Пәтер

Жаңа облыс орталықтарында пәтер қаншалықты қымбаттайды?

Экспресс К

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Елімізде жаңа үш облыстың пайда болуымен аталған аймақтардың орталығына айналатын қалалардың мәртебесі өсері сөзсіз. Жаңа орталықтарға мемлекеттік қызметкерлер көшіп келеді, бизнес нысандары ашыла бастайды. Бұл жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады. Тиісінше, Түркістандағы секілді пәтер бағасы да бірнеше есеге өсуі мүмкін.

Үкімет жаңа облыстардың шекараларын бекітіп, әкімшілік басқару жүйесін қалыптастыру ісімен айналысып жатқанда Экспресс К сол жаңа облыс орталықтарындағы пәтер бағаларын зерттеп, оның болашақта қаншалықты өсетінін саралап көрді.

Қапшағай

krisha.kzkrisha.kz
krisha.kz

Жуырда Талдықорған қаласы Алматы облысынан еншісін алып, жаңа құрылатын Жетісу облысының орталығына айналмақ. Ал Қапшағай қаласы еліміздегі экономикалық әлеуеті ең жоғары облыстың бас қаласы мәртебесіне ие болады. Бұқаралық ақпарат құралдары Президент жолдауы жарияланғаннан кейін бірнеше күн ішінде Қапшағайдағы пәтер бағасының 40 пайызға дейін өскенін жазуда.

Қазір Қапшағайдағы көлемі 36-40 шаршы метр болатын ең арзан бір бөлмелі пәтер құны 8-11 миллион теңге шамасында. Жаңа тұрғызылған үйлердегі бір бөлмелі пәтерді 21,6 миллионға табуға болады. Екі бөлмелі пәтерлердің бағасы 10 миллионнан басталады. Үш бөлмелі пәтер сатып алу үшін қалтаңызда кемінде 12-14 миллион болу керек. Қапшағайда жер көлемі 7-8 сотық, ауданы 70-80 шаршы метрді құрайтын жеке үй бағасы 9 миллион теңгеден басталады. Бұл үйлер газ құбырына қосылмаған. Жаңа тағайындалған облыс әкімі мұндай үйлерді орталық газ желісіне қосқанша Қапшағайдың жаңа тұрғындарына көмір мен жанар-жағармай сатып алу үшін де шығындануға тура келеді.

Жезқазған

krisha.kzkrisha.kz
krisha.kz

Жезқазған араға жылдар салып, облыс орталығы мәртебесін қайта алмақ. Қарағанды облысынан бөлініп шығатын Ұлытау облысының орталығындағы пәтер бағасы Қапшағаймен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мұндағы бір бөлмелі пәтердің бағасы 5-10 миллион теңгеаралығында. Үйлердің басым бөлігі Кеңес заманынан қалған. Дегенмен, жаңа тұрғын үй кешендері де жоқ емес. Жезқазғанның шеткі аудандарынан 6-7 миллион теңгеге екі бөлмелі пәтер табуға болады. Ал орталықтағы күтімі жақсы пәтерлер 10 — 11 миллион теңгеге бағаланады. Үш бөлмелі пәтерлердің де бағасы осы шамада.

Ұлытау облысының орталығындағы жеке үй 4 миллион теңгеден жоғары. Бұл бағаға шағын аула мен барлық тұрмыстық қажеттіліктерді қосуға болады. Ал 5-6 сотық жері бар, көлемі 100 шаршы метрлік коттедж алу үшін 9 — 10 миллион теңге керек. Жезқазғанда қалталы азаматтар үшін тұрғызылған хан сарайларын да табуға болады. Көлемі 450 шаршы метрлік мұндай үйлерде адам жанына керектің бәрі бар. Ауланың көлемі 11 сотық, жеке сауна мен шет елден алдырылған жиһаз үшін 156 миллион теңге төлеу қажет болады.

Семей

krisha.kzkrisha.kz
krisha.kz

Қазақ үшін қастерлі Семей Абай облысының орталығына айналмақ. Жаңа құрылатын үш облыс орталығының ішінде Семейдің әкімшілік ресурсы мен адами капиталы айтарлықтай жоғары. Десек те, бұл шаһардағы тұрғын үй бағасы Қапшағай мен Жезқазғандағыдан айтарлықтай төмен. Мұнда бір бөлмелі пәтерді 2-3 миллион теңгеге алуға болады. Мұндай пәтерлердің күтімі орташа екені түсінікті. Ал толық жөндеуден өткізілген бір бөлмелі пәтер алғыңыз келсе, 8-9 миллион шамасында қаржыңыз болуы керек. Қалада екі бөлмелі пәтер бағасы 3-4 миллионнан басталады. Жаңа үйлердегі екі бөлмелі пәтерлердің бағасы 11-12 миллион. Үш бөлмелі пәтерлер 5 миллионнан басталып, орналасқан ауданына қарай 15-16 миллионға дейін барады.

Абай облысының орталығындағы жеке үй бағасы шет аудандарда 1,5 миллион теңгеден басталады. Орталыққа қарай баға 4 миллион теңгеге дейін көтеріледі. Жаңа тұрғызылған коттеджердің кейбірі 6-10 миллион теңгеге сатылуда. Ал зәулім сарайлар бұл қалада да арзан тұрмайды. Семейге қоныс аударуды ойластырып жүрген бай-бағландардың бұл шаһардан 150-200 миллион теңгеге вилла сатып алуына мүмкіндік бар.

ЭК бұған дейін жаңа облыстардың қашан құрылатыны туралы жазған болатын.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров