Елорда әкімі: "Биыл 28 500 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр"

Экспресс К

ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде баяндады, деп хабарлайды Экспресс К Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қала әкімі Президентке биыл 28 500 жұмыс орнын ашу жоспарланып отырғанын, оның 24 мыңы тұрақты жұмыс орны болатынын мәлімдеді. Сонымен қатар инженерлік желілерді жаңғырту, көпірлер мен жолдардың құрылысы, тұрмысы төмен азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері туралы айтылды.

Қала әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үйлер жағдайын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда кезекте тұрған азаматтарға әлеуметтік пәтерлер салынуда. Бұдан бөлек, биыл 300-ден астам отбасы апатты жағдайдағы тозығы жеткен тұрғын үйлерден көшіріледі. 16 мың үлескердің 13 мыңының мәселесі шешіліп, құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтауға инвесторлардың жеке қаражаты тартылған. Сонымен қатар білім беру орындары, медициналық орталықтар және басқа да әлеуметтік нысандар салынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктің жұмысын мақұлдап, елорданы дамыту мен абаттандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров