Мұнай

Энергетика министрі Каспий құбыр желісіндегі апатқа байланысты мәлімдеме жасады

Аян АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Болат Ақшолақов / © КТК

Еліміздің Энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр желісіндегі апатқа қатысты жақсы жаңалығын айтып, Қазақстан үшін аса қатты шығындар болмайтынын жеткізді.

Оның айтуынша, қазір КҚК-да айлақта зақымданған құрылғылардың бірі қайта іске қосылып жатыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Министрдің айтуынша, Каспий құбыр желісіндегі айлақта 3 құрылғы бар. Соның үшіншісі зақымданып, жұмыс толық тоқтап қалды. Осыған қоса екіншісінде де апаттық жағдай байқалған еді. Ал бірінші құрылғы барлық жағдай анықталғанша қауіпсіздік үшін тоқтатылды. Яғни, біздің мұнай өндіруші компаниялар бірнеше күн жинақтаушы парктерге жұмыс істейді. Егер жөндеу жұмыстары созыла берсе, онда отандық ең ірі 3 кен орны мұнай өндіруді азайтады.

Жақсы жаңалық та бар. Бүгін ресейлік әріптестестерден бірінші құрылғы жұмысын қайта бастайды деген ақпарат келді. Сондықтан біз көп шығынға батпаймыз. Ауа-райы да жақсарып, танкерлер мұнай тасымалын қайта бастайды деп сенеміз,

— деді министр.

Оның айтуынша, Каспий құбыр желісіндегі қалған екі құрылғы 3 апта жөнделіп бітеді деген болжам бар. Сондай-ақ министр "Қашаған" кен орны 2 айға тоқтап қалды" деген ақпаратқа жауап берді.

"Қашаған" кен орны жөндеу жұмыстарына байланысты 2 айға тоқтап қалды деген жоқ. Жоспарлы жұмыстар жазда болады. Кен орны қазір штатты режимде жұмыс істеп тұр. КҚК-дағы бір құрылғының өзімен жұмысты жалғастыра беруге болады,

— деді Болат Ақшолақов .

Бұдан бөлек Энергетика министрі "Каспий құбыр желісін мұнайды Еуропаға жеткізбеу үшін әдейі зақымдады" деген ақпаратқа жауап берді.

Біз диверсия, құрылғылар әдейі зақымдалды деген нұсқаны мүлдем қарастырып жатқан жоқпыз. Ол жерде техникалық ақаудан басқа ешқандай мәселе жоқ,

— деп қысқа қайырды министр.

Біз бұған дейін Каспий құбыр желісі апатқа байланысты жұмысын уақытша шектелгені туралы жазған едік.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров