Шымкент

Шымкентте сексен жастағы қарттар үйленді

Есен ҮРКІМБАЙ

© Оtyrar

Шымкенттегі қарттар үйінде 80 және 75 жастағы қариялар бас қосып, отбасын құрды. Балаларына керексіз болған олар қартайған шағында екінші жартысын тауып отыр.

Шымкентте 80 жасқа келген ата үйленіп, 75 жастағы әжені өзіне жар етті, деп хабарлайды Экспресс К.

Otyrar.kz-тің жазуынша, махаббат хикаясы қаладағы қарттар үйінде болған. Бастапқыда үйлену туралы ұсынысты әже қабылдамағанымен, соңында "жігіт" дегеніне жетті. Бүгінде олар отбасы болып бірге тұрып жатыр.

"Мен оны көрген сәтте бірге тұру туралы ұсыныс жасадым. Әрине, ол қатты таңғалды. Бірақ мен бірге тұратынымызды айтып, дегенімнен қайтпадым. Ол әрқашан менің қасымда, үнемі бір-бірімізге көмектесіп жүреміз. Біздің қанша ғұмырымыз қалды дейсіңдер. Ары қарай бірге өмір сүріп, бағалап, құрмет көрсетеміз", — дейді ақсақал.

© Оtyrar

Ол көп баласы бола тұрса да, 2012 жылы қарттар үйіне орналасқан. Ақсақал балаларына бөгет болғысы келмей, мұндай шешімді өзі қабылдапты. Оның айтуынша, олардың әкесіз де мәселесі жеткілікті көрінеді. Ай сайын алатын зейнетақысын немерелеріне беріп тұрады екен. Жақындарына ешқандай өкпесі жоғын да айтады. Тек арасында телефон соғып тұруын ғана қалайды.

"Арасында балаларыма барып тұрамын. Менің немерелерім көп. Өкінішке қарай, олар мені жиі еске алмайды. Кейде ұлым келеді. Мұндай өмірге не деуге болады? Мен ол үшін реніш білдірмеймін, әркімнің өз өмірі бар", — дейді ата.

Қарттар үйінде шаңырақ көтерген отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әйелінің айтуынша, ол үнемі "жеңеді". Ата болса сөз таластырып, дауласпайтын көрінеді.

"Өмірде бәрі болады. Кейде мен дауласамын, ұрсып жіберетін кезім болады. Ол болса маған қарсы келмейді. Алайда мен көбіне бірінші болып сөз бастап, татуласудың қадамын жасаймын. Әйелдер сондай халықпыз ғой", — дейді "қалыңдық" әже.

Бүгінде Шымкенттегі қарттар үйі тұрғындарының саны жүзден асады. Көбі жалғыз. Біразының балалары бар болса да іздемейді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров