Президент

Тоқаевтың өзі білегінен ұстап, қолын алған бойжеткен: "Жүрегім жылып қалды"

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыда өткен Наурыз мейрамына қатысқан кезіндегі түрлі видеолар әлеуметтік желілерде әлі де тарап жатыр. Солардың ішінде көзге ерекше түскен бейнежазба - Мемлекет басшысының өзі бойжеткеннің білегін ұстап, қолын алған сәті.

Экспресс К тілшісі видеодағы бойжеткенді іздеп тапты және өзімен аз-кем тілдесті.

Нұршат Әзиева/жеке мұрағатНұршат Әзиева/жеке мұрағат
Нұршат Әзиева/жеке мұрағат

Нұршат Әзиева — Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының тумасы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің 2-курс студенті. Президенттің қатысуымен өтетін мерекелік шара туралы студенттерге бір күн бұрын ғана айтылыпты.

"Наурыз мерекесі біздің университетімізде 20 наурыз күні аталып өтті. Үлкен іс-шара болды. Оған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Шарадан соң жастармен кездесу өткізіп, 21 наурыз күні Президенттің қатысуымен мерекелік іс-шара өтетінін, қатысам деушілер болса, өтініш беруге болатынын айтты. Біз онлайн форматта өтініш жібердік. Ертеңіне бізді алаңға алып барды. Бәріміз жеке-жеке тексеруден өттік. Былай жасауға болады немесе болмайды деген секілді талаптар, алдын ала дайындық деген болған жоқ", — деді Нұршат Әзиева.

Студенттің айтуынша, алаңның ортасынан жол ашылып, ол жермен Мемлекет басшысы жүріп өтуі керек болған екен.

"Алайда Тоқаев мырза студенттер арасымен жүруді жөн көріпті. Шынымды айтсам, біз Президентті жақыннан көреміз деп ойламадық. Қатты қобалжып қалдық. Не істерімді білмей, сәлемдесейін деп қолымды созып жатқанымда оққағарлары қолымнан ұстап кедергі келтірді. Содан қолымды тартып алдым да, ол кісімен амандасамын деген үмітім болмады. Видеодан көргендеріңіздей, Президент мені білегімнен ұстап, өзі сәлемдесті. Осы әрекеті үшін жүрегім жылып қалды.Мемлекет басшысымен қол алысқаным үшін өзімді бақытты сезіндім. Алаңнан шыққан соң бірден ата-анама хабарластым. Ол кісілер бір күн бұрын Білім министрімен өткен кездесуге қатысқанымды естіп, қатты қуанған болатын. "Бұйыртса, енді Президентпен кездесесің" деп баталарын берген еді. Болашақта педагогика саласы бойынша биік белестерге шығып, Мемлекет басшысымен салтанатты жағдайда кездесіп, қолын алсам деймін", — деді студент.

Нұршат Әзиева бұған дейін әлеуметтік желілерде кең тараған видеоға қатысты да пікірін білдірді. Онда Президент оққағарларының бірі бір бойжеткенді арқасынан итеріп жібергенін көруге болады. Осы сәтте Қасым-Жомарт Тоқаев оққағарының қолын қағып, ескерту жасайды.

"Ол видеода мен де бармын. Расымен де оққағарлары қатты жаншып, мынау қыз баласы немесе ұл демей, бәрімізді итеріп жатты. Осы кезде Президент олардың біріне "қой" деп ескерту жасады. Біз жастар, ол кісіге риза болдық. Негізі Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасында кеңінен танымал тұлға. Қазіргі буынның көбі ол кісіні үлгі тұтады, солардың арасында мен де бармын. Жақында ғана Алматыда жастар форумы өтті. Онда жиналғандар осы сөзіме дәлел деп айта аламын. Тоқаев краш десе — краш. Тигр десе — тигр (күліп)", — деді студент.

Болашақ педагог Мемлекет басшысымен қол алысқан видеосын көрген желі қолданушыларының кейбірі сынап-мінеп жатқанын алға тартты. Алайда студент Президентті жақыннан көру көпке бұйыра бермейтін бақ деп санайтынын атап өтті.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров