Шоу-бизнес

Баян Мақсатқызы Қайрат Сатыбалдының рейдерлік әрекеттерін әшкере етпек (видео)

Олжас НҰРЖАҚЫП

Баян Мақсатқызы / Қайрат Сатыбалды

Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алынған Елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалдының рейдерлік әрекеттерін түгелдей әшкере етуге дайын екенін мәлімдеді.

Тіпті ол күйеуінің де кәсібін күшпен тартып алған әрекеттердің құрбаны болғанын айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакция рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

"Рейдерлік әрекеттердің құрбаны біз секілді жүздеген кәсіпкер" деген Баян Алагөзова мәлімдемесін Іnstagram-дағы парақшасында жариялады. Бейнежазбада продюссер ұзақ үнсіз жүргенін, осы сәтті көптен күткенін айтады. Тіпті бұған дейін Алматы тұрғыны кәсібін Елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалдының тартып алғаны жайлы бейнематериалда өз есімінің де бар екенін растайтынын, сол іс бойынша нақты дәлелдер мен айғақтарды сот алдына куәгер ретінде тізіп беретінін мәлімдейді.

"Менен сіз осы рейдерлік әрекеттердің құрбаны болдыңыз ба деп жиі сұрайды. Әрине, бұл жерде жалғыз мен ғана емес, еліміздің жүздеген кәсіпкері өз кәсібінен айырылғаны халықты таңғалдыра қоймас. Бірақ "Галанз Ботлерс" компаниясының барлық заңсыздықтарын, кімге тиесілі екенін, оның айналасындағы серіктестерінің кім екенін толықтай жайып саламын. Және мен күйеуімнің кәсібін қалай тартып алғанын да толықтай баяндап беремін. Ұзақ жылдан бері көптеген кәсіпкер танымал тұлғалардың қысымынан ештеңе айта алмай келді. Міне, енді шындық ашылатын күн жетті. Жақын күндері елдегі ірі тұлғалардың есімдерін еститін боласыздар. Әділ тергеу болады деп үміттенемін", — деді Баян Мақсатқызы.

Продюссердің айтқан Galanz Bottlers компаниясы бүгінде елімізде түрлі сусындарымен танымал. Яғни "Maxi чай", "Sevens", "Garden" секілді нарықта белгілі сусындарды өндіреді. Аталмыш компанияның акцияларына бұған дейін Баянның күйеуі Тұрсын Алагөзов иелік еткен.

Оның бұл бейнежазбасына желідегі жұрт қолдау білдіріп жатыр. Бірі осындай заңсыз әрекеттерге барған шенділердің ісін белгілі адамдардың айтуы салмақты дегенді жазса, енді өзгелері шындықтың ашылатыны қуантады деген пікірлерін қалдырған.

Еске салайық, бұған дейін ЭК Елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалдының лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және аса ірі көлемде қаржы ұрлау дерегімен ұсталғанын жазған еді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров