Жаңақорғандағы "қағбаға" қажылық жасауға бола ма?

Абай НҰРЖАНҰЛЫ

©ЭК

Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының аумағында Меккедегі қағбаға ұқсас нысан орналасқанын біреу білсе, біреу білмейді. Білетіндер "кіші қағба" деп атап кеткен киелі орын Хорасан ата мазарының қасында салынған.

Экспресс К тілшісі сол "кіші қағбаға" барып, оның Сыр өңірінде қалай пайда болғанын, не үшін салынғанын анықтап көрді.

©ЭК©ЭК
©ЭК

Аудан орталығынан шамамен 50 шақырымдай қашықтықта қазақ жерінде Ислам дінін насихаттаушылардың бірі болған Хорасан атаның (Әбдіжалил баб) кесенесі бар. Мұнда оның ұрпақтары жерленген. Сондай-ақ кесене маңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың да ата-бабаларының қабірлері бар.

©ЭК©ЭК
©ЭК

Ал кесенеден сәл әрірек Меккедегі қағбаға айнытпай салынған нысан тұр. Бір қарағанда қағбаның көшірмесі дерсіз. Бірақ көлемі кішірек. Сырты қара түспен боялған. Ал нысанның жоғары жағында Құранның аяттары жазылған. Кіреберіс есігінің маңдайшасында "Қағбаның көлеңкесі" деген жазу бар.

©ЭК©ЭК
©ЭК

Сол жердегі шырақшыдан рұқсат алып, "Қағбаның көлеңкесіне" бас сұғып көрдік. Іші тас қараңғы. Бірақ нысанның ішінде саз төмпешіктері бар екен.

Нысан қағбаға дәлме-дәл ұқсас болғандықтан бұл жақта кіші қажылықты өтеуге болады деп жүргендер де бар көрінеді. Қорымда 28 жылдан бері шырақшы болып жүрген Мейрамхан Әбітаев та мұны растап отыр.

"Ата жол" деген сияқты бірнеше ағымдар бар. Осында келіп, тәу етуге болады деп жүр. Қажылық жасауға болады деп сенетіндер бар екен. Бірақ бұл қағба емес. Бұл жер 8 ғасырда мешіт болған. Яғни қажылыққа баратын адамдарды дайындайтын орын болған,

дейді шырақшы Мейрамхан Әбітаев

©ЭК©ЭК
©ЭК

Өзін Хорасан атаның 35-ші ұрпағымын деген Мейрамхан Әбітаев бұл жер жайлы біраз тарихты айтты. Оның сөзінше осыдан 13 ғасыр бұрын бұл жерде мешіт болған. Оны Хорасан атаның ұлы Үсейін салдырыпты. Қағбаға ұқсас нысанның ішіндегі саз төмпешіктері сол мешіттен қалған қирандылар. Ескіден қалған киелі орынды сақтау үшін 1995 жылы осы ғимарат тұрғызылыпты. Тарихи жәдігер мемлекеттің қорғауына алынған. Ал оны дәлме-дәл қағбаның көшірмесіндей етіп салудың өз себептері бар дейді шырақшы.

"Бұрын Хорасан атаның ұлы Үсейін өзіне берілген қасиетпен қағбаны осында көкке көтеріп әкелген. Қалықтап тұрған Қағбаның көлеңкесі осы жерге түскен. Ал көлеңкесі түскен жерге мешіт салған деген аңыз бар. Бірақ бұл тек аңыз. Осы себепті мешіттің қирандыларын қоршау үшін қағбаға ұқсатып нысан салдық. Маңдайшасындағы "Қағбаның көлеңкесі" деген жазу да сол аңызға сүйеніп жазылған." — дейді Мейрамхан Әбітаев.

Тылсым сыры көп бұл киелі мекенге Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар жиі келетін көрінеді. Тіпті шетел азаматтары да мұнда ат басын бұрып тұрады дейді Мейрамхан.

©ЭК©ЭК
©ЭК

Мейрамхан "Қағбаның көлеңкесіне" келіп, кіші қажылық жасауға болады деген адасушылық деп санайды. Кесенеге тек құран бағыштап, зиярат жасауға болады екен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров