Зейнетақы қорындағы артық ақшаны алып үлгеру үшін не істеу керек?

Олжас НҰРЖАҚЫП

©ЭК/Андрей ХАЛИН

1 сәуірден бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеткілікті шек мөлшеріне қатысты жаңа өзгеріс күшіне енеді. Әрине, қазір көптің көкейінде сол қаржыны қашанға дейін алып үлгере аламын, қандай мақсатта пайдалануға болады деген сауал бары анық.

Осы мақсатта Экспресс К қордағы шекті мөлшерден асқан ақшаны алу тәртібін рет-ретімен көрсетеді.

Сонымен, шекті мөлшерден артық ақшаны алып үлгеру үшін:

Бірінші: салымшы өзінің зейнетақы қорындағы жеке кабинетіне кіріп ондағы түскен қаржыны тексеруі тиіс. Мұны enpf.kz сайты немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинетте, сондай-ақ, egov порталы мен мобильді қосымшасында көруге болады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымшының қанша қаржы жинағаны және пайдалануға болатын қаражатының есебі көрсетіледі. Егер шектік мөлшерден асқан ақша болса, оны мақсатты түрде пайдалану үшін enpf-otbasy.kz сайты арқылы немесе уәкілетті оператор саналған қаржы ұйымдары арқылы жарата аласыз.

Екінші: салымшы уәкілетті операторлардың интернет-ресурсы арқылы алдын ала өтініш береді. Еnpf-otbasy.kz порталы арқылы ойыңызды жүзеге асырғыңыз келсе, онда міндетті түрде өзіңізде ЭЦҚ кілт болуы шарт.

Үшінші: шекті мөлшерден асқан қаражат соммасын және қандай мақсатта пайдаланғыңыз келетінін көрсетесіз. Өтініш бергеннен кейін 2 жұмыс күні ішінде қаралады. Осы уақыт аралығында салымшы арнайы зейнетақы қаражатына есепшот ашуы тиіс.

БЖЗҚ электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға алушының арнайы шотына біржолғы зейнетақы төлемін аударады. Мұнан ары есепшоттағы артық ақшаны мақсатыңызға пайдалануға болады. Бұл жерде ескерер жайт, өзіңіз таңдаған мақсатқа сай ішкі талаптарды орындау, қажет құжаттарды өткізуіңіз керек.

Есіңізде болсын, зейнетақы қорына 2022 жылдың 31 наурызына (қоса алғанда) дейін келіп түскен өтініштер 2021 жылға есептелген жеткілікті шек мөлшерімен есептеледі.

Шектік мөлшерден асқан ақшаны қандай мақсатта пайдалануға болады?

  • Тұрғын үй жағдайын жақсартуға, оның ішінде: ипотекалық қарызды толық және жартылай өтеуге, үй салуға және алуға жарата алады.
  • емдік мақсатта: тіс және көз еміне, басқа да ауыр ауруларға пайдалануға болады.
  • отбасы банкіндегі депозитіңізге де аударуға: ол үшін аталмыш банктен депозиттік есепшот ашасыз. Қаржы аударылғаннан кейін 3 жыл мерзімінде тұрғын үй жағдайын жақсартуыңыз қажет. Егер 3 жылда әрекет болмаса, қаржы кері зейнетақы қорына қайтарылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін қолдану мерзімі 1 сәуірге дейін ұзартылған. Енді 20 күннен кейін бұл өзгереді. Яғни, қазіргі жас аралағына сай есептелген қаржы мөлшері 2 есеге ұлғаяды. Содан болар, ел азаматтары зейнетақы қорына жиған қаржысының бір бөлігін алуға жанталасып жатыр.

ЭК бұған дейін зейнетақы қорындағы шекті мөлшер қаншаға өсетіні жайлы жазған болатын.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров