Жылу

Петропавлда апат болған жылу орталығынан бір әйел іздестіріліп жатыр

Экспресс К

ТЖД

Құтқарушылар оның әлі тірі болуы ықтимал екенін айтады. 37 жастағы әйел осы жылу станциясында жұмыс істейді екен.

Іздестіру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ, апаттың себебі мен салдары жайлы ресми органдардың өкілдері, құтқарушылар мен коммуналдық мекеме басшылығы айтып берді, деп хабарлайды Экспресс К

Іздестіріліп жатқан келіншектің күйеуі де осы мекемеде еңбек етеді екен. Құтқарушылар оқиға орнында үйінділерді аршуға кіріскен. Оларға елордадан көмекке мамандар мен арнайы техника келе жатыр. Апаттан зардап шеккен басқа адамдар жайлы ақпарат жоқ.

Апат орнының жалпы аумағы 1 300 шаршы метр. Зардап шеккен әйел шамамен 50 шаршы метр радиуста болуы мүмкін. Тірі болар деген үміттеміз,

— дейді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.

Апат орнында барлығы 200 адам жұмыс істеп жатыр. Жергілікті билік өкілдері ықшамаудандардың ыстық су және электр жарығынан ажыратылуына жол берілмейді деп отыр.

Түні бойы қаланы жылумен екі қазандық қамтамасыз етіп отырды. Бүгін тағы екеуі іске қосылады. Кешке қарай жағдайды реттейміз деген жоспар бар,

— дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Түтін шығаратын мұржаның 40 метрдей бөлігі құлап қалған. Қазір оны қалыпқа келтірудің 3 жолы қарастырылып жатыр. Әзірге мұржа осы күйінде қала береді. Сосын келешекте опырылған жерінен қайта жалғастырып соғылуы мүмкін. Не болмаса жаңасы тұрғызылады. Мұның барлығы тиісті сараптамадан соң белгілі болмақ.

Құтқарушылар дәл қазір үйінділерді аршу қауіпті екенін айтуда. Сондықтан, өте баяу қозғалып жатыр екен. Ал "ЦАЭК" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов апатқа бірнеше фактор әсер еткен болуы мүмкін дейді.

Әзірге мұржаның жарамдығы мен шығын көлемі белгісіз. Ал оның құлауы бірнеше себептен болуы мүмкін. Бірінші кезекте жел, сосын металлдың тозуы мен бетон беріктігінің бұзылуы ықтимал,

— дейді ол.

Петропавл жылу станциясындағы орын алған апат жайында ЭК жазған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға апат салдарын тезірек жою жөнінде тапсырма берді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров