Мұрат Әйтенов

Шымкент әкімі ел проблемасын көтеретін тілшілерді "қуып жүр" деп кінәлады

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Мұрат Әйтенов/Әкімдіктің баспасөз қызметі

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықтың жанайқайын билікке жеткізетін журналистерді хайп қуып жүр деп ойлайды екен.

Шенеуніктің айтуынша, халықтың наразылыққа шығуына төртінші билік өкілдері себепші, деп хабарлайды Экспресс К.

Мұрат Әйтенов әлгі сөзін қала әкімдігінің актив отырысында айтты.

Әкім өз сөзінде кейбір тілшілер түймедейді түйедей етіп көрсетіп жүр деп шүйлікті.

"Төртінші биліктің кейбір өкілдерінің наразылықтарды ұйымдастыруға себеп болып жүргенін көріп қаламыз. Мұндайға жол беруге болмайды. Қала әкімдігі шаһардағы барлық проблемадан хабардар және әрбір мәселені шешу бойынша нақты жоспары бар. Өтімді материал беру үшін хайп қуып, "түймедейді түйедей етіп көрсетудің" қажеті жоқ. Журналистерден кез келген мәселені ашық әрі бейтарап көрсетіп, жан-жақты пікірлерді қамтуға шақырамын", — деді әкім.

Президент Жолдауын жүзеге асыру мақсатында өткен жиында Шымкент басшысы жергілікті билік журналистерді қолдауды тоқтатпайтынын атап өтті. Тіпті өз сөзінде халықтың жанайқайын билік өкілдеріне жеткізуде ақпарат құралдарының маңызы зор екенін де алға тартты. Бір қызығы, БАҚ өкілдері туралы сөз болған жиынға саусақпен санарлық қана журналист шақырылаған. Өйткені басқа тілшілерге бұл жиын жайлы айтылмаған. Ал отырыс туралы ақпаратты әкімдіктің баспасөз қызметі таратты.

Еске салсақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында БАҚ туралы заңды қайта қарау керек екенін айтқан болатын.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров