Ырым

"Иттің басына шомылдырған". Қазақ ежелде мешелді қалай емдеген?

Арман ТОРҒАЙҰЛЫ

Коллаж ЭК

Қазақтың бұрынғы наным-сеніміне байланысты ем-дом түрлері өте көп. Олардың кейбірін бүгінгі ұрпақ біле бермейді.

Ұмытыла бастаған емнің бірі — иттің басына шомылдыру. Экспресс К тілшісі осы ем туралы этнографтың пікірін сұрап білді.

Қазақ итті тұрмыс-салтында жиі пайдаланған. Аяқтанып кеткен төлдер көп өле берсе, көгеннің бір бөлігін кесіп алып, иттің мойнына байлап қояды екен. Сонда шығын сап тыйылады дейді.

Нәрестелер шалдығатын рахит ауруын бұрын мешел немесе "ит тию" деп атаған. Ондай баланың төсіне сүт тамызып итке жалатса, кеселінен айығады екен. Осы аурудан немесе көз тиген баланы иттің бас сүйегіне шомылдырып емдеген.

Мұндай емді өткен ғасырдың 70-80 жылдары Торғай жақта өз көзіммен көрдім. Медицина дамымаған кез еді. Үлкендер рахитті солай емдеп жүрді. Бір апта бойы иттің бас сүйегіне шомылдырады. Көрешегі бар шығар, қазір сол балалар — бір-бір үйдің иесі,

— дейді Қостанай облысының тұрғыны Тәрбие Байқадамова.

Алайда этнограф Болат Бопайұлы мешелді бұлай емдеу дұрыс емес дегенді айтады.

Ол — харам нәрсе. Жас балаға жазылмас дерт жабысады деп ырымдап, оған қатаң тыйым салған. Амал жоқ, халал заттар ем болмаса, харам зат ем болып, баланың ауруын жазып, өмірін ажалдан алып қалатын жағдайда ғана "зәруге — дәру" деп істетеді,

— дейді Болат Бопайұлы.

Оның айтуынша, мешелді көпті көрген, көнекті тескен, мол тәжірибелі адамдардан бата алып, дем салдырып та емдеген.

"Қазақ мешел баланы "жұмсақ сүйек" дейді. Жігіттер әйелі жүкті болған күннен бастап, оның толық тамақтануына, жерік асын тауып беріп, уақытында дем алуына ерекше көңіл бөлген. Ал туған бала жұмсақ сүйек болып, аяғын баса алмаса, онда мал сойғанда сүйектеріндегі етті сылып тастайды да, оған сәбіз қосып қайнатып, көкөніс әбден езіліп піскен соң, оны балаға да береді, анасы да жейді. Солай жарты жыл немесе толық бір жыл емдегенде баланың денесіндегі кальций тез толығады. Одан жазылмаған жағдайда жаздың маусым, шілде, тамыз айларындағы күн сәулесіне көбірек шығарады. Баланы құммен ойнатады. Құм мен күн сәулесі баланың D3 дәруменін де жетілдіреді", — дейді этнограф.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров