Әкімдік

Жайлы үй, жаңа көлік. Егер әкім болсаңыз...

Абай НҰРЖАНҰЛЫ

Қазір әкімдердің жеке өміріне бас қатырмай, халық үшін жұмыс істеуіне мемлекет барлық жайлы жағдайды жасап қойған. Әкімдердің үлкен үйі, жап-жаңа көліктерінің өзін бюджет есебінен алып береді. Тіпті әкімдіктің әжетхана қағазына да халықтың қазынасы шығындалады.

Экспресс К тілшісі Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменовке мемлекет тарапынан жасалған жағдайларды анықтап көрді.

Аудан басшысы қазір 2004 жылы салынған қызметтік зәулім коттеджде тұрып жатыр. Баспананың жалпы ауданы 157,9 шаршы метр. Онда жаныңызға не керектің бәрі табылады. Осыдан үш жыл бұрын әкімнің жайлы өмір сүруі үшін баспанаға ағымдық жөндеу жүргізілген. Жөндеу жұмыстарына бюджеттің 1,5 миллион теңгесі шығындалыпты.

Асылбек Шәменов жұмысына барып қайту үшін әуреге түспейді. Өйткені әкімдік ғимараты қызметтік баспанасының дәл алдында орналасқан.

Қызметтік баспана үлкен болғандықтан, оның коммуналдық шығыны да аз емес. Мәселен үйдің электр жарығына бір жылға 157 605 теңге жұмсалады. Сондай-ақ жылуға 84 мың теңге, ауыз суға 7060 теңге кетеді. Ал телефон байланысына 84 мың теңге төленеді. Бірақ бұл төлемдерді аудан әкімі өз қалтасынан шығарады екен.

Әкімге берілген қызметтік көлік те жаңа. 2019 жылы шығарылған отандық KIA Sorento. Бұл темір тұлпар қазір 18 миллион теңге көлемінде саудаланады. Қозғалтқыш көлемі — 3,5. Қызметтік көлікке айына 260 литр жанармай құйылады. Бензин шығыны бюджет есебінен өтеледі.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров