Ұлыстың ұлы күні

"Марапат қайда?" Көлік сүйреп, жұртты таңғалдырған жігіттің өнері бағаланбады

Кәмшат ҚОПАЕВА

Видеодан кадр

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Наурыз мерекесінде "Жигули 07" көлігін сүйреген жігіт көпшілікті таңғалдырды. Алайда жарысты ұйымдастырушылар оның өнерін бағаламаған көрінеді.

Тіпті Алғыс хат та бермей, оны құр қол қайтарған, деп хабарлайды Экспресс К.

Мереке күні Ырғызда "Арай" мәдениет үйінің жаныдағы саябақта спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Ерлер арасында қой көтеру, садақ ату, машина сүйреу сияқты сайыстар өткен. Осы сында 33 жастағы ауыл тұрғыны Бағлан Мырзатаев "Жигули 07" көлігін екі рет бірнеше метрге дейін сүйреген.

Ақтық сында екі адам тең түсіп, Бағлан үшінші орын алыпты. Бірінші орын алған адам көлікті 11 метрге сүйресе, екінші орынның иесі —9 метр, ал Бағлан 8 метрге дейін сүйреп барған. Алайда жігіттердің өнері бағаланбады. Аудан әкімдігі тіпті Алғыс хат та бермепті.

"Ұйымдастырушылар біздің өнерімізді бағаламады. Ешқандай сыйлық, марапат берген жоқ. Бірақ садақ атқан, қол күрестіргендерге беріп жатты. Кезегіміз келер дегенбіз. Алайда ешкім бізді елеген жоқ"

— дейді Бағлан.

Соңында сұрастыра келгенде ұйымдастырушылар демеуші болмағанын, тек бірінші орын алған адамға ғана сыйлық бергенін айтқан. Оған да сыйлықты жұрттан жасырып, өзіне беріп жіберіпті. Осылайша көлік сүйреп, мерекеде бар күшін салған жігіттер назардан тыс қалып, үйлеріне көңілсіз оралды.

Айта кетейік, Бағлан ауданда электрик болып жұмыс істейді. Ауданда ұйымдастырылатын спорттық шаралардан қалмайды екен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров