Әкім

"Миллиардтардың 3 пайызын беріңіздер!" Ашуланған ана әкімге қатты айтты

Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Видеодан кадр / Ержан Жылқыбаев

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың халыққа есеп беруі кезінде шаһар тұрғыны аймақта жарымжан жасөспірімдерге ешқандай жағдай жасалмай жатқанын ашына жеткізген. Көзіне жас алған келіншек тіпті бір ауыз жылы сөзге зәру болып отырғанын айтады.

Оның айтуынша, биыл "Балалар жылы" болып бекітілгенімен, тараздық жасөспірімдер оның пайдасын көре алмай отыр, деп хабарлайды Экспресс К

Бейнежазба Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен қала басшысының есебінде түсіріліпті. Бұл жиынға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысқан. Залдағы микрофон алдына барып, әкімдерге ашуланған тұрғынның екі мүгедек баласы бар екен. Өзінің де жүріп-тұруы қиын көрінеді. Ол жергілікті билік тарапынан ерекше күтімді қажет ететін балаларға еш жағдай жасалмай жатқанына қапалы.

Біздегі жауапты органдар жұмыс істемейді. Бірде-бір проблемам шешілген жоқ. Бір ауыз жылы сөз жазсаңыздар да болады ғой, көңіл үшін. Есептеріңізді сабырмен тыңдап отыр едім, шыдай алмадым. Бізге жағдай жасаңыздар,

— дейді ол.

Тұрғын ерекше балалардың проблемасы қаладағы қоқыс, жол, жарық секілді мәселелерден жоғары тұруы керек деп есептейді. Өзінің айтуынша, ол заңда көрсетілген қызметтерді ала алмай отыр. Қолдау іздеп, талай мекемеге барғанымен, одан еш нәтиже шықпапты. Сондықтан келіншек басындағы мұңын әкімдерге айту үшін бұл жиынға арнайы келген.

Миллиардтар туралы әдемі сөйлеп отырсыздар. Сол миллиардтың 3 пайызын мүгедек балаларға бөліңіздер. Жаңа жылда да құттықтаған жоқсыздар. Биыл "Балалар жылы". Бірақ сіздердің жоспарларыңыздан мен оған қатысты ештеңе естімедім,

— дейді ашуланған тұрғын.

Әкім тұрғынның жанайқайын тыңдап болған соң бұл мәселеге көңіл аударатынын жеткізді. Мұның да шығарып-салма жауап болмайтынына сенім бар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров