Оралғайша Омаршанова

Серік "Голова" өлтірген журналистің психдиспансерге түсуіне не себеп? (жалғасы)

Ержан ШАЙЖАН

Коллаж ЭК

Бұрын хабарлағанымыздай, 2007 жылы із-түссіз жоғалып, 14 жылдан кейін сүйегі табылған журналист Оралғайша Омаршанованың күйеуі де 24 жыл бұрын жоғалып кеткен болатын. Марат Шәріпов әлі күнге дейін табылған жоқ. Мараттың әпкесі Гүлнар Шәріпова оны қасындағы жақын адамдар өлтірген дейді.

Экспресс К Гүлнар Шәріповамен сұхбаттың жалғасын назарларыңызға ұсынады.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

Экспресс К: Әңгімемізді әрі қарай жалғасақ. Қылмыстық істе қандай да бір жаңалық болды ма?

Гүлнар Шәріпова: Мараттың жоғалғанына 6-7 ай уақыт өтіп кетті. Қанша іздесек те таба алмадық. Өйткені біз Оралғайша мен Жанаттың айтқанына сеніп жүре бердік қой. Олар осылай уақыт созып келіпті.

Содан бауырыма қарыз болған Сейдахмет Нұрсейітовке бардық. Марат соған жолыққаннан кейін жоғалып кеткен еді. Біз Сейдахметке "Марат қайда? Сенен кейін ол із-түссіз кетті" дедік. Ол "Маратқа менің еш қатысым жоқ. Мен жақтан ол аман кетті" деді. Екеуі расымен жолыққан. Мұны ол мойындап отыр. Бірақ қарызын толық қайтармапты. Жарты ақшасын бергенін айтты.

Экспресс К: Оралғайша мен Жанаттың үстінен арыз түсірдім деп едіңіз. Олардың жағдайы қалай болды?

Гүлнар Шәріпова: Біз Оля (Оралғайша — ред.) мен Жанаттың үстінен арыз түсірдік дедім ғой. Содан кейін Жанатты полиция ұстап әкетті. Ал Оля Алматыға көшіп кетті. Талдықорғанның полициясы дұрыс жұмыс істеген жоқ. Біз шулатсақ қана іс сәл қозғалады да, одан кейін тоқтап қалады. Тергеушілер жиі ауысты. Іс қаншама адамның қолынан өтті. Бірақ нәтиже жоқ. Жанатты ұстағанымен, оны тез арада босатып жіберді.

Бір күні Оля "Бопсалап, ақша талап етіп, хат жіберіп жүргендерді білемін. Мараттың жоғалуына Берік Ахметов деген адам кінәлі" деді. Ахметов деген Мараттар пәтер жалдап тұрған үйдің иесі. Сөйтіп, біз әлгі пәтер иесіне барып, "сен кінәлі екенсің, жағдайдың қалай болғанын айт" дедік. Сөйтсек, ол "Маратты көрмегелі қашан, оған ешқандай қастандық жасаған жоқпын" деп шыр-пыр болды.

Экспресс К: Беттестіру болды ма? Оралғайша сол сәтте не айтты?

Гүлнар Шәріпова: Содан біз "Оралғайша сен туралы осылай деп айтып отыр, беттестіруге жүр" деп Берікті көлікке салып, өзімізбен алып кеттік. Біз ол кезде істі полициясыз, өзіміз зерттей бастадық. Өйткені олардан ешқандай көмек болған жоқ. "Іздеп жатырмыз" дейді де, жылы жауып қояды.

Сөйтіп, біз Оляға бардық. Оляға Берік "Қайдан шығардың сен ондай сөзді? Мен Маратқа қашан қоқаң-лоққы жасап едім? Екеуміздің сөзге келіп қалған кезіміз болды ма?" деп жатыр. Алайда бұл беттестіруден еш пайда жоқ еді. Өйткені ол кезде Оралғайша Талдықорғанның психдиспансерінде жатты.

Экспресс К: Оралғайшада сонда психикалық ауытқу болған ба?

Гүлнар Шәріпова: Мен дәрігермен жолығып "Оны бұл жерде неге ұстап отырсыз? Оның ақыл-есі дұрыс қой. Әлде ақша үшін осылай жасап отырсыз ба?" дедім. Дәрігер "Оралғайша кезінде суицид жасаған. Бізге жүгінгеннен кейін сау болсын, ауру болсын, оны жатқызуға міндеттіміз . Мен сізге жынды деп отырған жоқпын. Ол барлығын түсінеді. Енді суицид жасағаннан кейін біз психолиялық тұрғыдан көмек беруіміз керек. Сондай ойдан арылу үшін ем жүргізуіміз керек" деді.

Содан біз кері қайтып, тағы да полицияға арыз түсірдік. Олар "Жұмыс істейміз. Жаңалық болса айтамыз" деді.

Экспресс К: Марат әке-шешелеріңізді Талдықорғанға көшіріп әкетті дедіңіз. О кісілер бауырыңыз жоғалғанан кейін қайда қалды? Оралғайша сол уақытта не істеп жүрді?

Гүлнар Шәріпова: Марат жоғалғаннан кейін әке-шешеміз қайтадан Аягөзге көшіп келген болатын. Сол кезде әке-шешеме Оралғайшының туыстары қоңырау шалады. "Оля нашар,.Сүйегін қайда әкелейік. Сендер шығарасыңдар ма, әлде біз шығарамыз ба?" деді. Сірке суын ішіп уланғанын, өлетін болған соң ауруханадан шығарып тастағанын айтты.

Шешем "Енді менің ұлым жоғалып кетсе де, келінім болды ғой. Мен шығарайын. Бізге әкеліңдер" дейді. Содан 3 күннен кейін Оля өз аяғымен ағасы екеуі келіп тұр. Сірке суын ішкен адам іш құрылысы күйген, тамақ іше алмайтын, тіпті жүре алмайтын болуы керек қой. Ал ол кішкентай қызын көтеріп келді.

Біз шешемізге "Неге кіргіздің? Сенің балаңды жоғалтқан осы. Неге оны қоямыз дейсің? Үйіне қайтар" деп ренжідік. Сөйтіп, ол Аягөзде тұратын ағасының үйіне кетті. Бұлардың әке-шешесі ерте қайтыс болған.

Экспресс К: Оралғайшаның өз-өзіне не үшін қол салғанын өзінен сұрадыңыз ба?

Гүлнар Шәріпова: Оралғайшамен сөйлесейін деп, ағасының үйіне барсам, ол Талдықорғанға кетіп қалыпты. Содан мен ағасына "Мараттың жоғалғанына қаншама уақыт өтті. Біреуің келіп "күйеу баламыз қалай болды?" деп жағдаймызды сұраған жоқсыңдар. Баласы жоғалып отырған әкем мен шешемнің халін сұрамадыңдар. Ал қазір келесіңдер де "Оралғайшаны қоясыңдар ма?" деп айтасыңдар. Қыздарыңды өліп қалса да қоймаймыз" дедім.

Содан кейін құдалармен ат құйрығын кесістік. "Марат табылса, қосыла ма, жоқ па, өздері шешеді. Ал егер табылмаса, сендердің қыздарың да, өздерің де жоламаңдар" дедік. Ақырғы сөз осымен бітті.

Экспресс К: Полиция Маратқа қатысты қандай да бір жұмыс жүргізді ме?

Гүлнар Шәріпова: Бір күні Талдықорғанның полициясынан хабарласты. "Сейдахмет Нұрсейітов әйелін өлтіріп, түрмеге түсті. Егер арызды қайта жазамын десеңдер келіңдер" деді.

Мен бардым. Барсам, Маратқа қарыз болған адам түрмеге түсіпті. Мен "Ол кісімен 5 минутқа жолықтырыңызшы. Інім туралы сұрайын. Ол әйелін өлтірсе, менің бауырымды да өлтірген ғой" деп полиция бастығынан өтіндім. Өйткені балаларының анасын өлтірген адам үшін Марат ешкім емес қой.

Ана кісі қазақшылық жасап, мені Сейдахметпен жолықтырды. Содан мен сұрадым "Інімді сен өлтірдің. Ақша үшін өлтірдің немесе Олямен қандай да бір байланысың бар" дедім. Өйткені Марат жоғалғаннан кейін ақша да, қарыз да сол күйі жоғалды.

Сөйтіп едік, ана кісі атып тұрып, "Мен емес. Бәрібір дәлелдей алмайсың" деді. Осыны мен сотқа да, прокуратураға да жаздым. Бірақ онымнан түк шықпады. Кейін естідік, ол ақшамен бостандыққа шығып алыпты.

Экспресс К: Сонда іздеу жұмыстары ешқандай нәтиже бермеді ме?

Гүлнар Шәріпова: Мараттың көлігі қыркүйек айында Текеліден табылды. Бір үйдің жанына қойып кетіпті. Оның өзі бірнеше айдан кейін табылып отыр. Бірақ бұл көлікке ешқандай сараптама жасатпаған. Ішінде қан бар ма, жоқ па, тағы не бар, ол жағын ешкім тексермеген. Жуып-шайып қойғаннан кейін бір-ақ айтқан бізге. Сондай жағдай болды. Содан мен Сансызбаевқа (Талдықорған полициясының сол кездегі басшысы — ред) қайта бардым. "Мен әйелінен күдіктенемін. Неге қыспайсыздар? Неге сұрамайсыздар?" дедім.

Экспресс К: Оралғайша Омаршанова осы кезде қайда жүр еді?

Гүлнар Шәріпова: Ол кезде Оля Алматыға көшіп, "Дарын" универститетінде әдіскер болып жұмыс істеп жатыр екен. Жеңгесі сол жерге жұмысқа тұрғызыпты.

Мен Оралғайшаны сол универститетке іздеп бардым. Өйткені сол кезде Құндыз 1-сыныпқа баруы керек болатын. "Енді Мараттың артында баласы қалған жоқ. Асырап алса да соның атын шығаратын осы қыз ғой" деп бардым.Құндызды құттықтайын, осындай туыстары бар екенін біліп жүрсін, аралассын деген ой болды. Сөйтсем, шешесі Құндыздың туу туралы куәлігін жоғалтып алғаннан кейін оны өз атына шығарып алғанын айтты. Фамилиясын Омаршанова етіпті.

Экспресс К: Полиция сіздің арызыңыз бойынша Оралғайшаны мүлдем тергемеген бе?

Гүлнар Шәріпова: Үйге қайтып бара жатқада Талдықорғанға тоқтап, "Неге мына әйелді тергемейсіңдер?" деп, Сансызбаевтың алдына тағы кірдім. Ол Оралғайшаға полицияға шақырту қағазын жіберді. Сөйтіп, мен Алматыға қайта барып, Оралғайшаны Талдықорғанға алып келдік.

Тергеуші Олядан "Күйеуіңіздің жоғалғанына біршама уақыт болды. "Іс қалай жүріп жатыр" деп бір рет те алдыма келіп сұраған жоқсыз. Сонда сіз жолдасыңыздың жоғалғанына өкінбейсіз бе?" деп сұрады. Оралғайша үндеген жоқ. Сосын Олядан шамалы жауап алды да, қоя берді.

Экспресс К: Оралғайша журналистикаға қалай келді?

Гүлнар Шәріпова: Содан Оля журналистикаға кетіп, криминалдық тақырыптарды жаза бастады. Түрлі мақалалары шығып жатты. Біраз уақыттан кейін осы Оралғайшаның жоғалғаны туралы мақала шықты. Шынын айту керек, біз оның жоғалғанына сенбедік. Мен ол шынында да неше түрлі алаяқтық жасап үйренді ғой, бізден құтылу үшін тегін ауыстырып, басқа атпен жүрген шығар деп ойладым. Бұл 2007 жылы болатын.

Сол кезде маған Оляның бауыры Жанат хабарласты. "Оля жоғалып кетті. Құндыз екеуміз Астанадамыз. Құндызды сіздерге апарып тастасам қайтеді?" деді. Мен әкел деп, мекен-жайымды айттым.

Біраз уақыт өткеннен кейін Жанат әке-шешеме барып, баяғы "Маратты осында ұстап отыр екен. Ақша сұрап жатыр" деп келеді. Бұл кезде Мараттың жоғалғанына 10 жыл өтіп кеткен еді.

Бауырым "Маған Мараттың "тірімін, маған осынша ақша төлеп құтқарыңдар" дегенін өз аузынан жазып әкел. Сонда сұраған ақшасын береміз" дейді. Жанат содан кейін тағы жоғалып кетеді. Бізді осылай бірнеше рет бопсалап, өтірік айтып, баланы да ортаға салып көрді.

Экспресс К: Оралғайшаның өлімін Серік "Голова" мойнына алды. Мараттың жоғалуына сол Серік Жаманаевтың қатысы бар деп ойлайсыз ба?

Гүлнар Шәріпова: Оралғайшаны сол Серік "Голова" өлтіріпті дегеннен Мараттың жоғалуына да оның қатысы болуы мүмкін деген ой келді. Өйткені Оляның бауыры Жанат түрмеде жүрген кезде Жаманаевпен есірткі бойынша байланыста болуы мүмкін.

Оралғайша інісін түрмеден шығарып алғаннан кейін криминалдық ортаға түсті. Ол солардың ықпалымен журналист болды.

Қалай болғанда да, Серік "Голова" Мараттың жоғалуына қатысты бір нәрсені біледі деп ойлаймын. Өйткені ол Оралғайшамен жақын қарым-қатынаста болған. Оля Жаманаевты күйеуіне қатысты мәліметті айтамын деп бопсалады ма екен, кім біледі? Әйтпесе, адамды босқа өлтіру мүмкін емес қой.

Жалғасы бар...

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров