Наурыз тойы

Үш күн ұйықтамау керек. Қазақ Наурызды қалай тойлаған?

Кәмшат ҚОПАЕВА

Әлеуметтік желіден

Наурыз айында ай мен күн және үркер жұлдызы бір сызықтық бойына тоғысып, батады. Осы кезде күн мен түн теңеледі. Түркілердің нанымы бойынша бұл күндері адам ұйықтамауы керек.

Бұл туралы ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облыстық тарихи, мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекцияны басқарған, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай Экспресс К тілшісіне айтып берді.

Өлкетанушының айтуынша, күн мен түннің теңелуі түркілердің тоғыс есебі бойынша анықталады. Күн, ай және үркер жұлдызының тоғысу күнін абыздар жылдың басы деп жариялаған. Осылай Наурызды тойлау басталған.

Былтыр да, биыл да күн мен түннің теңелуі 18-ші наурызға сәйкес келген. 17-ші наурызда күннің ұзақтығы 11 сағат 58 минут болса, 18-інде 12 сағат 2 минут болыпты.

Бекарыстан Мырзабайдың айтуынша, күн шыққан кезде, тал түсте және күн батып бара жатқан кезде адамың ұйықтауына болмайды. Осы уақыттарда жаназа шығарылмайды, мал бауыздалмайды, намаз оқылмайды. Денсаулығына зиян келеді, жүрек соғысы әлсірейді. Осы кезде әйелдің бойына бала бітсе мүгедек болып туылуы мүмкін.

Қазір көпшілік күн батып бара жатқан кезде ұйықтауға болмайтынын біледі де өзгесіне мән бермейді. Сол секілді күн мен түн теңелген кезде де ұйықтауға болмайды,

— дейді Бекарыстан Мырзабай.

Өлкетанушының айтуынша, бұл Омар Хаямның "Наурызнама" еңбегінде айтылады. Онда адамдар арпадан жасалған көжені тойып ішіп, үш күн ұйықтамай мерекелеуі керек деп жазылған. Орта Азия ғалымдары астраномияны терең зерттеген. Мәселен, Омар Хаям ең дәл күнтізбені, яғни бір жыл 365 күн 5 сағат 17 минут 46 секундтан тұратынын анықтаған. Бируни 88 шоқжұлдыздың картасын жасаған.

Наурыз көже қандағы гемоглобинді көтереді

Наурызда жұртшылық ұйықтамай үйді-үйді аралап, көже ішіп көңілді өткізген. Наурыз көжеге арпа қосқан. Арпаның құрамындағы заттар қандағы гемоглобинді көтереді, яғни Наурыз көже қыстан арып-ашып шығатын ағзаны қалпына келтіреді. Көжеге қыста соғымнан қалған сүр етті қосқан. Сонымен қатар көжеге жамбастың шұқыры мен тобықты қосып асады. Қазақта сыбағаға жамбастың өзге бөлігі берілсе де шұқыры тартылмайды.

Себебі ол —қазанның құты, отыңның басында қалуы керек. Ал тобық тоқтық әкеледі деп сенген. Үйден құт, дастарқаннан тоқшылық кетпесін деген ырыммен екі сүйекті сақтап қойып, өз қазанында асып, отбасы мүшелері болып мүжіп, жейтін болған,

— дейді Бекарыстан Мырзабай.

Бекарыстан МырзабайБекарыстан Мырзабай
Бекарыстан Мырзабай

Қазақтар Наурыз мейрамына ерекше дайындалған. Мейрам күні үйді тазартып, шырақ жағып, "қырықтың бірі Қыдыр. Қыдыр ата келеді" деп ұйықтамаған.

Бұл күні араздасқан адамдар татуласып, бір бірінің үйіне барып, көрісіп, көже ішкен. Келген қонақтардың бірі Қыдыр болады деп сенген. Үйдегі ескі-құсқы киім, тозған ағаштан жасалған ыдыс-аяқты жинап, "қабақ сынды қайғы кетті" деген сөздерді қайталап айтып, жамандық, ауырлық осылармен кетсін деген ырыммен өртеген.

Отпен аластау ырымы қалай жасалады?

"Бәле-жала кетсін" деген ниетпен үйді, ауланы, қораны отпен аластаған. "Кет жамандық кет, кет зымыстан кет, кел жақсылық кел, кел жаңа жыл кел" деп аластайды.

Оның айтуынша, 1994 жылы Наурыз мейрамы ерекше тойланыпты. Әрі теңгенің шығып жатқан кезі. Теңгеде қазақтың ұлы адамдарының суреттері бейнеленген. Алаңға әртістердің бірі Әл-Фараби болса, енді бірі Ұмай ана болып киініп шығып, өнер көрсетеді. Күйшілер домбыра тартып, жыршылар арнау айтып болған соң әртістің бірі аластау рәсімін жасап, сахнаны аластай бастайды.Осы сәтте алаңда сөз сөйлеген облыс әкімін де аластайды. Сол кезде бұл рәсімге көп адам мән бермеген.

©Pixabay©Pixabay
©Pixabay

"Облыс әкімі Пачинді осылай отпен аластадық. Кейін ол қызметінен кетті,

— дейді өлкетанушы күліп.

Жеміс ағаштарын күтімге алып, оларға сүт бүріккен. Отқа май құйып, ата-бабаның әруағына сиынған. Майды жас бала мен келіннің маңдайына жаққан. Бұл күні бұлақтың көзін ашқан. Егер бұлақ бірден атқылап, жоғары шапшыса су мол болады. Алысқа көшудің қажеті жоқ деп есептеген. Ал су аз шықса оған май құйып, таяқ салып, судың мөлшерін анықтаған. Бұлақ көзі тереңде болса сол жылы су аз болады екен. Бұл кезде үлкендер алысқа көшуді ойлайды. Көшпелі халық осылайша табиғатпен үндесіп өмір сүрген.

Нарыз мейрамы күні қыздар мен жігіттер жұмбақ айтып, жарысып ұйықтамайды. Арулар жігіттерге күш-қуатын артыратын сүтке пісірілген тамақ әзірлесе, жігіттер "діреткізер" сыйлығын дайындаған. "Саумалық" айтқан.

Саумалық, саумалық көк құс көзін ашты ма?

Аяғын жерге басты ма?

Саумалық, саумалық Самарқанның көк тасы,

Жбіді ме, білдің бе?

Саумалық, саумалық Наурыз көже іштің бе?

Қыдыр ата келді ме? Көрді ме?, — деп өлең айтып, үйді- үйді аралаған. Ағайын-тустар көрісіп, ашу-араздықты ұмытқан.

Сондай-ақ Бекарыстан Мырзабайдың айтуынша, бұл күні "жақсы адамды Қыдырға балап, оның отырған орнына жас сәбилерді аунатып алған, аузына түкірткен. Батырлардың үзеңгісінен ойын баласы сақасын өткізген, садақ ұстаған бала садағының жебесін өткізген.

Қыздар мен жігіттер жұмбақ жасырып, ойын ойнаған. Ойында қыздар жеңе беруі керек. Егер қыздар жеңсе, келер жыл жылылықпен, жақсылықпен келеді деп сенген.

Наурыз мейрамы аяқталар сәтінде ең маңызды, ерекше салт-дәстүр — көк өгізді сойып, қанын маңдайға жағу. Сондай-ақ тайқазан толы Наурыз көже асып, татулық пен бірлікпен Наурыз көже ішкен.

Ақажан Машановтың жазуынша, бір заманда жылдың басы көк өгіз болған екен. Адамдар қырдың басына шығып, сойылған өгіздің қанын маңдайына жағып, күннің көкжиектен шығу сәтін күтіп, арқан бойы көтерілгенше күткен,

— дейді өлкетанушы.

Осылайша құдыретті күнге, қасиетті Жер анаға табынып, жақсы тілектер тілеп тарасқан.

Ғалымдар Наурыз туралы ұмыт болған салт-дәстүрді зерттеп, қайта жаңғыртып, ұрпақ тәрбиесіне жаратқаны ләзім болар еді,

— деді өлкетанушы.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров