Исламда шахмат, дойбы, нарды ойындарына рұқсат етілген бе?


Pixabay
Шахмат пен нарды, сонымен қатар ел ішінде "шашки" деп аталып кеткен дойбы ойынын ойнауға бола ма? Бұл ойындар туралы шариғатта не айтылған?
Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Экспресс К.
Өңірдің бас имамының айтуынша, шахмат және дойбы спорттық ойын түрлеріне жатады.


"Шахмат пен дойбы спорттық ойын түрі болғандықтан оған ешқандай тыйым жоқ. Ол бойынша шариғат үкімі айтылған. Кейбір елдерде ислам ғұламалары бұл мәселені көтерген. Шахматты харам дейтіндері де бар. Бірақ қазір ондай емес. Бұл ойын түрлері кәдімгі — спорт. Ол адамның ой-өрісін, ойлау қабілетін дамытады. Ең бастысы, ғұламалардың қойып жатқан талабы мен шарты шахмат немесе дойбы болсын, негізгі құлшылық ғибадатқа кедергісі келмеуі керек. Яғни, намаз оқығанда кедергі болмауы шарт", — деді Еркебұлан Қарақұлов.
Оқи отырыңыз:
Егер адам шахмат немесе дойбыны ақша тігіп, бәстесіп ойнаса, онда оған рұқсат жоқ. Өйткені ол құмар ойынға жатады.
"Шариғатта кез келген құмар ойынға рұқсат етілмеген, харам болып саналады. Нарды ойыны да шариғатқа қайшы келеді. Сондықтан оған рұқсат жоқ" деп сөзін түйді дін өкілі.
Бөлісу