ХҚКО

Шымкентте АвтоХҚКО-ға келген халық қоршаудан секіріп, кезекке жүгірді

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

Шымкентте мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы алдындағы ұзын-cонар кезек жұртты шошытты.

Орталыққа жиналғандардың видеосы әлеуметтік желілерде әп-сәтте тарап кетті, деп хабарлайды Экспресс К.

Бейнежазбадан АвтоХҚКО алдында тұрған кезек күтушілерді көруге болады. Кезекке таласқандардың кейбірі қоршаудан секіріп, орталыққа қарай жүгіреді.

Желі қолданушылары халықты әбігерге салған орталық қызметін сынның астына алған.

"Не боп жатыр өзі?", "Жүргізуші куәлігіне таласқандар ғой", "Қоршаудан секіріп жатқандарға куәлік мүлдем бермеу керек. Ертең жолда да тура солай жабайылық танытады", "Цифрландыру деп жар саламыз. Осыдан кейін қайдан дамимыз?", "Сонда алдын ала брон жасап, қызмет көрсетуге болмай ма?", "Жүргізуші куәлігін алу үшін күнде келесің. Кезегің жетпей, үйге қайтасың. Амалы таусылған соң осылай жүгіреді енді" деп жазды желі қолданушылары.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалындағылар бұл оқиға №1 автоХҚО-да болғанын растады. Алайда олардың мәліметінше, видеода болған жағдай бойынша ешқандай құқық бұзушылық тіркелмеген. Сондай-ақ мүлікке ешқандай зиян келмеген. Ал орталық штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

"Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы N1 мамандандырылған ХҚКО-да С1 (жүк газель) санаты бойынша практикалық жүргізуші емтиханын тапсырғысы келетіндердің саны көп. Тәжірибелік емтихан тапсыруға ниет білдірген азаматтар саны да көбейді. №1 АвтоХҚКО-ға Шымкент қаласының тұрғындарының ғана емес (халық саны — 1 миллионнан астам), бүкіл Түркістан облысының (халық саны — 2 миллионнан астам адам) жүгінуі жағдайды қиындатып отыр. Келушілердің көптігін ескере отырып, қазіргі уақытта автоХҚКО-ның жұмыс істеу уақыты ұзартылды. Сондай-ақ С1 санаты бойынша емтихан тапсыруға қосымша автокөлік бөлінді. Сонымен бірге С-1 санатындағы көліктерге GPS-тер орнатылғанша Полиция департаменті практикалық емтиханды комиссия арқылы қабылдау мәселесін пысықтап жатыр", — деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалындағылар.

Жауаптылардың мәліметінше, №1 мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері 19, 20 және 23 наурыз күндері сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейтінін алға тартты.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров