Мал ауруы

"Аузынан қан ағады". Атырау облысында жылқылар белгісіз аурудан қырылып жатыр

Кәмшат ҚОПАЕВА

© Азамат Жолжанов/Коллаж ЭК

Атырау облысында жылқылардың белгісіз аурудан өліп жатқаны туралы видео әлеуметтік желіде тарады.

Бейнежазбаны ауыл шаруашылық саласының сарапшысы Алмасбек Садырбай Facebook -тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Экспресс К.

Атыраулық шаруалар қазір алаңдап отыр. Осыдан үш апта бұрын жылқылар белгісіз аурудан өле бастаған. Құрманғазы ауданының тұрғыны Азамат Жолжановтың айтуынша, жылқы артқы аяғын көтере алмайды. Демі жетпейді, өкпесі ауырып тұрғандай көрінеді.

© Азамат Жолжанов/Коллаж ЭК© Азамат Жолжанов/Коллаж ЭК
© Азамат Жолжанов/Коллаж ЭК

Аузынан қан ағады. Малы өлген кісілер сойған кезде өкпесі мен жүрегінің ісіп кеткенін байқаған. Мұның қандай ауру екенін білмейміз. Жұқпалы ма, ол тағы белгісіз. Қазір облыста мал тек аурудан емес, аштықтан да қырылып жатыр,

— деді Азамат.

© Азамат Жолжанов© Азамат Жолжанов
© Азамат Жолжанов

Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының малы далада өліп жатыр. Айғыры өлген үйірлер босып кеткен. Тіпті бір шаруаның бір үйір жылқысы осы дерттен қырылып қалған.

Ес білгелі жылқы баққан Азамат мұндай ауруды естіп, көрмегенін айтты. Қазір бір биесі ауырып тұр. Сойып алмақ. Бірақ мал дәрігерін шақырмапты. Ол ауданның ветеринар мамандарына сенбейтінін, біліміне күдік келтіретінін айтты. Себебі бұған дейін мамандар жылқылардан қан алып көрмеген, яғни тексермеген.

Азаматтың айтуынша, қазір өңірдегі ахуал қиын. Шөп, су жоқ.

©Азамат Жолжанов©Азамат Жолжанов
©Азамат Жолжанов

Өзімнің болжамым бойынша, бұл ауру дәрумен жетіспегеннен болуы мүмкін. Себебі шөп жоқ. Тіпті жылқы жемейтін ошаған шөбін жеп жүр. Бірнеше жылдан бергі жағдай — осы. Азықтың дұрыс болмауынан соңы осындай ауруға әкелген тәрізді,

— дейді шаруа.

©Азамат Жолжанов©Азамат Жолжанов
©Азамат Жолжанов

Ал Алмасбек Садырбайдың айтуынша, мұндай жағдай былтыр Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында болған. Нақты қандай індет екені белгісіз.

Видеоны шаруалар жіберді. Қазір алаңдап отыр. Бірақ ветеринар мамандардан, министрліктен ешкім хабарласқан жоқ. Малды сойып, ішін ашып тексерген жоқ. Мүмкін әлеуметтік желіге шыққаннан кейін әрекет жасап жатқан болар. Хабар күтеміз,

— деді Алмасбек Садырбай.

© Азамат Жолжанов© Азамат Жолжанов
© Азамат Жолжанов

Осы мәселе бойынша Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саламат Сағидоллаұлына хабарластық. Ол мәселемен таныс екенін айтты. Қазір мамандар жұмыс жасап жатыр. Нақты ресми ақпаратты мамандардың тексеру нәтижесінен кейін айтып бермек.

Сондай-ақ Алмасбек Садырбай Facebook -тегі парақшасына Жамбыл ауданы Қастек ауылында да мал қырылып жатқаны туралы видео жүктеген. Онда бейнежазба авторы екі күннен бері қар жауып, мал қырылып жатқанын айтады. Мойны артқа қайырылған сиырлар тұра алмай, өліп қалған. Шаруалар әбден титықтағанын айтады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров