Ене мен келін

Енені жеңу үшін не істеу керек?

Кәмшат ҚОПАЕВА

© Чынгыз НАМАЗАЛИЕВ

Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас мәселесі — ешқашан бітпейтін, үнемі талқыланатын тақырып. Қайда барсаң да енесін жамандаған келін мен келінін ұнатпайтын енені көресің. Ал айқай-шу неден шығады? Енемен тату тұру үшін не істеу керек?

Психоанализ бағытындағы практик-психолог Гүлзат Қанат Экспресс К тілшісіне енені жеңудің жолын айтып берді.

Гүлзат Қанаттың айтуынша, мінсіз келін болмайды. Олай болуы мүмкін емес. Алайда ене мен келін арасындағы кикілжіңді ұрыс-керіссіз шешуге болады. Кикілжің әр отбасында болады. Бірақ оны шешудің жолы әртүрлі.

Гүлзат ҚанатГүлзат Қанат
Гүлзат Қанат

Бірі айқай-шумен тоқтатады. Бұндай адамдар қит етсе ашуланып, төбелес шығаратын бала сияқты. Бұның соңы екі жастың ажырасуына апарады. Ал екіншісі "сіздің осы жеріңіз дұрыс емес", "мен осы жерден қателестім" деп ортақ келісімге келеді,

— дейді психолог.

Арадағы келіспеушілікті ақылға салып шешетін адамдарды психологияда "сау отбасы" деп атайды екен. Бұндай отбасында ене мен келін өз қателіктерін біледі. Мәселені сөйлесу, тыңдау арқылы шешеді.

Ал ұрыс-керістің шығуына түрлі жағдай себеп болады. Соның бірі — келін, қыз, әйел мәселесінде гендерлік теңсіздік.

Мәселен, "түскен жердің отымен кіріп, күлімен шығу керек" деп келіннің өмірін әдейі қиындататын отбасылар да кездеседі. Тіпті кейбір отбасының адамдары жауыздыққа жақын, келінді табалауға бейім болады. Келін мен ене арасында сызаттың түсуіне біздің менталитетіміздің де ықпалы бар. Мәселен, жаугершілік заманында баласы мен бауырының арасында таңдау жасап, "Қатын-жолда, бала-белде" деп бауырын құтқарған батыр туралы аңызды бәрі біледі. Сол сияқты келін мен ененің арасында кикілжің болса, "баламызға басқа әйел алып береміз, қыз көп" деп ажырастырып алатын жағдайлар кездеседі, — дейді психолог.

Оның айтуынша ұлттық тәрбиенің де кемшілігі көп тұсы бар. Отбасы, жеке адамға қатысты ұлттық құндылықтарды қайта саралап, сүзгіден өткізуі керек. Ер адам ата-ана, бауырлары үшін әйелі мен баласын тастаса, әйел баласын алып қайын жұртына қайтып барса, бұл жерде ешқандай ұлттық тәрбиенің мәні болмайды.

Психолог алдына келетін ене, келіндердің мәселесі әр түрлі екенін, біріне берген кеңесті, екіншісіне бере алмайтынын айтады. Келін қайын жұртына түскен соң енесін "мама", "апа", "ана" деп атап, оған екінші ана образын береді.

Психотерапияда перенос "тасымал" деген құбылыс бар. Бұл дегеніміз — адам бейсаналы түрде бала кездегі ата-анасына деген сезімін, өкпе-ренішін отбасы құрғанан кейін ата-енесіне білдіруі,

— дейді Гүлзат.

Оның айтуынша, мәслен, қызының қалауымен санаспайтын, еркіндік бермейтін аналар бар. Дегенмен, анасы бақты-қақты, оқытты-тоқытты, ұзатып, құтты орнына қондырды. Қыз анасының осынша жақсылығын, мәпелеуін біліп, риза болып тұрса да бірінші айтқан тыйым салушы, яғни авторитар анасына деген өкпесі ешқайда жоғалмайды. Ол өкпесін шығаратын, бар ашуын, қарсылығын көрсететін екінші ана керек. Бұл үшін ене — таптырмас тұлға. Осыдан мәпелеп өсірген анасы толықтай "аппақ", енесі "қап-қара" болып шыға келеді.

—Шындығында анасының да енесінің де жақсы-жаман тұстары бар. Бірақ, бейсанасында болып жатқан құбылысты білмейтін, ащы болса да шындыққа тура қарай алмайтын адамның жағдайға ақылмен баға беру қиын. Енесі де өзінің қызына деген өкпесін келінге артуы мүмкін, — дейді психолог.

Сондай-ақ психологтың айтуынша, егер ер адам бала кезінде келінді адам құрлы көрмейтін отбасында өссе, сол сценарийді бейсаналы түрде қайталайды.

—Саналы түрде ешбір келін енеммен ұрыссамын, отбасымды бұзамын, ал жас кезінде өзі де енеден қиындық көрген ене келінімнің басына әңгіртаяқ ойнатамын демейді. Психологияда агрессормен теңесу деген құбылыс бар. Кезінде өзі қорлық көрген адам уақыт өте келе сол қорлықты өзгеге көрсетеді. Бұны өзі байқамайды. Психолог ретінде алдыма ененден қорлық көрген келін де, келініне қорлық көрсеткен ене де келеді. Екі жақтың да өкініші "осынша уақыт отбасында айқай тудырмай, ертерек психологқа келгенде, ет жақындарымыздың жанын аяусыз тілгілемеуші едік, өз жанымызды сақтаушы едік" дегенді айтады, — дейді психолог.

Гүлзат Қанаттың айтуынша, енемен тіл табысу үшін қыз тұрмысқа шықпас бұрын психологқа барып, ішіндегі сыздап тұрған жарасын емдеп алуы керек.

Сондай-ақ жас жұбайлар үйленгенде ата-ене олардың бөлек тұруына, өзара үйренісуіне мүмкіндік беруі керек. Олар бұрын қыз-жігіт болса, отбасын құрғаннан кейін бір-бірінің басқа да қырларын көреді.

— Келіншек өзіне еркіндік бергені жөн. Ата-ененің бөлек тұлға екенін мойындау керек. Қандайда да бір шешуін таппаған мәселеле психолог маманның көмегіне жүгінген жөн. Бұл отбасының сақталуына, проблеманың ушықпауына ықпал етеді, — деді маман.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров