Ұлытау облысы

Ұлытау облысы құрылатынын естіген қарттар балаша қуанды

Есен ҮРКІМБАЙ

Видеодан кадр

Желіде Президент жолдауы кезінде Жезқазған өңірі дербес облыс болады дегенді естіген ардагерлер жас баладай қуанған бейнежазба тарады. Қатты шаттанғандардың арасында көз жасына ерік бергендер де бар.

Жезқазған өңірінің Ұлытау облысы болып қайта құрылатынын естіген сәтте жергілікті ақсақалдардың қатты қуанғаны көпшілікті елжіретті, деп хабарлайды Экспресс К.

Желіде тараған бейнежазбада Жезқазғанда бір топ ел ақсақалдары жолдауды тікелей эфирден тамашалаған. Президент облыстарды қайта құру бойынша Жезғазған өңірін атағанда қарттар балаша қуанып, бір-бірін құшақтап, "уралап" кетті. Арасында егде жастағы әйелдер толқығаннан көз жастарына ерік берді.

Қуанышты сәтті көргенде де жүрекжарды лебіздерін арнап, "Қандай керемет!", "Балаша қуанып жатыр, қайтсін енді", "Шынайы қуаныш қой" деген пікірлер білдірген.

Жезқазған облысы 1973 жылы іргесі қаланып, 1997 жылы еліміздегі оңтайландыру кезінде Қарағанды облысының құрамына қосылған. Арада 25 жыл өткенде Президент өңірді Ұлытау облысы болып қайтадан ашылатынын мәлімдеді.

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті жолдауын жолдады. Бірқатар әлеуметтік-экономикалық дамуды сөз ете келе, республика аумағында үш облыс қайтадан құрылатынын атады. Олардың қатарында Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары бар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров