Үкімет

Үкімет банктерге қатысты ресми мәлімдеме жасады

Олжас НҰРЖАҚЫП

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Ел Үкіметі банктерге және еліміздегі экономикалық мәселелерге байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Мәлімдемеде депозитті қорғау үшін арнайы бағдарлама әзірленгені айтылған, деп хабарлайды Экспресс К.

Интернетте теріс сыртқы макроэкономикалық жағдайларға байланысты Үкімет Ұлттық банкпен бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Соның аясында қаржы нарығының орнықтылығы мен теңгелік депозиттердің тартымдылығын арттыру көзделген.

Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, мемлекеттік бюджет есебінен халықтың депозиттері бойынша сыйлықақы есептеуді көздейтін Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын әзірледі,

— делінген ресми мәлімдемеде.

Бүгінде елдегі екінші деңгейдегі банктерде 2022 жылғы 12 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 15,3 триллион теңге немесе активтердің 40 пайызын құрайтын өтімділігі жоғары активтердің біршама қоры бар. Бастысы заңда белгіленген шекте жеке тұлғалардың депозиттеріне мемлекет кепілдік береді. Осы жылы қаңтарда халықтың теңгелік жинақ депозиттері бойынша кепілдік сомасы 20 миллион теңгеге дейін, сондай-ақ түрлері мен валюта бойынша әртүрлі депозиттерге кепілдік берудің ең жоғары жиынтық сомасы "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ тарапынан ұлғайтылған.

Бұдан басқа, бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда. Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған жедел және орта мерзімді сипаттағы іс-шаралардан тұрады.

"Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жағдайды бақылауда ұстауда. Бұл үшін күн сайын Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб отырыстары өткізіледі. Оның шеңберінде экономикалық жағдайдың дамуының әртүрлі сценарийлері бойынша шешімдер пысықталады. Халықты үрейленбеуге және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз. Арандатушылық сипаттағы анық емес және жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік көзделгенін атап өтеміз", — деп жазылған Үкіметтің ресми мәлімдемесінде.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров