Шоу-бизнес

"Бір жыл сахнаға шықпаймын". Жол апатына түскен Медеуов эксклюзив сұхбат берді

Лаура БИҒАЛИ

instagram.com/sayat_medeuov_888

28 ақпанда әнші Саят Медеуов жиен ағасымен бірге Талдықорғанға жете бергенде жантүршігерлік жол апатына ұшыраған болатын.

Әнші сол күні мәшинаны тізгіндеген туысынан екі мәрте рөлді өзіне беруін өтінген. Бұл туралы өнер иесі Экспресс К тілшісіне берген сұхбаттында айтты.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакция рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

Экспресс К: Саят, сіздің тілеуіңізді тілеп жатқан жандар көп. Қазір хал-жағдайыңыз қалай? Ауруханадан қашан шығасыз?

instagram.com/sayat_medeuov_888

Саят Медеуов: Қазір жағдайым жақсарып, бетім бері қарады. Палатаның ішінде балдақпен ақырын жүріп жүрмін. Ақ халатты абзал жандардың арқасында, жағдайым жақсы. Егер дәрігерлер рұқсат берсе 17 наурызда ауруханадан шығып, үйіме қайтамын.

Экспресс К: Сізге екі рет операция жасалғанын өнердегі досыңыз әрі әріптесіңіз Ербол Спанәлиевтен білдік. Қай жеріңізге операция жасалды? Осыны нақтылай кетсеңіз.

Саят Медеуов: Жамбас сүйек екі жерден және оң қолымның білек сүйегі сынған. Қатты соққыдан миым шайқалған. Дәргерлер сынған қолым мен жамбасыма бір күнде екі операция жасады. Қасымды, бетімді көліктің әйнектер тіліп кеткен. Бетімде енді тыртық қалады. Осы тыртықтар менің жаныма қатты батты. Ертең сахнаға қалай шығамын? Соны ойласам жүрегім ауырып кетеді. Оның үстіне қабырғам сынған.

Экспресс К: Жол апатына түскен күні көлікті кім тізгіндеп еді?

Саят Медеуов: Көлікті жиен ағам тізгіндеп келе жатқан. Мен қасында алдыңғы орындықта отырдым. Алматыдан Талдықорғанға таңғы сағат 3 пен 6-лар шамасында жолға шықтық. Талдықорғанға жете бергенде жиен ағамнан "егер шаршасаңыз рөлді маған беріңіз" деп екі рет өтіндім. Ол: "жоқ бәрі жақсы, шаршаған жоқпын", — деді. Содан кейін үшінші рет бір жақын жерден бір жарық түсіп тұрған орынды көрсетіп "мына жерге тоқтаңызшы ұйықтап алайық, ешқандай асығыс жоқ", деп тағы өтіндім. Жиенім: "жарайды, қазір тоқтаймын" деп келе жатқан еді. Ал мен сол кезде аяғымды шешіп, тоқтайды екен деп жатып қалдым. Екеуміз де ұйықтап кетіппіз. Қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлікке барып соғылдық. Таңғы сағат алты болатын. Жиен ағамның қатты соққыдан аяғы сынып, іш-құрылысына зақым келді. Дәрігерлер дер кезінде оның іш-құрылысын тігіп, операция жасап үлгерді. Қазір мен сияқты балдақпен жүріп жүр, жағдай жақсарып қалды. Ал біз соққан көліктің жүргізушісіне бір көліктің ақшасын бердік. Ол жаңа көлік сатып алды.

Экспресс К: 16 наурыз бен 30 наурызда өтетін концерттердің жарнамасында сіздің суретіңіз ілініп тұр. Бұл кешке қатыса аласыз ба?

instagram.com/sayat_medeuov_888

Саят Медеуов: Жоқ, концертке қатыса алмайтын болдым. Дәрігерлер кемінде 4-5 ай балдақпен жүруім керек екенін айтты. Бір жылға жуық сахнаға шыға алмаймын. Ең бастысы еліміз де, әлем де тыныштық болса екен. Күнде құдайдан соны тілеп жатырмын. Әлемде бейбітшілік орнаса екен.

Саят аға сұхбатыңызға рақмет.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров