Өмір

"Көп күйеу алуға болады" деген ойымнан бас тартпаймын - Бақыт Сыздықова

Аян АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Pixabay

Сонау 1999-2007 жылдары Астана мәслихатының, кейін Мәжілістің IV шақырылымның депутаты болып, "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің мүшесіне дейін сайланып, одан дау-дамаймен шығарылған Бақыт Сыздықова қазір Солтүстік Кипрге көшіп кеткен.

Қазір Жерорта теңізінің жағасында тұратын Бақыт ханым өзінің жаңа үйі мен бизнесі жайында айтып, саясат пен Кипрдегі қазақстандықтар туралы "Экспресс К" тілшісіне сұхбат берді.

Бақыт СыздықоваБақыт Сыздықова
Бақыт Сыздықова

Экспресс К: Сіз Солтүстік Кипрге түпкілікті көшіп кеттіңіз бе әлде қазақстандықтардың көбі сияқты "қыстауға" ғана бардыңыз ба?

Бақыт Сыздықова: Солтүстік Кипрге қыстауға келдім. Себебі Целиноград қаласының тумасы болсам да, жас келген сайын суық жерде өмір сүру қиындай түседі екен. Кішкентай кезімнен аяз бен желді көріп өстік қой, бірақ жастықпен оның әсері қатты білінбейтін. Қазір денсаулығымды ойлап, 47 жасымда астанамыздан кетуге шешім қабылдадым.

Осыдан кейін көшіп баратын жерді таңдау керек болды. Мен Дубай, Алания және Солтүстік Кипр арасында көп ойланып-толғанып, ақыры Солтүстік Кипрді таңдадым. Біріншіден, бұл жақта бұрын болмасам да, оның қасиетті жерлері, көрікті аралдары туралы көп білетінмін. Ең алғаш сәттен бастап бұл жердің ауасы мені құшақ жая қарсы алғандай болды. Шын айтайын, өзімді үйіме келгендей сезіндім.

Экспресс К: Жалпы Кипрде отандастарымыз көп пе? Ол жақтағы өмір туралы толығырақ айтып бере аласыз ба? Тұрғын үй бағасы қандай, азық-түлік қанша тұрады, жұмыс табу оңай ма дегендей?

Бақыт Сыздықова: Кипрге келгенде таң қалған былай тұрсын, қанша қазақстандық азамат тұратынын көріп шок болдым. Мұнда, тіпті, орыс тілді қалалар бар. Мәселен ресторандағы меню, таксидегі қызмет, сұлулық салондарында тіл жағынан еш қысылмайсыз, бәрі түснікті.

Жалпы Солтүстік Кипрді мемлекет ретінде тек Түркия таныған. Дегенмен саяси да, экономикалық та дағдарыстар бұл елді айналып өткендей. Бұл жақта бәрі тыныш әрі бейбіт. Қауіпсіздік бірінші орында деп айтар едім. Сондықтан болар бұл жаққа Қазақстанда танымал болған адамдар ешкімге жария қылмай, ақырын ғана көшіп жатыр. Оларды алғаш көргенде, қатты таң қалдым.

Бұл елде Ұлыбританияның құқық және білім беру жүйесі қалыптасқан. Сондықтан ағылшын тілі де дамыған. Меніңше, адамдар Жерорта климатынан бөлек, балаларының болашақ білімін ойлап та келіп жатыр. Сондай-ақ ауа-райының қолайлы болуы денсаулыққа жақсы әрі пайдалы. Мәселен, елде түрлі аллергиялық және тыныс аурумен ауырғандар мына жақта оның не екенін ұмытады. Осыған қоса медицина да қатты дамыған және арзан. Сол үшін Еуропадан келіп, емделіп жатқандар өте көп.

Бағаларға келсем, бәрі арзан деуге болады. Ең пайдалы бизнестің түрі — үй алу, кейін оны сату, жалпы құрылысқа ақша құю. Осы салада жұмыс істеп, кем дегенде 30 пайыз пайдаға кенелуге болады. Азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы, тіпті, көңілге қонымды.

Экспресс К: Қазір Қазақстанда көп нәрсе өзгеріп жатыр, саясатқа оралғыңыз келмей ме?

Бақыт СыздықоваБақыт Сыздықова
Бақыт Сыздықова

Бақыт Сыздықова: Жоқ, ондай ойым жоқ. Ойлап қарасам, саясатта 24 жасымнан 40 жасыма дейін жүріппін. Мен 25 жасымда депутат болып сайландым. Кейін де жоғары қызметтер атқардым. Астана қаласының мәслихатында жүріп, елордамыздың қалыптасуына атсалыстым. Парламентке келгенде балаларды қорғау комитетінің ең алғашқы басшысы болдым. "Жас отанның" пайда болуына да біраз еңбек еттім. Жалпы 20 жылға жуық саяси қызметімді айта берсем көп, барлығын халқым үшін істедім деп нық сеніммен айта аламын. Депутат болғанда пара алмадым, біреудің көзқарасын қолдап, лобби жасамадым, қырып ақша да таппадым. Сенсеңіз, тіпті, пәтерге де ақша жинай алмадым (күледі).

Сондықтан қазір уақытымды өзіме, отбасыма және жақындарыма арнағым келеді. Сондай-ақ кәсіп ашып, бар күш-қуатымды бизнеске жұмсап жүрмін. Сен адал саясаткер болсаң, ақша таппайсың деп бірден айтайын. Кезінде қанша жерден Мәжіліс депутаты болсам да, тек айлыққа өмір сүрдім. Сондықтан қазір саясатқа барсам, өзімнің көп ақша таппайтынымды білемін. Ал мен 47-ге келдім, сондықтан зейнетімде бейнет көрмейтіндей, әрекет етіп жатырмын. Бұдан бөлек сонау 2013 жылы мені партиядан шығарып, соңымнан түскендер болды. Біздің елде пара алмайтын, ешкімге жалтақтамайтын саясаткер болу мүмкін емес екенін нық түсіндім. Сондықтан саясатқа оралмаймын деп нақты айта аламын.

Экспресс К: Сіз Мәжіліс депутаты болғанда есте қаларлық ұсыныстарыңыздың бірі "әйелдерге көп күйеу алуға рұқсат беру" еді? Қазір де сондай ойдасыз ба?

Бақыт Сыздықова: Адамдардың тек осындай шулы да даулы бастамаларды есте сақтайтыны өкінішті екен. Менің отбасы мәселесі, балаларды қорғау саласында да көптеген депутаттық сауалдарым бар еді. Алайда халық қоғамдық жерде темекі тартпау, темекі қорабына қорқынышты суреттер салу және көп еркек алу туралы айтқандарымды ғана айта береді.

Біздің Конституцияда ер мен әйел тең деп жазылған. Ал егер "Неке мен отбасы кодексіне" "көп әйел алуға болады" деп жазсақ, онда әрине Ата заңымызға қарама-қайшы шығамыз да, теңдік әдіре қалады. Сондықтан 2007 жылы айтқанымнан таймаймын, "көп әйел алуға болады" деген заң енгізілсе, міндетті түрде "көп күйеу алуға болады" дегенді де қосу керек. Олай істемейтін болсақ, онда Конституцияны өзгертіп, Қазақстанда әйел мен ер адам тең емес деп өзгертейік.

Өзім намаз оқып, шариғаттың кей тұстарын білетіндіктен, мұндай талқылау мен мәселенің бар екенін білемін әрі қолдаймын. Алайда біз зайырлы елде өмір сүріп, Конституцияға бағыну керек екенімізді ұмытпаған жөн.

Экспресс К: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Біз бұған дейін Түркияға көшіп кеткен отандасымызбен де сұхбаттасқан едік. Бауырлас елдегі Жерорта мен Қара теңіз арасында өмір сүру қалай екенін мына жерден оқуға болады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров