Мағжан Жұмабаевтың немере келіні қарттар үйін паналап отыр (видео)

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

"Мен жастарға сенемін" деп кейінгі ұрпаққа өшпестей із қалдырған ақын, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың немере келіні Көкшетаудағы қарттар үйін паналап отыр.

Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызының немере келінінің видеосын көкшетаулық студент ТікТок парақшасында жариялады, деп хабарлайды Экспресс К.

1-курс студенті бейнежазбаға: "М.Жұмабаевтың немере келіні екен. Ол кісі келінім қарттар үйінде отырады деп ойлады ма екен?.. Асыл қазыналарымызды тастамайықшы" деп жазды.

Бойжеткен әжейге М.Мақатаевтың "Ана, сен бақыттысың" туындысын айтып береді. Ақ жаулықты әжей жыр шумағын терең ойға шомылып отырып тыңдайды.

Бейнежазбаны көрген желідегілер әжейді қарттар үйіне өткізген ұрпағын сынның астына алды. Енді бірі перзенттері осы видеодан соң жүректері жібіп, аналарын алып кетер деген үміті барын жасырмады. Келесі бір қолданушы бейнежазбадағы әжей Мағжан Жұмабаевтың туған емес, ағайын немере келіні болуы мүмкін екенін алға тартты. Себебі ақынның жалғыз ұлы дүниеден ертерек озғанын атап өткен.

"Мағжан атамыздың ұрпағы осылай анасын тастап кетеді деп ойламаппын", "Әженің көзі жәутеңдеп отыр ғой. Алла саналы ұрпақ нәсіп етсін", "Не деген мықты әйел, эмоциясын сақтап отыр", "Жаным әжем, ізеттілігінен сол. Мынаған қалай жыламайсың", "Бұл кісіні өз үйіме алып кеткім келіп тұрғаны. Бірақ ол мүмкін емес шығар", "Ұрпағы осы видеоны көрген соң ойланатын шығар", "Алла, өзің кешіре гөр. Осындай әжеге жете алмай жүрмін өзім" деп жазды желі қолданушылары.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров