Молдова

Орташа айлық 200 доллар, бензин 755 теңге - Молдоваға сапар

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК/Бек ТӨЛЕУОВ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Молдовамен ойнау үшін Кишинев қаласына барғаны белгілі.

Футболшылармен бірге Экспресс К тілшісі де Шығыс Еуропаға жол тартқан болатын.

Арасында қолымыз қалт еткенде жергілікті халықпен сөйлесіп, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды сұрастырдық.

Украинадан ағылып жатқандар көп

Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайынан Кишиневке чартерлік рейспен ұшып келдік. Жол ұзақтығы — 6 сағат. Қызығы, Молдова астанасының әуежайы өте шағын екен. Сосын әуежайдан қонақ үйге жеткенше жүргізушіні әңгімеге тарттық. Бізді жеткізген жігіттің есімі — Вячеслав. Одан алдымен Украина жайлы сұрадық. Өйткені екі елдің ауылы аралас, қойы қоралас дегендей.

©ЭК/Андрей ХАЛИН©ЭК/Андрей ХАЛИН
©ЭК/Андрей ХАЛИН

Қақтығыс басталғалы Украина жақтан кеденнен қанша адам өткенін білмеймін. Бірақ өте көп. Кишиневте қалғаны бар, Румынияға өтіп кеткендері де жетерлік,

— дейді ол.

Украинаның Одесса қаласы Кишиневтен 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Былайша айтқанда, Нұр-Сұлтан мен Қарағандының арасындай. Келіп жатқандардың көбі осы Одесса тұрғындары дейді.

Вячеслав Молдова халқының саны жылдан-жылға азайып жатқанын айтты (2021 жылғы ресми статистика бойынша халық саны — 4 миллион адам). Өйткені елдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлығына байланысты көбі Еуропа жағалап кеткен. Әсіресе, жастар жағы кәрі құрлықтың түкпір-түкпірінде жүр дейді. Елдегі орташа айлық 200 доллар көлемінде көрінеді. Айтпақшы, Молдованың ұлттық валютасы лей деп аталады. Бір лейдің құны 27 теңгеге тең.

Сонымен қатар әңгіме арасында кейіпкеріміз Қазақстанға студент кезінде келгенін айтып қалды.

Кеңес одағында студенттерді құрылыс отрядтарына жіберетін. Менің жолым 1989 жылы Қазақстанға түсті. Әйтеуір Фрунзе деген ауылға барғанбыз. Бәлкім, қазір ол ауылдың аты ауысқан шығар,

— дейді ол.

1 литр бензин 755 теңге

Одан кейін ертеңінде таксимен шығып, қаланы араладық. Жүргізуші жол бойында бензин бағасын айтты.

PixabayPixabay
Pixabay

Бензиннің бір литрі 1.35 еуро (755 теңге) тұрады. Бәлкім біздің президентіміз жақсы өмір сүруді қаламайтын шығар (күлді — ред.). Ал Еуропада бензин тіптен қымбат. Парижде өкіл қызым тұрады. Содан білемін. Ол жақта 1 литр бензин 2,5 еуро,

— дейді таксиші.

Ал газ бағасы теңгеге шаққанда 500 теңге көлемінде болып шықты.

Пәтер бағасы қымбаттаған

©ЭК/Бек ТӨЛЕУОВ©ЭК/Бек ТӨЛЕУОВ
©ЭК/Бек ТӨЛЕУОВ

Украинадан ағылып жатқан халықтың нөпіріне байланысты Кшиневтегі пәтер бағасы өскен. Қазіргі кезде қаланың ортасынан 2 бөлмелі пәтер жалдау 450 еуро (252 мың теңге) тұрады.

Вакцинация паспортын сатып алу Молдовада да бар болып шықты

Қазақстанда жалған вакцинация паспорты 15 мыңнан басталып сатылғаны, тіпті бірнеше адам ұсталғаны белгілі. Біз мінген такси жүргізушісінің айтуынша, бұл жақта да 40-50 еуроға паспорт жасатып алғандар көп көрінеді.

© ИА REGNUM© ИА REGNUM
© ИА REGNUM

Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы Нұр-Сұлтан уақытымен 23:00-де Молдовамен Ұлттар лигасы аясында кездесу өткізеді.

Жалпы, көшедегі халықпен сөйлескенде, елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігінен шаршағандар көп екені байқалады. Бұрын Одақ тұсында ауыл шаруашылығы дамыған болса, қазір оның өзі баяғы қарқынынан айырылып қалыпты. Бір жақсысы, молдовандар Еуропа елдерінде 90 күн визасыз жүре береді. Сол мүмкіндікті пайдаланып, елден шығып кететіндер көп. Кейін тіпті жұмыс тауып, қалып қойып жатқандары жетерлік екен.

Сосын тіл мәселесі бұл жақта да бар. Жергілікті ұлтшылар молдован тілінде сөйлеу керектігін түсінідіріп, талас-тартыс болып тұрады. Ал жалпы халықтың көп бөлігі орыс тілін жақсы меңгерген.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров