Футбол

Қазақстан құрамасы 1,5 жылдан кейін сырт алаңда жеңіске жетті

Бек ТӨЛЕУОВ

© kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы аясында Молдова құрамасын жеңді.

Бүгін Кишинев қаласындағы "Зимбру" стадионында өткен алғашқы ойын 2:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Экспресс К.

Ойынға қысқаша тоқталып өтсек, бірінші таймда алаң иелері көбірек шабуылдап, Игорь Шацкий қорғаған қақпаны жиі мазалаумен болды. Әсіресе, бірінші кезеңнің соңғы минуттарында қарсылас команданың шабуылдары үдей түсті. Бір-екі қауіпті сәттерді қорғаушы Александр Марочкин құтқарып қалды. Ал төреші қосқан қосымша бір минутта Израильдің "Маккаби Петах-Тиква" командасында ойнайтын шабуылшы Ион Николаеску матчтағы алғашқы голды соқты. Сөйтіп, командасын алға шығарды.

Үзілістен кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Андрей Карпович ойыншы ауыстырды. Орталық алаңда өнер көрсеткен Думан Нәрзілдаевтың орнына Айбол Әбікенді шығарды. Осыдан кейін ойынға сәл қан жүре бастағандай болды.

Сирек болса да, біздің жігіттер шабуылдай бастады. Сондай шабуылдар кезінде Молдова футболшылар ойын тәртібін бұзып, Карпович шәкірттері стандарт орындауға мүмкіндік алды. Айып добынан кейін қорғаушы Сергей Малый есепті теңестірді. Бұл ойынның 64-минуты болатын.

Одан кейін алаң иелері қанша шабуылдағанымен, Игорь Щацкий қақпасынан саңылау таба алмады. Есесіне, біздің жігттер ерледі.Ойынның 79-минутында молдовалық қорғаушы Посмак өз қақпасына гол соғып алып, есеп 1:2-ге жетті.

© kff.kz© kff.kz
© kff.kz

Осылайша, Қазақстан құрамасы араға 1,5 жыл салып, сырт алаңда жеңіске жетті. Соңғы рет біздің құрама сырт алаңда 2020 жылдың 4 қыркүйегінде Литвадан басым түскен.

Енді Қазақстан мен Молдова арасындағы қарымта матч 29 наурызда "Астана Арена" стадионында өтеді.

Молдова — Қазақстан — 1:2

Голдар: Ион Николаеску 45+1 — Сергей Малый 64, Вячеслав Посмак 79 (автогол)

Молдова: Станислав Намашко, Олег Рябчук, Вячеслав Посмак, Вадим Болохан, Даниэл Думбравану, Иоан-Кэлин Ревенко — Артур Ионица (К), Михай Платика (Раду Гынсарь, 76), Вадим Раце — Михаил Каймаков, Ион Николаеску;

Қазақстан: Игорь Шацкий, Гафуржан Сүйімбаев, Нұрәлі Әліп, Сергей Малый, Александр Марочкин, Марат Быстров, Асхат Тағыберген (К) (Абзал Бейсебеков, 84), Думан Нәрзілдаев (Айбол Әбікен, 46), Владислав Васильев (Айбар Жақсылықов, 65) — Бактиер Зайнутдинов, Алексей Щеткин (Роман Муртазаев, 64);

Рефери: Тасос Сидиропулос (Грекия);

Кишинёв, Молдова, "Зимбру" стадионы.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров