Мұғалім

Ұстазын боқтаған оқушыға қатысты мамандар не дейді?

Ержан ШАЙЖАН

Видеодан кадр

Талдықорғандағы №4 мектептегі болған жағдай қоғамда әлі қызу талқыланып жатыр. Әсіресе ғаламторда ұстазына доқ көрсетіп, былапыт сөз айтқан 9 сынып оқушысын жерден алып, жерге салғандар көп. Алайда кәмелетке толмаған баланың ісіне түсіністікпен қарауға шақырып жатқандар да бар.

Экспресс К мектептегі жағдайға қатысты ұстаздар мен қоғам белсінділерінің пікірін білді.

Алматыдағы Абай атындағы Республикалық мектеп-интернаттың ұстазы Роза Сексенова атышулы бейнежазбаны көргенде жағасын ұстаған. Бірақ ол мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей жатып баланы және оның ата-анасын кінәлауға асықпауға шақырды. Оның айтуынша, ұстаз бен оқушының арасындағы келіспеушілік бұрыннан пайда болуы мүмкін. Сондықтан мәселеге барынша обьективті қарау керек дейді.

"Барлығы ортаға байланысты. Бұл жерде кінәні балаға болмаса оның ата-анасы артып қою дұрыс емес. Мүмкін ол оқушы мектептен тыс басқа балалармен араласатын шығар. Ол да әсер етеді. Өйткені 9-10 сыныпта оқитын оқушылар өтпелі кезеңнен өтіп жатыр. Кім біледі, мүмкін мұғалімнің өзі сондай жағдайға итермеледі ме, білмейміз ғой. Баланың қылығын жақтап тұрған жоқпын. Бірақ оның түбіне үңілгеніміз дұрыс болар. Себебі балалардың көбісінің қазір психикасы бұзылған. Мен көбіне мұғалімдерге айтамын, балаларға ұрыспаңыздар, түсінуге тырысыңыздар — деп. Мүмкін үйінде бір мәселе болып жатқан шығар. Тағы да айтамын бұл жерде жалғыз ата-ана кінәлі емес. Бала жынды болмаса өзінен өзі барып дүрсе қояды деп ойламаймын. Көп оқушылар телефонға кіріп кеткен. Ол баланың психикасына әсер етеді. Сондықтан мұғалім, оқушы, ата-ана деген үштік одақ мектепте міндетті түрде қалыптасуы керек. Осы үштік бір-бірімен ынтымақтастықта жұмыс істесе, барлығы жақсы болады деп ойлаймын", — дейді Роза Ербозымқызы.

Ал белгілі ұстаз, QAZBILIM орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы бар кінә балаға бұрыс тәрбие берген ата-анасында деп есептейді. Ол ұстазына дөрекі сөйлеген баланың ата-анасын қатаң жауапқа тартуға шақырды.

"Біріншіден, дәл қазір бұндай бассыздық жасаған оқушының ата-анасына жай әкімшілік жаза емес, қатаң шара көру керек. Баланың тәрбиесінің ең маңызды жүгі ең алдымен ата-анада. Баланың бүкіл тәрбиесін мектепке ысырып тастаған ата-аналар тым көп, өкінішке қарай.

Екіншіден, тәрбие процесін, тәрбие принциптерін қайта қарау керек. Орта білімдегі тәрбиені білім мазмұнынан бөліп қарауға болмайтынын, тәрбие концепциясын ұлттық бағытта қайта қарау керек екендігін Білім және ғылым министрлігіне екі-үш рет ұсыныс ретінде айтқанбыз.

Үшіншіден, бұл жерде мектепке бір мән берген дұрыс, мына партадағы жазулардың бәрін ескермеген мектептің оқушысы үшін ана сөздер қалыпты жағдай болып кетеді. Адамды ортасы тәрбиелейді. Ортасы осындай былапыт болса ондай тірлік те қалыпты жағдай боп кетеді. Бір сөзбен айтқанда ұят болмаса бәрі болмайды", — деді Аятжан Ахметжанұлы.

Айгүл Болатханқызы есімді Facebook қолданушысы болса, оқушысынан сөз естіген мұғалімнің өзін сынап тастады.

"Мен ұстазды кінәладым. Неге ұстазды кінәладым. Өйткені беделі қалмаған. Неге? Неге дәрігер және мұғалім мамандығын таңдағанда мың-мыңдап адамның тағдыры өз қолында екенін сезінбейді олар? Иә, кінәлау оңай деп шығады. Неге қазіргі мұғалім жалғау мен шылауды айыра алмағанына намыстанбайды? Неге қазіргі ата-ана баласына репетитор жалдағанына, ақы төлеп қосымша сабаққа жіберетініне мұғалім намыстанбайды? Сенің жұмысың нөл деген сөз ғой, егер алдыңдағы 25 оқушының 20-сы репетитор жалдатып білім алып жатса. Нағыз педагог қалмаған қазір, қалса да сирек. Өт жарылса да ақиқаты осы", — деп жазды Айгүл Болатханқызы.

Экспресс К Мұғалімді балағаттаған оқушы туралы бұған дейін бірнеше материал жазды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров