Оралғайша Омаршанова

Серік "Голованың" қолынан қаза тапқан журналист күйеуін тапсырыспен өлтірген бе?

Ержан ШАЙЖАН

Оралғайша Омаршанова / Марат Шәріпов

14 жыл бұрын жоғалып, жақында ғана сүйегі табылған журналист Оралғайша Омаршанованың күйеуінің туыстары марқұм келіндерін ауыр қылмысқа барды деп айыптап отыр. Олардың айтуынша, 24 жыл бұрын із-түссіз жоғалып кеткен Марат Шәріповтің өліміне әйелінің тікелей қатысы бар.

Оның сүйегін әлі күнге таппай отырған туыстары Экспресс К тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

Сұхбат Мараттың әпкесі Гүлнар Шәріповамен арада өрбіді.

Экспресс К: Бізге келіп, сұхбат беруіңізге не түрткі болды?

Гүлнәр Шәріпова: Жақында Экспресс К сайтынан Оралғайша Омаршанова туралы хабарды оқып, 14 жылдан кейін сүйегі табылғанын білдім. Серік "Голова" деген қылмысын мойындапты. Серік Жаманаев пен Оралғайша — бір-бірімен өте жақсы араласқан адамдар. Мен Серіктен інім туралы сұрап, қандай да бір ақпарат алғым келеді. Марат Шәріпов менің туған інім. 1966 жылы дүниеге келген.

Үйде 7 баламыз. Мен үйдің үлкенімін. Менен кейінгісі осы — Марат. 24 жылдан бері не өлі, не тірі екенін білмей отырмыз. Осы уақыт ішінде тірі болса, ендігі келер еді ғой. Менің бауырымның көзін құртқан Оралғайша Омаршанова. Бірақ тірісінде қанша тырысқанымызбен оны жазаға тарта алмадық. Менің, бауырларымның, қарт анамның жалғыз мақсаты — Мараттың сүйегін тауып, дұрыстап жерлеп, басына белгі қою.

Гүлнәр Шәріпова / © ЭК/Ержан ШАЙЖАНГүлнәр Шәріпова / © ЭК/Ержан ШАЙЖАН
Гүлнәр Шәріпова / © ЭК/Ержан ШАЙЖАН

Экспресс К: Оқиғаны басынан баяндап беріңізші. Оралғайша Омаршанова әулетке қашан келін болып түсті?

Гүлнар Шәріпова: Марат — Аягөз қаласының тумасы. Оралғайша Омаршанова да сол жақта туған. Екеуі 1987 жылы қыркүйек айында үйленіп, ол біздің әулетке келін болып түсті. Оралғайша ол кезде Қарағандыда оқитын. Ал Марат Аягөзде бокстан бапкер болып жұмыс істеді.

Екеуі отбасын құрғаннан кейін Оралғайшаның оқуына байланысты олар Қарағандыға көшті. Бірақ Оляның (Оралғайша) денсаулығына байланысты олар көп ұзамай Аягөзге қайтып келді. Оқуын ары қарай жалғастырған жоқ. 90-шы жылдары аумалы-төкпелі заман болды ғой. Сол уақытта Марат бизнеспен айналысып, Талдықорғанмен екі ортада жүрді. Кейін екеуі Талдықорған маңындағы Қарабұлақ деген жерге көшті. 1 жылдан соң әке-шешемді сонда көшіріп алды. Ал өздері Талдықорғанда пәтер жалдап тұрды.

Экспресс К: Екеуі қандай отбасы еді? Араларында қанша бала бар?

Оралғайша Омаршанова/Марат Шәріпов/Жеке мұрағаттанОралғайша Омаршанова/Марат Шәріпов/Жеке мұрағаттан
Оралғайша Омаршанова/Марат Шәріпов/Жеке мұрағаттан

Гүлнәр Шаріпова: Тату-тәтті тұрды деп айта алмаймын. Екеуі жиі ұрсысатын. Араларында бала болған жоқ. Бірақ үлкендердің айтуымен олар сәбилер үйінен кішкентай қызды асырап алды. Оған Құндыз деп ат қойдық. Сөйтіп, олар Талдықорғандағы Ләззат Асанова көшесіндегі пәтерінде тұрып жатты. Сол уақытта Оралғайшаның сотталып кеткен бауыры түрмеден босап келеді. Сол қалай келді, екеуінің арасы дұрыс болмады.

Ол жігіт түрлі қылмыс жасағаны үшін түрмеге бірнеше рет түскен адам. Сол кезде менің сіңлім баласын босанғаннан кейін қатты ауырып, ауруханаға түседі. Марат өзі жұмыста жүргеннен кейін Оралғайшаға қарындасының ем-домының ақшасын сен төлеп отыр деп тапсырған.

Біз ол кезде Семейде тұрамыз. Сіңлім ауыр халде жатыр дегеннен кейін біз келдік. Сөйтсек, күйеу баламыз "қарызға дәріханадан дәрілер алып жатырмын, маған енді қарызға бермейді деді. Содан біз қалай қарызға алып жатырсың? Марат төлеп жатыр ғой" десек, "жоқ" дейді. Сөйтсек, Оралғайша ақшаны сіңіліме жіберіп жатырмын деп Маратты алдап, өзінің есірткімен ұсталған бауырына жіберіп отырыпты.

Кейін оның арты ашылып, үлкен жанжал болды. Содан кейін Марат Оралғайшамен "ажырасамын, арамыз дұрыс емес, бізде күнде жанжал" деп айтты. Біз "жарайды, өздерің шешіңдер, ана Құндызды қайтесіңдер, балаға обал жасадыңдар ғой" деп едік, "берсе алып кетемін, бермесе сырттай көмектесемін" деді. Марат сәуірдің ортасында Семейге көшпекші болған. Бірақ ол жоспары орындалмады. Ініммен ең соңғы сөйлескеніміз осы болды.

Экспресс К: Екеуі осы жанжалдан кейін ажырасып кетті ме? Мараттың жоғалып кеткенін қашан естідіңіздер?

Гүлнәр Шәріпова: Жоқ, ол кезде екеуі ажыраспады. Бірақ араларында жанжал болып жатты. 15 сәуір күні түнде менің күйеуіме Оралғайшаның сотталып келген бауыры Жанат телефон соқты. "Марат жоқ. Бірақ ешкімді шулатпай тұра тұрыңдар. Мүмкін, келіп қалатын шығар, таппай жатырмыз" деді. "Қашан кетті" деп сұрасақ, "күндіз кеткен, содан жоқ" дейді.

Бұл 1997 жылдың сәуірі болатын. Жолдасымнан сұрасам, түрі бұзылып кетіпті. Маған "Маратты білесің ғой. Өзі де соңғы кездері үйіне қонып жүрген жоқ. Келетін шығар, уайымдама" деді. Бұлар Марат 3-4 күн үйге келемесе іздемейтін, аяқ астынан неге іздеп жатыр деп ойладық. Содан біз жан-жаққа хабарласа бастадық. Туыстардың барлығына қоңырау шалып, Маратты іздедік. Содан ертесіне Оралғайшаға хабарлассақ, "Марат өзіне қарыз Сейдахмет Нұрсейітов деген танысына кеткен болатын. Содан бері әлі келген жоқ" деді.

Марат Шәріпов / Жеке мұрағаттанМарат Шәріпов / Жеке мұрағаттан
Марат Шәріпов / Жеке мұрағаттан

Экспресс К: Полицейлерден қайран болмады ма сонда?

Гүлнәр Шәріпова: Біз Семейден Талдықорғанға келіп, полицияға арыз жаздық. Сол кезде Оралғайша бауыры екеуі неше түрлі қылық шығара бастады. Біресе хат тауып әкеліп, "Маратты біреулер ұстап отыр екен. Босату үшін ақша сұрап жатыр" деді. Бірақ бізге өйтіп ешкім хабарласқан жоқ. Тек екеуі кезек-кезек сондай хаттарды бізге әкеп тұрды. 10 мың доллар ақша сұраған. Біз келісіп, ақшаны қайда апарамыз дегенде Алматыдағы Сайранға әкеліңдер депті.

Содан біз полицияға хабар беріп, арнайы операцияға дайындалдық. Ақша талап еткендер "Оралғайша жалғыз келсін. Ақшаны сол әкелсін. Үстіне қызыл киім кисін" депті. Бірақ Оралғайша кездесуге қара түсті киіммен келді. Неге өйттің деп полиция қызметкерлері сұраса, "менің киімім кеппей қалды" депті. Содан Сайранда ол ары жүреді, бері жүреді. Кездесуге, ақшаны алуға ешкім келмейді. Біз Оралғайшаға сол кезде күдіктене бастадық. Өйткені ол біріншіден кездесудің шартын бұзды. Бұдан бөлек, хаттарды неге тек бауыры екеуіне ғана жолдаған?

Жанат Омаршанов/ Жеке мұрағаттанЖанат Омаршанов/ Жеке мұрағаттан
Жанат Омаршанов/ Жеке мұрағаттан

Экспресс К: Келініңіз бен оның інісіне деген күдігіңізді өздеріне айттыңыз ба?

Гүлнәр Шәріпова: Оля (Оралғайша) осыдан кейін Семейге келді. Жылап-еңіреп "емделемін, жүйкемді демалдырамын" деді. Өйткені суицид жасапты. Оны бізге бауыры Жанат айтты. Бірақ шынымен ол өзіне қол жұмсады ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Сонымен 3 жастағы Құндызбен ол бізге келді. Содан біз кішкентай қыздан сұраймыз ғой. "Әкеңді қашан көрдің? Папаң мен мамаң ұрсысты ма? Үйде жанжал болды ма?" десек, ана қыз айтады "Берік аға мен Жанат аға папамның басынан ұрып, кілемге орап алып кетті. Мамам сол кезде папамның басынан нұқып, мен саған көрсетемін деп айтты" дейді.

Берік деген Мараттың бұрынғы шәкірті Олямен жақсы қарым-қатынаста, махаббат боп жүрген адам екен. Жанат — бағанағы айтқан Оралғайшаның туған інісі. Бірақ тергеушілер 3 жастағы баланың бұл ойдан шығарғаны, оның айтқаны куәлік етуге жарамайды деді. Сонымен ол баланың айтқаны ескерілмеді. Ал мен тергеушіге бауырымның жоғалып кеткенін Оралғайша мен Жанаттан көремін деп арыз жаздым.

Жалғасы бар...

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров