Наурыз тойы

Біз ұмытқан ырымдар: Наурызда қан шығармайды, мылтық атылмайды

Олжас НҰРЖАҚЫП

Әлеуметтік желіден

Әз-Наурыз мерекесі иісі мұсылманға тән ерекше мереке. Қазақ халқы бұл күнді жыл басы, жаңару мен мейірімділіктің уақыты деп есептеген. Десе де, бүгінде бұл мерекені дәстүрге сай атап өтудеміз бе? Қандай салт-дәстүрді ұмыттық? Нені ескерусіз қалдырдық?

Осы сұрақтар айналасында Экспресс К Бауыржан Момышұлының келіні, "Бабалар" аманаты кітабының авторы, ел анасы Зейнеп Ахметовамен әңгімелесті.

Наурыз мерекесі жайлы не білеміз?

Қазақтар наурыз — жыл басы деп есептеген. Бұл күнді нағыз мейірімділіктің, қайырымдылықтың кезеңі деп түсінген. Ол үшін әр отбасының отанасы құрт-майын, ірімшігін, сүрленген етін қыстай сақтап, бала-шағасының көзінен тығып, осы күні тағамға қосатын. Бұл ұзын сарының сыбағасы, ұзын сары шағы деп аталады. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін уақыты. Екіншіден, наурыз бұл — тазалықтың мерекесі! Әр шаңырақ осы күннің қарсаңында үйлерін тазартып, адыраспандап шығады. Адыраспанды қазір көп адам ескермейді. Бірақ дәл осы өсімдік Ибн Синаның кезеңінде көзден жас шығармайтын, емдік қасиеті бар екені дәлделденген.

Мұнан кейін әр шаңырақтың әйелдері дәл осы мерекеге арнайылап міндетті түрде бір бұйым тігеді. Текемет, түскиіз, сырмақ дегендей. Яғни, жаңа бұйым тігуге асығатын. Жалпы дәл осы мерекеге арналған әр әрекет, әр ырым-дәстүр тек қана жақсылыққа арналады.

Әлеуметтік желіденӘлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіден

Қандай ырымдарды ұмыттық? Ескерусіз қалдырдық?

Ең маңыздысы — қызыр түні. Яғни, көп адам қазір мұны ұмыт қалдырғаны рас. Бірақ наурыз мерекесінің ең басты ерекшелігі, күн мен түннің теңеліп, Қызыр баба ырыс-береке алып келетін түн. Дәл осы түні әр шаңырақтан шам өшпеген. Адамдар ұйықтамауға тырысқан. Үлкендер тарихи, мәдени жақсы әңгімелерін айтып, дәстүрден сыр шертуші еді.

Осы түні жасалатын тағам бар. Оны бел көтерер дейді. Майлы қазы, сөк, ірімшік, бал, мейіз, аздаған сүт қатып отырып, келіге түйіп, әбден мыжып жасайды. Тіске жұмсақ, өте нәрлі тағам. Қыстан шыққан жұрттың күш жинауы үшін жасалады.

7 ыдысқа түрлі дәм қояды. Бұл көктен жаудырсын, жерден өндірсін, елдің іргесіне ырыс ұялатсын, дастархан толымды болсын деп жасалатын ырым.

Әлеуметтік желіденӘлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіден

Мұнан кейін таң атып, күннің алғашқы шапағы жерге төгілгенде жасалатын ырымның бірі — маңдай тосу. Яғни, балалардың бойындағы кесір-кесапат кетеді, дені сау болады деген сенімге бағытталған.

Ауыл болып наурыз көже береді. Мереке бір айға жалғасатын. Әрі қарттары мен жастары топ болып үй-үйді аралайды. Жастардың мақсаты үлкендерге қызмет көрсету, бата алу. Ал негізгі ниет — бірлік.

Одан кейін жас жігіттер мен қыздардың арасында жасалатын ырымдар бар. Соның бірі селт еткізер және ұйқы ашар. Бұл көптен ғашық болған жастардың бір-біріне жасайтын сыйы.

Әлеуметтік желіденӘлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіден

Наурыз мерекесі көшеге шығып кетті. Оны "амалмен" шатастырмайық!

Наурыз — у-шумен көшеге шығып кетті. Шындап келгенде бұл нағыз ұлттық, халықтық мереке болуы үшін әр отбасында жасалуы керек. Өкінішке орай қазір көшедегі концертке барып, ішіп-жеп келеді де наурыз өткіздік дейді. Бірақ олай емес, осы күні өткен өмірге көз жүгіртіп, есеп беріп, алдағы күнге жоспар құрады. Көшеге апарып концерт көруден баланың бойына ештеңе сіңбейді.

Әлеуметтік желіденӘлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіден

Алғашқы Кеңес үкіметі орнаған кезде де наурыз тойланған. 1917 жылы "Қазақ" газетінде Міржақып Дулатов елді құттықтап, наурыздың мән мағынасын айтып жазған еді. 1925 жылы "Еңбекшіқазақ" газетінде Қожанов наурыз туралы үлкен материал жазады. Бұл кезде табиғат мерекесі, халықтың мерекесі, дінге ешқандай қатысы жоқ деп түсіндірген еді. Бірақ бәрібір шолақ белсенділер 1927 жылы наурызды өткізбеу туралы қаулы қабылдады. Десе де қазақ халқы айғайлатып үлкен той жасамаса да наурыз көже беріп отырды.

Бәрін өз уақытымен өткізу керек. Наурыз 21-нен 22-не қараған түні келеді. Бірақ оны қазір алдын ала өткізіп әлек боламыз. Сосын амал мерекесімен шатастырады. Ол дұрыс емес. Амал бөлек, Наурыз бөлек. Сондықтан осыны ескерейік. Амал мен Наурызды біріктіріп, шатастырмау керек. Оны халықтық мереке ретінде орындатудың керегі жоқ. Өйткені ғасырлардан келе жатқаны — Наурыз.

Наурыз мерекесінде қан шығаруға, құрбандық шалуға болмайды!

Наурызда қой сояды деп қателеседі. Бұл мерекеде ешқашан қан шығарылмайды. Мылтық атылмайды, қақпан құрмайды. Тырнақ, шаш алмайды, құрылыс бастамайды. Өйткені бұл күні барлығы жаңарады деп есептелген. Сондықтан, мерекелі күнге арнайылап дәм-тұзды қыстай дайындаған.

Көңілге де, дәстүрге де томпақ келетін тағы бір нәрсе, ол наурыз кезінде қазақтың дәстүрін спектакль қылып қоятын жайт. Бесікке қуыршақ бөлеп тербетеді, қыздарға беташар жасайды, сан түрлі ойынды көрсетеді. Бірақ ойын ойынымен. Дәстүрге қиянат жасауға болмайды. Оны жаттанды дүниеге айналдырудың керегі жоқ. Өз ұлтыңды күлкі қылумен тең!

Сондықтан, қазіргідей өтірік дәстүрлер шығарудан қашайық. Оның қажеті жоқ. Елді шатастырмайық. Бір наурыздың өзінде қаншама тәлім-тәрбие, ұлттық тағлым, тарих, мағына жатыр. Шекарадан өткен дәстүрді дәріптемей өзіміздікін білейік, соны дамытайық, насихаттайық!

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров