Сәбиді қырқынан қалай шығарады және оның күтімі қандай?

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Құралай Пернебайқызы / Жеке мұрағат

Бала өмірге келген соң жасалатын рәсімдердің бірі – қырқынан шығару. Бұл - сәбидің дүниеге келгеніне тура 40 күн толғанда атқарылатын іс. Бірақ неге дәл 40 күн? Оның сыры неде? Және бөпеге бұл аралықта қандай күтім жасау керек?

Көпшілік үшін қарапайым ғана рәсімдердің бірі болғанымен, оның мәні мен мағынасы тереңде. Экспресс К тілшісі бұл сұрақтардың жауабын ғұмырын білім саласына арнаған, психолог, отбасы құндылықтарын дәріптеуші Құралай Пернебайқызынан сұрап білді.

61 жастағы ақ жаулықты әже 5 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 16 немеренің қызығын көріп отыр.

Құралай Пернебайқызы бала құрсаққа біткен сәттен бастап анасы дұрыс күтінуі керектігін айтады. Тіптен көңіл күйі мен ішкен асына дейін балаға тікелей беріледі.

Құралай Пернебайқызы / Жеке мұрағатҚұралай Пернебайқызы / Жеке мұрағат
Құралай Пернебайқызы / Жеке мұрағат

Ақ жаулықты әже бала дүниеге келгенде бірінші кезекте сәбиге ана сүтін емес, құрманы шайнап, оның шырынын беру керектігін алға тартты. Себебі құрма — адал ас. Бала адал болсын деген ниетпен беріледі. Исламда бұны "тахник" дейді. Содан кейін барып ана сүті берілгені абзал.

Бала қырық күнге дейін ерекше күтімді қажет етеді.

"Неліктен қырық күн деп сұрайтындар бар. Өйткені оған дейін ет пен сүйек екі бөлек болады. Осы аралықта баланың еті сүйекке жабысып, дамиды. Дүниеге ұл бала келгенде атам қазақ екі, қыз бала келгенде бір қойды сойып, садақа берген. Шелпек пісіріп, иіс шығарған. Бұл — бала жаңа өмірге қадам басты деген ежелден келе жатқан ырым. Егер жағдай келмесе, орамал таратқан. Ол баланың несібесі мол, қолы ашық, зекет беретіндердің қатарынан болсын деп жасалады. Сәби дүниеге келгенде жарық дүниені анық көрмейді. Көздері тұмандатып тұрады. Қырық күнге дейін қалыпты өмірге бейімделеді. Сондықтан ата-бабамыз баланы да, ананы да қырық күн бойы ерекше күткен. Тіл-көзден сақтану үшін оларды көпшілік ортадан тасада ұстаған", — деді отбасы құндылықарын насихаттаушы.

Сәбиді қырық күнге дейін күн сайын тұз суға шомылдыру қажет. Күнжіт майымен денесін майлап, аяқ-қолын созып тұру керек. Егер сәби дүниеге шашы мен тырнағы өсіп келсе, қырқына дейін оны алуға болады. Өйткені нәресте өзін жайсыз сезінбеуі керек. Ал қырқынан шығарарда ырым үшін міндетті түрде шашы мен тырнағы алынады.

"Ең алдымен қырқынан шығарарда суды дайындайды. Дұрысы бұлақ бастауы секілді таза жерден алып, оны алдымен қайнатып алады. Еңбегі сіңген апа-аталарға дұға жасатады. Әрбірі келесі бір ыдысқа қасықтап су құяды. "Ғұмыры ұзақ, бақытты болсын" деп баталарын береді. Ыдыс түбіне көбіне күміс бұйымдарын салып қояды. Қазақта "алтын сәндік үшін, күміс емдік үшін" деген сөз бар. Егер күміс қараймаса, демек ол су таза деген сөз. Қырық қасық су құйылған соң баланың барлық денесіне су тигізіп, шомылдырады. Су неліктен дененің барлық бөлігіне тиюі керек? Өйткені қырқынан шығаратын судың қасиеті болады. Бала ертең өскенде қандай да бір жарақат алып қалса, су тимей қалған тұсының жарақаты біразға дейін жазылмайды. Баланың шашы мен тырнағын елге сыйлы әжелері немесе ер кісіге ырымдап алдырады. Шашын қалтаға түйіп, бесігінің басына іліп қояды. Шаштың салмағындай күмістен садақа берген дұрыс. Ал тырнағын өсіп-өнсін деген ырыммен талдың түбіне көмеді", — деді ақ жаулықты әже.

Қырқынан шығарған кездегі ыдыс түбінде жатқан күмісті сол рәсімге келген әжелер мен келіндерге таратып береді.

Балаға қырқына дейін иткөйлек кигізеді. Құралай Пернебайқызының айтуынша, иткөйлекті тігудің өз жоралғысы бар. Ұзақ жасаған, аузы дуалы әжелердің көйлегінің қалдық матасынан иткөйлек тігеді. Оны бөпенің денесіне батпас үшін тігісін теріс қаратып тігу керек.

"Сәбиді қырқынан шығарған соң иткөйлекті бала тумаған келіндерге ырым етіп береді. Кейде иткөйлекке күллі тәттіні салып, қалта етіп түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Оны ауыл балалары итті қуып жүріп жесін, бала әділ, жүйрік болсын деп ырымдап жасайды. Қырық күндік бәлекет сонымен кетсін дейді. Бұл жоралғы көп жағдайда ауылды жерлерде жасалады, қазір қалада оны жасау қиын ғой", — деді Құралай Пернебайқызы.

Отбасы құндылықтарын насихаттаушы қазіргі заманда кей аналар балаға жөргек кигізіп, бесікке бөлеуді құп көре бермейтінін алға тартты.

Құралай Пернебайқызы / Жеке мұрағатҚұралай Пернебайқызы / Жеке мұрағат
Құралай Пернебайқызы / Жеке мұрағат

"Мен оны жалқау келіндердің тірлігі дер едім. Иә, кейде перзентханадан келген соң жас ана бой-басын жинай алмай жатқанда жөргек кигізеді. Сосын бала қолға ұстауға келгенше кигізуге болады. Ал бесікке жөргек кигізіп, бөлеу дұрыс емес. Өйткені бала бесікте емін-еркін жатуы керек. Тазалыққа бойы үйренеді. Әрі аяқ-қолы түзу болады. Бесік шыбын-шіркейден сақтап, баланың ұйқысы тыныш болады. Бесік басына нан байлап қояды. Ол баланы небір бәлекеттен сақтайды деп ырымдаған. Өйткені жаңа туған бала да, анасы да періште кейпінде болады", — деді ақ жаулықты әже.

Құралай Пернебайқызы өз сөзінде жаңа туған бала мен ананы ешқашан жалғыз қалдыруға болмайды деп отыр. Түнде ұйықтағанда жарықшам жаққан дұрыс.

Отбасы құндылықтарын насихаттаушы әже балаға "тікенек" қандай жағдайда шығатынын да айтып берді.

"Әйел жүкті кезінде шекілдеуік (пісте: автор) шағып, ащы тағамдарды көп тұтынса, балада "тікенек" шығып, мазасын алады. Ол кезде баланың ұйқысы бұзылып, жылауық келеді. Ол денесін майлап, уқалағанда байқалады. Саусаққа бірден сезіледі. Оны қолмен алып тастайды" деп сөзін түйді Құралай Пернебайқызы.

Экспресс К алдағы уақытта жаңа босанған ананың күтімі туралы жазатын болады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров