Еділ Жаңбыршин

Еділ Жаңбыршин: "Заңдарды Сенатқа жібермей-ақ, Мәжілісте қабылдай беру керек"

Бек ТӨЛЕУОВ

Еділ Жаңбыршин

Соңғы кездері Парламентте атқарушы билікке өткір сауалдар жолдап, батыл ойларымен көзге түсіп жүрген депутат Еділ Жаңбыршин кешегі Президент жолдауында көтерілген бастамаларға қатысты өз ойын білдірді.

Ол заңның бәрін Мәжілісте қабылдап, бірден Президенттің қол қоюына жіберу керектігін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Экспресс К: Қайтадан үш облыс құрылатын болды. Бұған шамамыз жете ме?

Еділ Жаңбыршин: Мүмкіндігіміз толық жетеді. Қазақстанда байлық та, ресурс та, потенциал да бар.

Экспресс К: Алматы облысын екіге бөлінетіні айтылды. Бұл қандай қажеттіліктен туындады?

Еділ Жаңбыршин: Өзім Алматының тумасы болмасам да, сол жақта оқыдым. Облысты көп араладым. Қызмет те атқардым. Мұндай шешімдер әбден пысықталып барып қабылданады. Сондықтан дұрыс шешім деп ойлаймын. Президент халыққа әкімшілік аумақтық бөлініс қолайлы болу керектігін айтты. Алматы облысы — еліміздегі үлкен аймақтардың бірі. Сондықтан екіге бөлудің себебі түсінікті деп ойлаймын.

Экспресс К: Парламентте де біраз өзгеріс күтіп тұрған тәрізді.

Еділ Жаңбыршин: Көптеген заңдарға, тіпті Конституцияның өзінің 30-дан астам бабына өзгеріс енгізілетіні айтылды. Бірнеше заңдар қабылданады. Әкімшілік-аумақтық құрылымдардың өзгеруіне, суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік басқаруға ауысудың өзі заңдық өзгерісті қажет етеді.

Экспресс К: Күшті Президент, еститін Үкімет, ықпалды Парламент. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктің үш тармағына қатысты позициясы. Осыған тоқталып көрсек?

Еділ Жаңбыршин: Күшті Президент жүйесі түсінікті. Мемлекет басшысының қолында қазір көп фунция бар. Құқық қорғау және арнайы орган басшыларын жинай алады. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесін өз қолына алды.

Ал Парламентке енді көптеген мүмкіндіктер беріп жатыр. Бюджет жөніндегі есепті жылына екі рет тыңдаймыз. Өңірлерден тәуелсіз депутаттар қосылады. Бұл Парламенттің ішіндегі бәсекелестікті арттырады. Сонымен қатар Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылады. Ол Мәжіліске есеп береді.

Экспресс К: Парламенттегі Мәжіліс пен Сенат арасындағы құқықтық реттеуге қатысты не айтасыз?

Еділ Жаңбыршин: Заңның барлығы Мәжілісте талқыланды. Жеті комитетіміз бар. Сондықтан заңдарды Сенатқа жібермей-ақ, төменгі палатада қабылдау керек.

Экспресс К: Осыдан 25 жыл бұрын жабылған төрт облыстың үшеуі енді қайта ашылатын болды. Тек біреуі қалды. Ол — Торғай облысы. Әлеуметтік желіде осы өңірдің тұрғындары бізге неге мұндай бақыт бұйырмады деп жатыр…

Еділ Жаңбыршин: Негізі ол облыста ашылатын шығар деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Болашақта ол облысты да ашу керек деп санаймын.

Экспресс К: Абай, Дінмұхамед Қонаевтардың есімі облыс, қала аттарына берілетіні айтылды. Егер Торғай облысы қайта ашылса, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының есімін беруге болатын шығар?

Еділ Жаңбыршин: Әбден лайық. Биыл Ахаңның туғанына 150 жыл. Жалпы, ұлт үшін күрескен азаматтардың есімін қай қалаға берсе де лайық.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров