Ғалымжан Жақиянов

Облыстардағы партия филиалына әкімдердің басшылық етуіне қарсы болдық - Жақиянов

Есен ҮРКІМБАЙ

Ғалымжан Жақиянов

Қазақстан халқына кезекті жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерден партия жетекшілігі міндетін алып тастауды айтқан болатын. Бұған қатысты бұрын Павлодар облысының әкімі болған Ғалымжан Жақиянов аймақтардағы партия филиалдарының басшылығы әкімдерге қалай міндеттелгені туралы мемуарлық кітабында жазған.

Павлодар облысының әкімі болған Ғалымжан Жақиянов мемуарлық кітабында өңірлердегі партия филиалына басшылық жасау қалай бекітілгені туралы жазды, деп хабарлайды Экспресс К.

Тоқсаныншы жылдары Семей, кейін Павлодар облысының әкімі болған Ғалымжан Жақиянов "Өмір белестері" атты мемуарлық кітабында "Отан" партиясына (Amanat партиясының алғашқы атауы) өңірдегі басшылық жасау кімнің бастамасымен қалыптасқаны туралы айтады. Ғасырлар тоғысында "Отан" партиясы құрылып, оған егемендік жылдарындағы алғашқы премьер-министр болған Сергей Терещенко басшылық жасаған. Президент партиясын қолдау әрі аймақтардан көп дауыс жинау облыс әкімдеріне жүктелген көрінеді.

"Отан" партиясы құрылғанда оның жетекшісі Сергей Терещенко "облыстардағы бөлімшелерді әкімдер басқарсын" деген ұсыныс енгізген. Бұл пікірді президент әкімшілігі қолдап, бізді едәуір қысымға алды. Әкімдердің кейбіреулері келісіп, басқалары ол жұмысты орынбасарларына тапсырып құтылған. Соңғыларының қатарына мен де жатамын. "Отанның" шаруасымен айналысуға аграрлық саладағы орынбасарым Александр Кошевойды бекіттім. Бірақ Александр Ивановичтің кезінде Ертіс аудандық партия комитетін басқарғанын ескере отырып, одан әкімшілік билігін орынсыз қолданбауды сұрадым", — деп жазады Ғалымжан Жақиянов кітабында.

Экс-әкімнің сөзінше, облыс әкімдерінің бұл міндетін орынбасарларына беруін партия жетекшісі Сергей Терещенко ризашылықпен айтып жүрген.

Бүгін жаңа жолдауында мемлекет басшысы партияда Президент пен әкімдердің мүше болмауы туралы айтып, көппартиялы жүйенің қалыптасуына мүмкіндік беретініне тоқталды.

"Президенттің өкілеттігі кезеңінде партия мүшелігін тоқтату міндетін заңмен бекітуді ұсынамын. Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заңмен тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполярлы партиялық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров