Жын кіру

Ішіне жын кірген танымал журналист өзіне қол жұмсамақ болған

Ержан ШАЙЖАН

Pxhere

Қазақстандық БАҚ бірінде жұмыс істейтін журналист Экспресс К тілшісіне басынан өткен қиын сәттерді баяндап берді. Ішіне жын кірген ол қазір ем алып, дем салдырып жүр.

Экспресс К оның өтініші бойынша аты-жөнін жарияламауды жөн деп шешті.

Экспресс К: Ішіңізге жын кіргенін қашан білдіңіз?

Журналист: Кім өзін ауру немесе жындымын дейді. Бірақ мінез-құлқымда өзгеріс болып, ашуланшақ болып кеткенімді сезіп жүрдім. Үйдегілерге де айқайлап, әйеліммен жиі ұрсысатын болдық. Мұның барлығын жұмыстағы шаршаудан, стресс деп жүре бердім. Енді ер адам болған соң дос балалармен бас қосып, ішімдік ішіп көңіл көтеретініміз бар. Бірақ соңғы уақыттарда тым көп ішіп, қыдыруды жиілетіп кеттім. Ішіп отырып, ес жоғалтатын әдет пайда болды. Ертесі не істеп, не қойғанымды еске түсіре алмай әлек боламын. Сондай кештердің бірінде жанымда отырған танысым "Сәкен (ред: аты-жөні өзгертілді) сенің көзің шыны секілді болып тұр, бұл сенің көзің емес" — деді. Ол жігіт өзі намазхан, бірақ бізбен бірге жүрген дос бала ғой. Сол ертесі мені молдаға алып барды. Сөйтсем, ішіме жын кіріп кетіпті.

Экспресс К: Бұл жағдайды қалай қабылдадыңыз?

Журналист: Жын әлемі бар екенін бәріміз білеміз ғой. Бірақ маған кіреді деген ой бұған дейін болған емес. Өзім де бұл туралы талай зерттеп, бірнеше материал жазғанмын. Бірақ өзім іштей бірнәрсе барын сезіп жүрдім. Өлім туралы соңғы кездері көп ойлайтынды шығардым. Өзім 8-ші қабатта тұрамын. Балконнан секіріп кетсем не болады екен деген ойлар маза таптырмайтын. Бірақ ондайға мән бермей жүре бересің ғой.

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Экспресс К: Молданың алдына барғанда не сезіндіңіз? Жыныңызды қалай шығарды?

Журналист: Біз барғанда адам көп екен. Кезегіміз келгенде ішке кірдік. Сөйтсек, іште 4-5 адам отыр. Молда әрқайсын кезек-кезек алдына отырғызып, құран сүрелерін оқыды. Интернеттен жын шығарып жатқан молдалардың талай видеосын көргеннен кейін бе, маған онша әсер ете қоймады. Кезек маған келді. Арада санаулы секунд өткеннен кейін есімді жоғалтып, трансқа түстім. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, бірақ есімді жиғанда жерде жатыр екенмін. Мені алып барған досымның айтуынша, құран оқып басталғанда шыңғырып, молдамен сөйлесіппін. Мен емес, ішімдегі жын сөйлескен. Ал мен сол күйі ешнәрсе есіме түсіре алмадым.

Экспресс К: Жындар еркек пен әйел, мұсылман, кәпір болып бөлінеді ғой. Сізге қайсы кіріпті?

Журналист: Ішімде еркегі де, әйелі де бар екен. Молданың айтуынша, мақсаттары мені маскүнем қылып, өлтірмекші болыпты. Бәсе, соңғы жылдары ішімдікке қатты әуес болып кеттім. Бірақ алқаш, алқаш екенін мойындамайды ғой. Жұмысым бар, үйім бар, отбасым бар, мен ішпегенде кім ішеді- деп жүре бердім. Соның кесірінен жақындарымды ренжітіп, көп достардан ат құйрығын кесістік. Қазір ойласам, осының барлығы бей-берекет жүрістің, ішімдіктің кесірі екен. Ал ондай адамға жын үйір жүретінін бәріміз білеміз.

Экспресс К: Тәніңіз қазір тазарды ма? Неше күн ем қабылдадыңыз?

Журналист: Менің ішіме бір емес, бірнеше жын кірген екен. Молдаға 10 күн барып, оқытылдым. Тағы 2-3 сеанс қабылдауым керек. Қазір шүкір, өзімді жақсы сезінемін. Бұрынғы ойларда қазір мазаламайтын болды. Ескі әдеттерді де тастадым. Соған қарағанда, ішімнен бәрі шығып кеткен сияқты (күлді). Осы қиын сәтте себепкер болып, емдетуге апарған досыма рахмет айтамын. Енді біраз жүрсем, кім біледі, балконнан секіріп өліп, біраз БАҚ мен туралы жазып жатар ма еді.

Экспресс К: Сұхбатыңызға көп рахмет.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров