Зорлық-зомбылық

Әйелін әдейі күйдірген ақтөбелік оған жедел жәрдем шақыртпай қойған

Кәмшат ҚОПАЕВА

facebook.com/dina.tansari.kz

Ақтөбе тұрғыны әйелі жасаған тамақты ұнатпай, оны күйдіріп тастаған.

Бұл туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрі өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Экспресс К.

Оқиға 13 наурыз күні кешкі уақытта болған. Ер адам әйелінің жасаған тамағын ұнатпай, үстелді төңкеріп тастайды. Қайнап тұрған шәйнек төменде отырған әйелдің үстіне құйылады. Ыстық су әйелдің іші, кеудесі мен аяқ-қолын күйдіріп тастаған. Қатты күйік шалған әйел екі күн қозғала алмады. Ал күйеуі жедел жәрдем шақыртқызбай, "аяқ-қолыңды сындырамын" деп қорқытқан. Осының барлығы үйдегі балалардың көзінше болған. Олар әбден қорқып қалыпты.

Азапташуы жұмысқа кеткен кезде ауырсынуға шыдамаған әйел жедел жәрдем шақырды. Ауруханаға полиция келгеде әйел арыз жазудан бас тартты.

Ал дәрігерлер оның екінші дәрежелі күйік шалғанын, толық емделіп кетуі үшін кемі екі ай керектігін айтады. Әйелдің алты баласы бар. Үлкені 14-те болса, кішісі бір жаста.

Дина Таңсәрі зорлық-зомбылық жасаған адамның жауапкершілікке тартылу керектігін жазған.

Аталған мәселе бойынша облыстық Полиция департаментіне хабарластық.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 наурыз күні 102 телефонына күйік шалған әйелдің ауруханаға жатқызылғаны туралы хабар түседі. Әйел өзінің абайсызда күйіп қалғанын айтқан.

Алайда әлеуметтік желідегі Дина Таңсәрінің парақшасындағы ақпараттан кейін қосымша тергеу жүргізілді. Нәтижесінде отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері анықталды. Бірақ жәбірленуші полицияға да, медициналық мекемеге де бұл туралы шағымданбаған. Соңғы оқиға бойынша, яғни күйеуінің кінәсінен күйік шалғаны туралы арыз түсірді.

Қазіргі таңда №4 Ақтөбе қалалық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның мән-жайы тексеріліп, қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Кінәлі адам ұсталды. Ал балаларға қатысты шара қабылданып жатыр.

Облыстық полиция департаменті отбасында зорлық-зомбылық көрген адам 102 телефонына немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарласуы керектігін ескертеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров