Елжан Біртанов

Прокурордың дәйектерінің бәрі жалған - Біртанов

Экспресс К

Елжан БІРТАНОВ / Видеодан кадр

Елордада бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот жалғасып жатыр. Прокурор алғашқы шешім шығару кезінде сот тарапынан қателіктер кеткенін ескеріп, істі қайта тергеуге жіберген болатын.

Айыпталушы прокурор келтірген дәйектердің бәрі жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Экспресс К.

Экс-министрдің адвокаттары тергеушілердің де, прокуратура қызметкерлерінің де Біртанов ісіне себепші болған платформаға қатысты құжаттармен олар ағылшын тілінде жазылғандықтан таныспағанын айтады.

"Адвокаттарымның айтқанына қосыламын және прокуратура қызметкерлерінің істі қайта қарау үшін берген өтініштеріне қарсылық білдіремін. Тағы бір ескеретін маңызды жайт: прокуратураның арызында прокурор Жарасбаевтың біздің арызымызды 13 қаңтар күні жұмыс уақыты біткеннен кейін қабылдағаны көрсетілген. Ол тарап бұл уақытта істің сотқа кетіп қалғанын айтып отыр", — дейді Біртанов.

Айыпталушы дәл сол күні жұмыс уақытында өзінің прокурор Жарасбаевпен кездескенін айтады.

"Істі сотқа жіберердің алдында прокурор Жарасбаев және Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері маған келіп айыптау актісін табыстамақ болды. Мен өз адвокаттарымның қатысуымен өткен сол кездесуде прокурор мен агенттік қызметкерлеріне арызымды көрсеттім. Ол арыз іс сотқа жіберілгенге дейін қарастырылуға тиіс болатын. Бұл кездесудің бейнежазбасы бар. Прокурордың біздің арызымызды жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін алдым дегені жалған, сол себепті оның сөзі ескерілмеуге тиіс", — деп мәлімдеді бұрынғы министр.

Біртанов өзінің істі болуына себепші платформа мәселесіне де тоқтала кетті.

"Бізді айыптаушы тарап аудармаға қарсы болса, құжатта не жазылғанын түсіну үшін барлығымыздың істі ары қарай ағылшын тілінде жалғастыруымызға тура келеді. Онда платформаның жұмыс істеп тұрғаны анық айтылған. Құжатты аударудан бас тартқан прокуратура мен тергеушілердің әрекеті заңсыздық. Осыны ескеруді сұраймын", — деп сөзін қорытындылады Елжан Біртанов.

Бұған дейін ЭК бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Біртановқа қатысты істің Бас прокуратураға қайтарылғаны туралы жазған болатын.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров