Жолдау

Жаңа облыстарды заңсыз байыған миллиардерлердің қаржысына құру керек – экономист

Олжас НҰРЖАҚЫП

Pixabay

Мемлекет басшысының халыққа жолдауында айтылған маңызды мәселенің бірі – бірқатар өңірде жаңа облыстарды құру. Әрине, бұл көптің көңілінен орын алғанымен, оның екінші жағы бар. Яғни, жаңа облысты құру үшін қанша қаржы керек.

Осы орайда Экспресс К белгілі экономист, Қазақстан ғалымдар одағының Президенті Оразалы Сәбденмен сұқбаттасты.

Оразалы СәбденОразалы Сәбден
Оразалы Сәбден

Экспресс К: Президент жолдауында жаңа облыс құру мәселесі айтылды. Жалпы бұл жұмыстарға қанша қаржы кетеді?

Оразалы Сәбден: Қазақстанда мынандай жағдайда облыс болады, я бола алмайды деген нақты критерий мен заң жоқ. Сол себепті жолдауда айтылған ұсыныстарды мен қолдаймын. Мұндай қадамға барғаны мені қуантады. Бірақ ең басты мәселе — қазіргі кризис кезеңінде бірнеше облысты қандай қаржыға құрамыз. Әрине, нақты цифрларды айту қиын. Оны әр өңірді құрар алдында есеп жүргізеді. Сол кезде белгілі болады. Бірақ бір білетінім, бұл іске өте көп қаржы кетеді.

Сондықтан, онсыз да сіңірі шыққан халыққа бұл жұмыстарды жүргізу ауыр тимей ме? Қаражат бюджеттен бөліне ме, әлде, елдегі 30 жыл бойы заңсыз байыған миллиардерлердің, ұрланған ақшалардың есебінен жүргізіле ме? Соған басты басымдық берген дұрыс.

Экспресс К: Себебін ашып түсіндіре кетсеңіз? Неліктен бюджеттен емес, ұрланған ақшаның есебінен жүргізу керек?

Оразалы Сәбден: Экономист ретінде осы іске қаржыны қайдан алады екен деп ойлаймын. Себебі, бюджеттен бөлінсе, халықтың аузындағысын жырып алған болып саналады. Салдарынан біраз әлеуметтік бағдарламаларға бөлінген ақша қысқарады. Онсыз да қаржы тапшылығы қысқан халық қазіргі дағдарыс кезеңінде тіпті есеңгіреп қала ма деп уайымдаймын. Сондықтан менің ұсынысым мынадай: қазір Forbes тізімінде тұрған қазақстандық миллиардерлердің басы ұсталып жатыр емес пе. Олардың әрқайсысының байлығына бір-бір облыстан құруға болады. Міне, сол шетел асырған, ұрлаған қаражатты осы іске құю керек. Байлардың атын атап, түсін түстемесем де, халыққа бәрі белгілі. Тіпті әр миллиардерді бір облысқа қойсаңыз, еліміз гүлденіп шығар еді. Міне, басты мән беретіні осы болу керек. Қаржы.

Жалпы мен Шығыс Қазақстандағы Семей өңірін бөлек облыс ретінде құру керегін 2020 жылы ұсынған едім. Арнайы Президентімізге хат та жаздым. Өйткені тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың көп зиялылары Алаштың астанасынан шықты. Хәкім Абай, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынұлы, Шоқан Уәлиханов сынды зиялыларымыз шыққан жерді жауып тастау қиянат деп дабыл қақтым. Бірақ ол кезде мән берілмеді. Қазір қайта қолға алынған екен. Жақсы бастама. Бірақ бұл жерде саяси жағына емес, экономикалық жағына да аса мән беру өте маңызды деп айтар едім.

Экспресс К: Сұқбатыңызға рақмет.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров