Несие

Бастапқы жарнасыз несиеге автокөліктің қашан берілетіні белгілі болды

Олжас НҰРЖАҚЫП

elements.envato.com

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген несиемен арзан көлік алу бағдарламасының қашан іске қосылатынын айтты. Қазір бағдарлама әзірленіп жатыр.

Барлық процесс дұрыс аяқталса сәуір айының соңында ел азаматтары бастапқы жарнасыз арзан көліктерге қол жеткізе алмақ, деп хабарлайды Экспресс К.

Қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе отырып, "Жасыл Даму" АҚ қаражаты есебінен ел азаматтарының жеңілдетілген несиеге автокөліктер сатып алуы, сондай-ақ автобустар паркін жаңарту бағдарламасын әзірлеуде.

Отандық өндірілген техниканы сатып алу шарттары, сондай-ақ қаржыландыру тәртібі мемлекеттік органдарда келісу рәсімдерінен өту сатысында. Сәуір айының соңына дейін барлық рәсімдерді аяқтау жоспарланып отыр,

— делінген ақпаратта.

Бағдарламаның ерекшелігі — онда бастапқы жарна жоқ. Несие мерзімі 7 жылға дейін және 1 автокөлік үшін несиенің ең жоғары сомасы 10 000 000 теңгеден аспайды. Сондай-ақ жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бойынша қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 100 миллиард және Қазақстан аймақтарында автобустарды жаңартуға шамамен 30 миллиард теңге болады.

Еске салайық, бұған дейін 4 пайыз несиемен алуға болатын көліктің 24 түрі белгілі болған. Бірақ соңғы уақытта елдегі валюта бағамының тұрақсыздығы автосалондардағы көлік бағасына да әсер етіп отыр. Соның салдарынан жеңілдетілген несиемен алуға болатын көліктің 7 маркасында да өзгеріс бар.

Мысалға, Lada-ның модельдері алғаш бағдарлама әзірленгендегі бағадан басқаша. Кемі 1 миллион теңгеге қымбаттаған. Бұған дейін ең арзаны болған Granta құны ресми дистрибьютор сайтында 5 232 000 теңгеге (бұған дейін 3,7 млн теңге ), Niva Legend — 6 522 000 (бұған дейін 5,3 млн теңге), Largus — 7 057 000 (бұған дейін 6 млн теңге) бағаланған.

Сол секілді Chevrolet, Kia мен Hyundai, JAC, Renault, УАЗ Hunter маркалы көліктердің де бағалары шарықтап барады. Дәл осылай жалғасса, бағдарлама басталған сәтте автосалондардан несиеге алуға болатын аталмыш көлік маркаларының 24 түрінен санаулысы ғана қалуы әбден мүмкін.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров