Шоу-бизнес

Кәсібі тоқтағанда бүркеніп, орамал тағатын әншілерді Құдай қарғайды - сазгер

Лаура БИҒАЛИ

instagram.com/asha_matai / Қалдыбек Құрманәлі

Шоу-бизнестегі қыз-келіншектер соңғы уақытта хиджап киюді сәнге айналдырған.

Белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлі олардың екі жағдайда ғана басына орамал тағатынын Экспресс К тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның ойынша, бұған бірінші себеп — әншінің тойға мүлдем шақырылмай қалуы. Ал екінші жағдай — бизнесі жүрмей, ақшадан тарығуы.

Олар хиджап кию арқылы аңқау жұрттың аяушылығын тудыруға тырысатын көрінеді. Кейін жағдайлары түзелген соң орамалдарын оп-оңай шеше салады екен. Бүгінде хиджаптан бас тартқан әншілердің қатарында Алтынай Жорабаева, Роза Әлқожа мен "KeshYOU" тобының экс-әншісі Ақбота Сейітмағанбет бар.

Хиджапты ойыншық қылған өнер иелерін сазгер сынап тастады.

"Хайп қуып хиджап кисе де, орамалмен ойнамаңдар" деп айтқым келеді. Құдайдан қорқу керек. Құдай "қазақ" деген халықты жаратты. Сонымен қатар біздің дінімізді, салт-дәстүрімізді де жаратты. Әншілер жарнама жасап бәрін сатып аламыз деп ойлатын шығар. Олар енді Құдайды да алдағысы келеді. Түбінде оларды Құдай қарғайды. Кезінде орамалды қазақтың аналары кіршіксіз аппақ көңілмен тағатын еді. Қазір кім көрінген тағады. Дінге бет бұрдық деп орамалды бірде киіп, бірде шешуге болмайды. Мазақ қылғандарды Құдай ұрады. Орамалды ойыншық еткендердің көбі — кезінде қара нанға зар болып жүрген бейшаралар. Текті жерден шыққандар бұндай қадамға бармас еді", — дейді сазгер Қалдыбек Құрманәлі.

Жақында әнші Аша Матай әріптесі Мөлдір Әуелбековаға еліктеп хиджап киген еді. Алайда оның мұсылман киімін тек суретке түсу үшін ғана кигені белгілі болды. Дәл сондай әрекетті Ерке Есмахан да жиі жасайды.

Экспресс К бұған дейін Қазақ эстрадасындағы қыздардың 90 пайызы жезөкше дегені үшін сазгерді бір топ әнші сотқа бергелі жатқанын жазды. Ал Қалдыбек егер олар сотқа берсе, жезөкше әншілердің атын атайтынын айтты.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров