Өксікбаев: "Қапшағайға Қонаевтың есімін беру 30 жылдан бері айтылып келеді"

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Омархан Өксікбаев / Дінмұхамед Қонаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың атын беру туралы ұсынысты қолдайтынын айтты. Ал бұл бастаманы кімдер және қашан көтерді? Жалпы, Жолдаудан халық нені күтеді? Ұлттық валютамыздың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекет нені басты назарға алуы қажет? Петропавл мен Павлодардың атаулары қашан өзгереді?

Бұл сұрақтардың жауабын Экпресс К тілшісі Есеп комитетінің бұрынғы төрағасы, Парламент Мәжілісі V және VI шақырылымдарының депутаты, белгілі экономист Омархан Өксікбаевтан сұрап көрді.

Мемлекет қайраткерінің айтуынша, соңғы жылдары елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдай жаңа реформалық өзгерістерді қажет етіп отыр.

"Біз 30 жыл бойы алдымен экономика деп, саясатты артқа шегіндіріп отырдық. Алдымен аяқтан тұрып алайық деп жүрдік. Әрине, оның дұрыс тұстары бар. Бірақ саясат пен экономика қатар жүрмесе болмайтыны — айдан анық дүние. Қасіретті қаңтардағы оқиға бұл мәселені кешеуілдетуге болмайтынын көрсетті. Мемлекет басшысы осы жағдайларды назарға ала отырып, бүгінгі таңдағы саяси реформаларды баппен жасау керектігін ескеріп, соның алғашқы этапын паш етті деп отырмыз. Бұл — күрделі өзгерістер. Ең бастысы, Президенттің дербес билікті монополия жасап алу қателіктерге әкелетінін айта отырып, көптеген өкілеттігін Парламентке беру және соның ашықтығын, тазалығын қамтамасыз ету мәселесін көтергені көңілге қонарлық жағдай деп айтсам қателеспеймін. Әрине, бұның барлығының екінші этапы бар. Ол — жүзеге асу жолы. Бұл жерде соның барлығын дұрыс қолдап, ырду-дырду мен созбалаңға салмай, заң жүзінде шегелеп тұрып, дұрыс жағдайға келтірсек алға басқан қадамымыз болады деп ойлаймын", — деді Омархан Өксікбаев.

Экономист Президенттің саяси аренаға партиялардың келуін жеңілдету мәселесін көтеруі елдің мүддесі үшін екенін атап өтті.

"Бұл дегеніміз көшеге шығып айқайлау емес, мінберлерде тұрып, өз ойларын жеткізу. Бастысы, елдің мүддесі болуы керек. Соларды елдің болашағына жұмыс істету деп білемін. Президент соны көздеп, осы жағына баса көңіл аударып отыр... Мемлекет басшысы кешегі Жолдауда өз мүддесі қандай екенін анық айтты. Ол — Қазақстан тәуелсіздігін сақтап, ел мен жерді бүтін етіп болашаққа аманат етіп жеткізу", — деді ол.

Мемлекет қайраткері ұлттық валютамыздың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстанның сыртқы айналымының 60 пайызы Ресеймен болған. Ал ондағы қазіргі ахуал біздің де валютаға кері әсерін тигізіп отыр.

"Біз бұған дейін халықтың мұқтажын қамтамасыз ету үшін сырттан алып отырдық. Дамимын, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етемін, жағдайын жасаймын деген әр мемлекет алдымен ішкі өндірісін қалыпқа келтіруі керек. Мен өзім "үстіңдегі киіміңнің нешеуі сырттан келген, қаншауы өзіміздікі?" деп жиі айтамын... Егер біз өзімізді өзіміз тамақтандырып, өзімізді өзіміз киіндіретін болсақ, көп дүниенің кілті табылар еді. Ата-бабамыздан қалған жер қойнауын сата бермей, соны болашаққа қалдырған болар едік. Алайда біз амалсыздан ол байлықты шашып отырмыз. Өйткені ішкі өндірісіміз жоқ. Сырттан келетін тауарға тәуелдіміз. Валютамыздың тұрақсыздығы содан", — деді Омархан Өксікбаев.

Президент Жолдауда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылатынын да атап өткен болатын. Кезінде Есеп комитетін тоғыз жыл басқарған экономист Омархан Өксікбаев аудиторлық палатаны құру мәселесі бұған дейін де айтылған. Және оны көтергендердің бірі өзі екен.

"Кейде мекеме аты дұрыс қойылмаса, бұл оның функциясын шектейді. Қазіргі Есеп комитеті республикалық бюджеттің атқарылуын бақылайтын орган. Бізде бюджеттік бақылау процесі деңгей-деңгейге бөлініп тасталған. Сондықтан оның толыққанды ашықтығы жоқ. Осы мәселеде біз бюджеттің толыққанды қандай әлеуметтік мәселені шешіп жатқанын, білім, денсаулық саласы болсын, мемлекет толық қанша қаражат шығарып жатқанын біз біле алмаймыз. Одан халық толық ақпарат ала алмайды. Осы жағдайда аудиторлық палата төрт деңгейлі бюджетімізді бақылап және соның тиімділігіне, негізділігіне баға беретіндей болуы керек. Барлық бюджеттің, мемлекетке тиесілі басқа да қаржы активтерін бақылайтын функциясы күшейеді. Ол заң арқылы тағы нақтыланып, бұл палатаға басқа да функционалдық міндеттер жүктелетін шығар деп ойлаймын. Өйткені Есеп комитеті бюджет шығысын ғана бақылайды. Кірісі, яғни сыртқы бақылау назардан тыс қалып отыр. Ол тек салық органының құзырында. Олар салықты жинайды, бақылайды және соның төңірегінде ақпарат береді. Ал салық қаншалықты толыққанды жиналып жатыр? Кімге қандай теңшілік беріліп жатыр? Кімге қандай сұраныс болып жатыр? Соның бәрін сыртқы бақылау айтып, баға беріп отырады. Меніңше, Жоғары аудиторлық палата бұл құзырды алуы тиіс", — деді экономист.

Президенттің айтуынша, Жоғары аудиторлық палата Парламентке жылына екі рет есеп беріп отырмақ. Омархан Өксікбаев бұл өте орынды деп санайды. Өйткені әлемдік стандартта солай. Аудиторлық палата бюджеттің олқылықтарын, кемшіліктерін депутаттарға дер кезінде жеткізіп отырса, бюджет жобасын талдағанда депутаттарға оның ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Мемлекет қайраткері Қапшағай қаласына қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру бастамасы осыдан 30 жыл бұрын көтерілген деп отыр. Алайда түрлі себептермен қолдау таппаған.

"Мен бұл бастаманы Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы қарсаңында әлеуметтік желідегі парақшамда жазып едім. Қапшағай қаласына Қонаевтың есімін беру жалғыз менің емес, көптен бері көтеріліп жүрген мәселе. 90-шы жылдардың басынан бері айтылып келе жатқан көпшіліктің ұсынысы дер едім. Бірақ түрлі себептермен кешеуілдеп отырды, қолдау таппады. Қазақта "жақсының аты өлмес" деген бар ғой. Ол кісінің жақсылығы — халық есінде. Неге дәл Қапшағай десеңіз, қала сол кісінің бастамасымен салынған. Небір зауыт, фабрикалар бой көтерді. Кейін билік ауысып, жақсы идеялар жолда қалды. Болашағы зор қалаға қасиетті ағамыздың есімін беріп жатсақ, халық та қуанады деп білемін. Өз басым ол кісіні еліне адал қызмет еткен, қара бастың емес, көптің қамын ойлаған басшылардың бірі деп танимын. Аграрлы Қазақстанның индустриалды республика болуына көптеген ықпал жасап, небір алып станоктар шығаратын, қосымша тауар өндіретін өндіріс орындарын Қазақстанға әкеп салдырған адамның бірі", — деді Омархан Өксікбаев.

Кешегі Жолдаудан кейін қазақстандықтар арасында Петропавл мен Павлодар атаулары қашан өзгереді деп қызу талқылағандар да болды. Мемлекет қайраткері әр нәрсе өз уақытымен келетінін алға тартты. Өйткені бұл бастаманы қолдайтындар да, қарсы шығатындар да бар деп отыр Өксікбаев.

"Оның да кезегі келеді. Оның бәрінің артында қолдайтын, қолдамайтын адамдар барын ескеру керек. Ең басты мәселе — мемлекетіміздің тұрақтылығы, ауызбіршіршілігі мен ынтымағы. Эмоцияға беріліп, жақсы идеямызға қарсы адамдарды шығарып алып, кикілжің жасаудың қажеті жоқ. Қаншама жылдан соң Қонаевты да жаңғыртып жатырмыз ғой. Қисыны келмей жүрген дүние енді паш етіліп отыр. Петропавл, Павлодардың да кезегі келеді деп білемін", — деп сөзін түйді мемлекет қайраткері.

Омархан Өксікбаев бұған дейін Экспресс К тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, қаңтар оқиғасынан кейінгі ахуал туралы өз ойымен бөліскен болатын. Мемлекет қайраткері ел экономикасының құлдырауына кімдер кінәлі екенін айтты.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров