Амал мерекесі қандай күн?

Есен ҮРКІМБАЙ

Әлеуметтік желіден

Бүгін – Амал мерекесі. Бұл - қазақтың жыл бастауы. Ертеден бастау алатын мереке еліміздің батыс облыстарында кеңінен аталып өтеді.

"Көрісу күні" ел арасында Наурыз мейрамының бастауы болып саналады. Экспресс К тілшісі мереке кезінде жасалатын жоралғыларға шолу жасап көрді.

14 наурыз күні адамдар ерте тұрып, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Жұрт бір-біріне "Жасың құтты болсын!", "Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болсын!" деп тілек айтып, құттықтайды.

Бұл күні адамдар арадағы өкпе-реніштерін кешіріп, өзара араздықтың бәрі ұмытылады. Көрісу — бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, қайта қауышатын мереке ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн іспетті.

Көктемнің бастауы саналып, жаңару кезеңі — ел арасында Амал мерекесі деп дәріптеледі. "Амал келді — Жыл келді!" деп дастарханнан дәм татып, жаңа жылға аман-есен жеткенімен құттықтаған жұрт қуанышты көңіл-күйде жүреді.

Мерекеде таңнан кеш батқанша барлық адамдар туыстары мен достарына барып келіп, 40 үйдің есігін ашуы керек. Амалдың бірінші қадамы — көрісу. Оны жұрт бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасу жолымен жасайды. Ерлер мен әйелдер қол алысады. Адамдар өздерінің жақындары мен туысқандарына сыйлық дайындайды.

Әлеуметтік желіденӘлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіден

Бүгінде Маңғыстау мен Атырау, Ақтөбе облыстарында кеңінен сақталған дәстүрде халқымыздың ұлттық киімі де қайта жаңғырып, дәріптеледі. Бұл өңірлерде мереке күні адамдар ұлттық киім киіп, үй арасында, мекеме ұжымдарында көрісу дәстүрге айналған. Бір-бірін құттықтаумен қатар, жақсы тілектерін арнайды. Амал мерекесінде адамдар өздерінің жасы үлкен жақындарымен көрісуге асығады. Егер сапарда жүріп я басқа себептермен көрісе алмаса, наурыз айы бойы ілтипат-ізетін жалғастыра береді.

"Көрісу" — халқымыздың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр кеңес заманында ұмытыла бастап, кейбір өңірлерде ғана сақталған. Еліміз дербес ел болғалы дәстүр қайта жанданып, бүгінде еліміз бойынша кең насихаттала бастады. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр болған, тіпті ертеде Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы — жан ашуы, қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып бір-бірімен араздасып елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста да жайылым керек, ол уақытта қазақ шөп-азық дайындамайды дегендей. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі", — дейді тарихшы, этнолог Жамбыл Артықбаев.

Бірнеше жылдан бері Маңғыстау облысында Отпантауда "Бірлік оты" жағылып, Алаштың баласы бас қосады. Бұл дәстүрге айналған шара көрісумен қатар ұлттық татулығы мен бірлігін арттыруға бағытталған.

"Отпантау" тарихи-мәдени кешені бүгінде үлкен мәдинеттің бастауында алыстан көзге түседі. Өңірдегі биік шоқы Отпантаудың басында Адай атаға арналған биік ескерткіш, қасқырдың мүсіні орнатылған. Ерте замандарда Отпантау елге белгі беретін бекініс болған. Оның басында жағылатын от болатын қатер жайлы ескерту болған деседі. Қазір Отпантау ел бірлігінің бастауына айналып отыр.

Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы қонақтар шақырылып, Амал мерекесін дәріптеу жалғасып жатыр. Оның ішінде Иран, Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркия секілді елдердегі қандастарымыз да шақырылып, игі дәстүрді насихаттау кеңінен қанат жайды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров