Әкім

"Өзім білмеймін". Әкім орынбасары елді шулатқан жазбасы туралы айтты

Арман ТОРҒАЙҰЛЫ

facebook

Whatsapp мессенджеріндегі статусында "Я за Z" деп жазба жариялаған шенеунік мәселенің мән-жайын түсіндірді.

Қостанай облысы Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхамет Бидашев бұның кездейсоқ қателік екенін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

"Бұл — 22 наурыз күні кешкі сағат 8-9 шамасында болған оқиға. Ұялы телефонымды балаларым ойын ойнауға сұрап алған. Бір кезде дос-жарандарым қоңырау шалып, статусымда әлгі жазба тұрғанын айтты. Өзім білмеймін. Шамасы, кішкентай балалар бірдеңені аңдаусыз басып жіберсе керек. Дереу өшіріп тастадым. Әйтпесе, айдаладағы Украина мен Ресей туралы әлдене жазу түсіме де кірмепті. Оның үстіне, мемлекеттік қызметкер болғандықтан, әдеп дегенді жақсы білеміз ғой", — дейді Дінмұхамет Бидашев.

Әкім орынбасары бұның жаңсақтық екенін тиісті құзырлы органдарға өзі бірінші болып хабарлағанын айтады. Ол Ақшығанақ ауылдық округінің әкімі Жарқын Сабыржановтың телефоны арқылы тараған масқара жазбадан да хабардар екен.

"Ол кісі де аң-таң. Жасы 60-тың арғы-бергі жағындағы ағамыз ғой. Біріншіден, кейінгі буынға үлгі болып жүрген азамат осындай қылыққа барады дегенге кім сенеді? Екіншіден, әлеуметтік желінің тілін жөнді біле бермейтінін, статус қоя алмайтынын айтып отыр. Демек, ол кісінің басындағы жағдай менікіне ұқсас болып тұр ғой", — дейді әкім орынбасары.

Бұған дейін торғайлық қоғам белсендісі Ербол Бекбосын Facebook желісіндегі жеке парақшасында Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары "Я за Z" деп жазса, Ақшығанақ ауылдық округінің әкімі сексуалды мазмұндағы жазба жариялағанын әшкере еткенін жазған едік.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров