Имам

"Имам күйеуім - тиран". Түркістан облысында 6 баланың анасы араша сұрайды

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

© Islam

Түркістан облысында тұратын 35 жастағы келіншек қорғансыздың күнін кешіп отырмын деп араша сұрайды. 6 баланың анасының айтуынша, күйеуі ауылдағы мешіт имамы.

Гаухар Жұмаділда күйеуі екі баласымен үйінен қуып шығып, 4 баласын бермей отырғанын алға тартты. Ал имам күйеуі не дейді? Экспресс К тілшісі араша сұраған келіншек пен оның күйеуінің пікірін біліп көрді.

Гаухар Жұмаділда/жеке мұрағат

Отырар ауданының тұрғыны Гаухар Жұмаділда 23 жасында тұрмысқа шыққан. Отасқандарына биыл — 12 жыл. Алғашында ата-ененің қолында тұрған келіншек бөлек шыққан соң күйеуім мінез көрсете бастады дейді. Тіпті қол көтеріп, тепкінің астында қалдым деп отыр.

"Күйеуім Арабияда оқып келген. Қазір Темір ауылындағы мешіттің бас имамы. Ана-енеммен бірге тұрған кезде күйеуім үйіндегілермен жиі жанжалдасатын. Ханафи мәзхабын ұстанамын деп айтып жүреді, бірақ іс-әрекеттері сәлафтардың тірлігі. Біздің салт-дәстүрмен жүрмейді. Қайын інім үйленген кезде беташарына қарсы болды. Өзімнің де беташарым, той болған емес. Балдарға да бесік той жасаған емес. Тіпті ата-енеме сәлем салдырмайды. "Сәлем салсаң, ажырасамын" деп талап қойған", — деді көпбалалы келіншек.

Келіншек "үй боп кетеміз" деген үмітпен күйеуімнің бүкіл талаптарына көндігіп келдім деп отыр. Алты баланың анасының айтуынша, жыл өткен сайын күйеуінің мінезі өзгере бастапты.

"Күйеуім мені қоғамнан алшақ ұстады. Үйден шығармайды, ешкіммен араластырмайды. Үйден шығарда есікті құлыптап кетеді. 8 жыл үйден шықпадым. Кейін балалар мектепке барғанда сабаққа апарып-әкеліп жүрдім. Сол кезде артыма адам салып, шәкірттері, достары аңдып жүретін. Бәрін бақылауда ұстайды. Күйеуім деп оған да көндім. Балаларға берілетін жәрдемақына да өзі алады. Менің атымнан шот аштырып алғанын жақында білдім", — деді ол.

Келіншек соңғы кезде әкесі балаларын өзіне қарсы қоятынды шығарды деп отыр.

"Мен анасымын, балаға әке де, ана да жақын болуы керек" десем, ұрысып шығады. Балдарды алып қойып, көрсетпеймін дегенді айтады. Қаншама рет ұрып-соғып, тепкілесе де үнсіз келдім. Қорғансыздың күйін кештім. Қаңтар, ақпан айларында кезекті жанжал болғанда полиция шақырдым. Ешкім келмеді. Ұрып-соғатынын әкеме, ағаларыма айтқанмын. Олар үйге келіп, басу айтып кетеді. Әкем "10 жыл шыдасаң, жасы да келеді. Жеңіледі" деп күйеуіме жығып берді. 6 баламмен кімнің үйіне сыямын? Өз анам бақилық болған, өгей шешем кіргізбеймін деп отыр", — деді келіншек.

Гаухар Жұмаділда күйеуі балаларын дәрігерге қаратуға үзілді-кесілді қарсы дейді. Балаларға екпе де салдырмайды, өзі дем салады дегенді айтты. Осыдан біраз жыл бұрын ұлының басына жара шығып, қатты асқынып кеткен екен. Күйеуі қажылыққа кеткенде дәрігерге қаратып, дер кезінде емдетіпті. Ал наурыздың 4-і күні болған кезекті жанжалдан соң шыдамы таусылғанын айтады.

"Балаларды балабақшаға берейік дедім. Қарсы болды. Мен де әйелмін ғой, балалар кішкене өссін деп "спираль" салдырдым. Оны естіген күйеуім "Рұқсатсыз неге шығасың? Тумайтын қатын керек емес" деп екі баламды қолыма ұстатып, үйден қуып шықты. Тиран күйеуімнен бостандыққа шыққан қорғансыз анамын. Қазір әпкемнің үйін паналап отырмын", — дейді ол.

Келіншек заңды түрде ажырасу үшін сотқа арыз түсіріпті.

Гаухар Жұмаділда/жеке мұрағат

Бірақ, күйеуі балаларын алып қояды ма деп қорқады. Гаухар Жұмаділда "күйеуім жат ағымдағы адам" деп, ауданның бас имамынан көмек сұраған екен.

Экспресс К тілшісі көпбалалы ананың жанайқайы туралы ауданның бас имамының өзінен сұрап білді.

"Ол кісінің маған келгені рас. Баспана сұрады. "Мүмкіндік болып, демеушілер шығып жатса, өзіңізбен байланысамын" деп шығарып салдым. Кейін мен оның күйеуін шақырып, сөйлестім. Анықтадым, кемшіліктің көбі келіншектің өзінде сияқты. Әке-шешесі де риза боп жатқан жоқ екен. Төрехан Сейілхан (келіншектің күйеуі: автор) ешқандай да жат діннің адамы емес. Білікті, сауатты имам. Қаншама жылдық тәжірибесі бар. Ислам дініне қайшы келетін әрекеттерін байқаған емеспін. Бізде имамдар тұрақты түрде аккредитациядан өтіп тұрады", — деді Отырар ауданының бас имамы Ғани Дербісбай.

Экспресс К тілшісі келіншектің күйеуінің өзімен де тілдесті. Оның айтуынша, әйелінің айтып отырғандары шындыққа жанаспайды. Қайта керісінше, жұбайы балаларын ұрып-соғып, көк ала қойдай етіп сабап келген екен. Оны байқаған күйеуі қыздың ата-анасын шақырып, мән-жайды өзара шешпек болыпты.

"Айтып отырғанының бәрі ақылға сыймайтын әңгіме. Әйелге қол көтеретін әдетім жоқ. Ажырасуға арыз түсіріпті. Бүгін сот отырысы болуы керек еді, бірақ ол келмеді. Оның үстінен арыз жазу керек. "Қинау", "Балаларға зорлық-зомбылық көрсету" бабы бойынша іс қозғалайын деп тұр. Балаларға тыныштық бермейді. Күш көрсетеді, қинайды. Балдарды сабағанда арқасында қалған іздеріне дейін тұр. Балалар да айтып отыр оны. Менде дәлелдер жетеді",— деді Гаухардың күйеуі.

Ол әйелім үйден өзі кетті, қуып шыққаным жоқ деп отыр.

"Мен оны үйден қуып шыққаным жоқ. Екі баланы алып, өзі кетті. Заттарын жинап, кетіп жатқан сәтінің видеосы бар... Төрт бала бармаймын деп отырса, мен не істеуім керек? Балаларды енді оның қолына ұстатпаймын деп отырмын. Себебі ана болуға лайықты адам емес. Баланы ұрып, тепкілеген адам қалай ана болады? Ондай адамды аналық құқығынан айыру керек. Оны аудандық деңгейдегі сот шеше алмаса, облыс, тіпті Жоғарғы сотқа дейін барамын", — деді имам.

Сондай-ақ дін өкілі әйелінің үйде қамап ұстады дегенін де жоққа шығарды. Себебі көрші-қолаң бәріне куә екен. Ал жат ағымдағы адам деген сөзі барып тұрған жала дейді ол.

"Мен керісінше, теріс діннің жетегінде кеткендерді тура жолға салушы теологпын. Діни басқармада істеймін. Ауылдан бөлек, ауданның бас имамының орынбасарымын. Жақында ғана Қазақстан бойынша дін өкілдері арасынан іріктеліп, Египетте терроризм мен экстремизмге қарсы квалификациядан өтіп келдім. Біздің әрбір қимылымыз, сөзіміз тексеріледі. Тұрақты түрде тексеруден өтіп тұрамыз. Сондықтан теріс бағытта деп айыптаудың өзі — қылмыс. Ол бойынша тағы бір іс қозғалады. Адам айтқанда да дерекпен сөйлеуі керек", — деді ол.

Төрехан Сейілхан мемлекеттен беріліп келген жәрдемақы балаларға жұмсалғанын алға тартты. Ал ата-енеге сәлем салдырмайды дегені де қып-қызыл өтірік дейді. Себебі ата-анасының бақилық болғанына біраз жыл өтіпті.

Ал алты баланың анасы болса, күйеуімді кешірмеймін деп бекініп отыр. Өйткені мұндай жағдай бұған дейін де бірнеше рет қайталаныпты. Енді Гаухар Жұмаділда заңды түрде ажырасып, өзін қорғайтын адвокат жалдау үшін қаражат таппай отыр. Экспресс К редакциясы арқылы ақысыз қызмет көрсетуге келісетін қорғаушы іздейді. Сонымен қатар баспана мәселесіне қол ұшын созатын қайырымды жандар табылса екен деген тілегін де жеткізді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров