Сұлулық

Аршын төс, құмырсқа бел, бұлтиған бөксе. Сұлулықтың құны қанша? (видео)

Кәмшат ҚОПАЕВА

instagram.com/japarovaaigul

Қазір бөксесі бұлтиған, аршын төс, ерні үлкен, көзі "ботадай" тал бойында бір міні жоқ қыздар көп. Алайда бұндай арулардың көпшілігі мінсіз мүсінге қол жеткізу үшін қыруар қаржы жұмсап, операцияның көмегіне жиі жүгінеді. Әсіресе, соңғы уақытта құйрығын томпайтып, қарнындағы майды алдыратын нәзік жандар көбейіпті.

Ақтөбедегі пластикалық хирург Айгүл Жапарова Экспресс К тілшісіне липофилинг туралы айтып берді.

Соңғы жылдары сұлулық үшін "пышаққа" түсетін қыз-келіншектер көбейген. Қыздар мінсіз көріну үшін бар мүмкіндікті қарастырады екен. Спортпен шұғылданады, диета ұстайды. Ол көмектеспесе операция жасайды. Операцияның да қазір түр-түрі бар. Қалай көрінгің келсе, мүсініңді солай өзгертуге болады. Кейінгі жылдары "Еруопалық көз" синдромы белең алып, қыз-келіншектер сығырайған көзін үлкейтсе, қазір бөксенің томпайып тұруы сәнге айналған.

Бұл үшін денеге липофилинг жасайды, яғни бұл — мүсінді түзететін операция.

— Бұндай операция түрлері батыс мемлекеттерінде жақсы дамыған. Біздің елге келгеніне он жылдай болып қалды. Сұраныс жоғары. Қазір әйелдердің көпшілігі өзінің сымбатына мән береді. Мінсіз болуға ұмтылады. Менің алдыма 20 жастағы қыз бен 65 жастағы әйелге дейін келеді. Мәселен, кейбір қыздардың мүсіні ер адамның дене бітімі сияқты. Бөксесі жоқ, тегіс. Енді бірі қанша жерден спортпен шұғылданса да бөксесін томпайта алмайды. Осы кезде олар липосакцияның көмегіне жүгінеді, — дейді хирург.

Липосакция да — хирургиялық әдіс. Маман денені тесіп, түтік арқылы майды сорып алады. Алынған майды дененің кемшілігі бар тұсына салады.

instagram.com/japarovaaigulinstagram.com/japarovaaigul
instagram.com/japarovaaigul

20 жастан асқан қыздар сұлулық үшін пышаққа жиі түседі екен. Маман бұған әлеуметтік желінің де әсері бар екенін айтады. Себебі желідегі сұлу актриса мен әншілерді көргендер солар сияқты болғысы келеді.

Мүсіні мінсіз адам жоқ. Әлемге танымал өнер адамдарының барлығы операцияның көмегіне жүгінген,

— дейді хирург.

Хирург әр адам денесіне майды әр түрлі жинайтынын айтады. Бірі қанша толық болса да артық майлар көзге оғаш көрінбейді, енді бірінде керісінше. Мәселен, кейбір әйелдер майды екі балтырына жинайды. Бұлар жазда қысқа көйлек кие алмайды. Жүрген сайын үйкеліп, екі санның ортасы жараға айналып кетеді, енді біреулер білектегі майдан зардап шегеді. Майды қарынына жинайтын қыз-келіншектер тіпті көп көрінеді. Олар қайткенде одан құтылудың жолын қарастырады. Май жиналған сайын циллюлит пайда болады. Бұл нәзік жандыларды тіпті уайымға салады екен.

Жақында үш бала босанған 40 жастағы келіншек келді. Майды бөксенің екі жағына жинайды екен. Салауатты өмір салтын ұстанса да, артық салмақтан құтыла алмапты. Келіншектің қалауымен бөксенің екі жағындағы майды алып, бөксенің ортасына салып бердік,

— дейді маман.

Оның айтуынша, қазір әйелдер "бала босандым мүсінім өзгерді" деп отырмайды, қыздай болуға тырысады екен.

Әсіресе босанған келіншектер қарындағы майдан құтылу үшін липосакция жиі жасайды. Алынған майды бөксесін немесе сүт безін үлкейту үшін салып беруді өтінеді екен. Адамның өзінің майынан артық имплант жоқ көрінеді, Сондықтан денеден алынған майды әбден тазартып, бөксеге, бетке, сүт безіне салып, кемшіліктерді жасыруға болады.

instagram.com/japarovaaigulinstagram.com/japarovaaigul
instagram.com/japarovaaigul

Хирург қазір бөксесін үлкейту үшін Ақтөбеден бөлек Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал, Атырау қалаларынан келетіндер көп екенін айтады. Ал Ақтау қаласының нәзік жандылары көз бен сүт безін үлкейту үшін хабарласады екен.

Мүсінді мінсіз қылу үшін қомақты қаржы болуы керек. Мәселен, ең арзаны — иекке жасалатын операция. Оның құны —150 мың теңге. Иектегі артық тері мен майларды алып тастайды. Аяқтағы майды алу 400 мың теңгенің айналасында болса, бөксенің майын алып, құйрықты үлкейту 800 мың теңге. Бұл — Ақтөбедегі баға. Ал Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында бұндай операция түрлері бірнеше есе қымбат көрінеді.

Айгүл Жапарова қандай операция болмасын оның жеңілі болмайды дейді. Мәселен, бөкседегі майды алу 2-3 сағатқа созылады. Оңалып кету үшін кем дегенде 6 ай керек. Бір апта арнайы киім киеді, моншаға бармайды. Ал эндокриндік жүйесі қалыпты жұмыс жасамайтын, қантамыр, жүрек аурулары бар әйелдерге операция жасалмайды.

Операцияның барлығы асқынусыз бола бермейді. Денеге пышақ тию оңай емес. Сондықтан бұндай қадамға әйелдер әбден ойланып барып келген жөн. Алдыма келген әйелге операцияның мән-жайын түсіндіріп айтамын. Ал нақты шешімді әйелдің өзі қабылдайды,

— дейді хирург.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров