Мұнай

"Мұнайға шомылып жүрміз". Мұнайшылар Тоқаевқа ашық хат жолдады

Фархат ӘБІЛОВ

Видеодан кадр

Маңғыстаулық “ОКС” ЖШС мұнайшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа ашық хат жазды.

Олар сапасыз техниканың салдарынан майға батып жүргендерін және компаниядағы жемқорлық деректері туралы жазған, деп хабарлайды Экспресс К.

"Айтылатын шағым көп. "Ақтаутехникасервис" компаниясынан мұнай қондырғыларын жөндеуге техника келеді. 1945 жылғы соғыстан қалған техника сияқты, себебі өте ескі. Ол техникамен мұнай құбырларын жөндеу мүмкін емес. Тіпті оны бір компания жарамсыз деп, қолданыстан шығарып тастаған. Бірақ ол техниканы біздің басшылар арқылы біздің компанияға жалға беріп отыр. Осылайша ұрлықтарын жабады," — деп жазылған хатта.

Жұмысшылар тозығы жеткен техникамен жұмыс істеуге міндетті екен. Егерде техниканың жарамсыз екенін айтып, кері қайтарса, жалға алу ақшасын бәрібір компания есебінен төлейді екен. Сондай-ақ жұмысшылар сағаттарының заңсыз қиыла беретіндеріне наразы.

"Бізге сағат төлемейді. Қаншама ескертілді, айтылды, бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Техниканы жыл сайын тексеретіндер де көз жұмып жүр. Прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Іс-қимыл агенттігі ұжымдық хат әкеліңдер дегенімен, біз хатты апаруға қорқамыз. Өйткені басшының қудалауына түсеміз," — дейді жұмысшылар.

Құбырдан аққан мұнайда өз қолдарырмен тоқтатып жүрген мұнайшылар тіпті бейнежазба да жариялаған. Үсті-басты мұнай болған жұмысшылар құбырдан аққан мұнайды тоқтатып жатыр. Ал осы жұмысты істеуі керек техника тағы да бұзылып қалған көрінеді. Бірақ бұзылса да, оған жалға алу ақысы төленіп жатыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров